28.10.2025
11:12
581
282 км/сағат жылдамдық: Ямайкаға 2025 жылдың ең қауіпті дауылы жақындап келеді

282 км/сағат жылдамдық: Ямайкаға 2025 жылдың ең қауіпті дауылы жақындап келеді

Ямайкада биылғы жылдың ең жойқын дауылына дайындық жүріп жатыр. Қазірдің өзінде үш адам қаза тапқан. Америкалық метеорологтар «апатты әрі өмірге қауіп төндіретін» ауа райы жағдайлары туралы ескерту жасады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

«Мелисса» – бесінші, яғни ең жоғары санаттағы дауыл. Желдің жылдамдығы сағатына 175 мильге (шамамен 282 км/сағ) жетеді. Сарапшылардың айтуынша, дауыл күшейіп, сейсенбі таңында Кариб теңізіндегі Ямайка аралына соқпақ. Бұған дейін Гаити мен Доминикан Республикасында да төрт адамның қаза тапқаны хабарланды.

Мамандардың мәліметінше, дауылдың баяу жылжуы ұзаққа созылған нөсер мен лай көшкіндерінің қаупін арттырады.

АҚШ-тың Ұлттық дауылдар орталығы (NHC) хабарлағандай, «Мелисса» – 2025 жылғы әлемдегі ең күшті дауыл. Егер ол қазіргі қуатын сақтаса, 1851 жылдан бері Ямайкаға жеткен ең қуатты ураган болмақ.

Ямайканың Денсаулық сақтау министрлігі дауылдан болған үш өлім жағдайын растады.

Орталық директоры Майкл Бреннан:

Үйлеріңізден шықпаңыздар, қауіпті сел мен лай көшкіні болуы мүмкін. Дауыл аралдың үстінен өткен соң жел жылдамдығы одан әрі артады, - деп тұрғындарды ескертті.

Ұйым мәліметінше, кей аймақтарда төрт күн ішінде 1 метрге дейін жауын-шашын түсуі ықтимал.

Дауылдың баяу қозғалысы оның қаупін арттыра түсті. Бұл ­– табиғи апат деңгейіндегі оқиға, – деді NHC директорының орынбасары Джейми Роум.

Ямайка билігі Кингстонның бірнеше ауданында эвакуация жариялады. Елдің білім министрі Дана Моррис Диксон BBC-ге берген сұхбатында былай деді:

Қазан айы бойы жауын тоқтаған жоқ, жер ылғалды. Біз ауқымды су тасқыны мен таулы аймақтарда көшкін болады деп болжап отырмыз.

Билік ел аумағындағы 881 эвакуациялық орталықты іске қосты.

Сонымен қатар дауыл ортасында мәлімет жинап жүрген Hurricane Hunter ұшағы қатты турбуленттіктің салдарынан миссиясын тоқтатуға мәжбүр болған.