3 млн теңгеден 30 грант. «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына өтініш қабылдау басталды

26 Қыркүйек 2023, 17:35 1757

Мәдениет және ақпарат министрлігі Мемлекет Басшысы тағайындаған «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына конкурс басталғаны туралы мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

2023 жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары» бойынша 3 млн теңгеден 30 грант берілетін болады.

Мақсат – белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған жастардың жаңа және қолданыстағы бастамаларын мемлекет тарапынан қолдау.

Конкурсқа Қазақстан Республикасының он төрт жастан бастап, отыз бес жасқа дейінгі азаматтары үміткер бола алады.

Гранттар 5 бағыт бойынша беріледі:

1) «Ғылым» – ғылымның басым секторларында жаңа ғылыми жобаларды және зерттеулерді іске асыруға арналған;

2) «Мәдениет» – Қазақстанның мәдени мұрасын танымал етуге, халықтық мәдени дәстүрлер мен өнерді ілгерілетуге бағытталған жобаларды іске асыруға арналған;

3) «Ақпараттық технологиялар» – жаңа IT шешімдер мен жобаларды, оның ішінде жаңадан басталған стартап жобаларды іске асыруға және әзірлеуге арналған;

4) «Бизнес» – экономиканың басым секторларында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған;

5) «Медиа» – жаңа медиа жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контент құру жөніндегі жобаларды іске асыруға арналған.

Үміткерлердің конкурстық өтінімдері ағымдағы жылғы 26 қыркүйектен – 26 қарашаға дейін электрондық нұсқада  t.urpaktary2023@gmail.com поштасы арқылы қабылданады.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: