Туризм – тек қана демалыс пен саяхат емес, ол елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды сала, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл бағыт мемлекетке табыс әкеліп қана қоймай, көлік, құрылыс және қызмет көрсету сынды өзге де салалардың өркендеуіне ықпал етеді. Туризмнің дамуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, инфрақұрылымның жетілуіне және елдің халықаралық имиджінің нығаюына жол ашады.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2024 жылы Қазақстанға 1,3 миллион шетелдік турист келген. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 19%-ға жоғары. Мұндай өсім Қазақстанның туризм саласына деген қызығушылықтың артып келе жатқанын айқын көрсетеді.
Жағымды өзгерістер халықаралық деңгейде де мойындалуда. Дүниежүзілік экономикалық форумның Саяхат және туризмді дамыту индексінде Қазақстан 119 елдің ішінде 52-орынға тұрақтады. Бұл 2021 жылғы нәтижемен салыстырғанда алты сатыға жоғары. Айта кетерлігі, Қазақстан осы көрсеткіш бойынша Орталық Азиядағы көршілерінен алда тұр: Өзбекстан – 78-орын, Тәжікстан – 99-орын, Қырғызстан – 102-орын.