"260 мешіт салынып жатыр". Сенатор бала тәрбиесіне алаңдаулы екенін жеткізді

30 Қараша 2023, 15:10 1313

Сенат депутаты Руслан Рүстемов жастар тәрбиесі мен олардың бойына руханиятымыз бен салт-дәстүрімізге негізделген құндылықтарды сіңіру мәселесіне қатысты Үкімет басшысына сауа жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутаттың айтуынша, заман дамып, технология алға озған сайын, біздің балаларымыз салт-санамыздан, өмір салтымыздан алыстап барады. Себебі біз олардың күнделікті тіршілігін, айналасын, тұтынатын контенттерін төл руханиятымызға сабақтай алмай отырмыз.

Жапонның түрколог ғалымы Наката Юконың «Біздегі ең үлкен миф ол Жапон императоры құдайдан туды деген миф, біз оған тиіспейміз, өйткені ол біздің рухани матрицамыз, Жапония осындай киелі құндылықтардан бастау алады» деген сөзі бар. Біздің қоғамға да бүгінгі таңда жетпей жатқаны осы деп ойлаймын. Біздің мұндай қасиетті ұғымдарымыздың бастауы – фольклор, жыр, дастан, ертегі, қиссаларымызда. Бұл құндылықтарды біз балаларымыздың бойына ерте бастан қондыра білсек, олар ешқандай жат ағымдарға илікпейтін діңгегі берік, рухы асқақ, мызғымас тұлға болып қалыптасары сөзсіз. Алайда, біз оларға осындай дәстүрлі танымды сіңірудің алғышарттарын жасай алмай отырмыз деп санаймын, - дейді депутат.

Сенатор отбасы институтының қағидаты берік кезде осы құндылықтар ата-әжелеріміздің айтқанымен бойға дарығанын атап өтті.

Бұл контенттер арқылы жақсылық пен жамандықты, мейірімділік пен жауыздықты, ізгілік пен озбырлықты айыратын танымды сіңірдік. Соның арқасында батылдыққа, елдікке, әлсізге көмекке ұмтылатын асқақ ұғымдарға үйір болдық. Ал бүгінде ше? Бүгінгі таңда бала тұрмақ, жас ата-аналардың басым көпшілігі бұл құндылықтарды игере алмай отыр. Олардың түсінігінде бала тәрбиелеу – тек, оны ас-су, жылы орын, киім-кешек тағы басқадан мұқтаж етпей өсіру болып қалды. Ал баланың әлемді тануға ұмтылатын рухани болмысы бар тұлға екенін ойлау кемшін түсуде. Бұл өте алаңдатарлық тенденция, - деді сенатор.

Депутат мәселені шешудің бірнеше амалын ұсынды:

Бірінші, балалар санасында еліктеушілік тудыратын батыр бейнелерді қалыптастыруымыз керек. Біз ұлттық-фольклорлық жыр дастандарымыздағы Алпамыс, Ер Төстік, Қобыланды, Ер Тарғын және ел қорғаған – Бөгенбай, Қабанбай, тағы басқа батырлардың, сондай-ақ Саққұлақ, Көлтауысар, Таусоғар сынды кейіпкерлердің бірегей бейнесін жасай алмай келеміз. Бұл кейіпкерлер кітаптарда, анимациялық фильмдерде автордың қиялына сәйкес әр түрлі бейнеленіп жүр. Сондықтан оларды балалар танымайды, еліктемейді. Осы ретте Мәдениет және ақпарат министрлігі кейіпкерлердің бір бейнесін анықтап, оны барлық ақпараттық арналар арқылы насихаттауды және шығармашылық ұйымдар мен авторларға тек сол бейнелерді ғана пайдалануды міндеттеу бойынша шаралар қабылдауды қолға алуы қажет деп санаймын.

Екінші, бізде әлі де ұлттық контент жеткіліксіз, тіпті өте аз деуге болады. Содан болар, балалардың тілі өзге тілде шығып, таным-түсінігі қалыптасуда. Бұл ұлттың келешегі үшін өте қауіпті құбылыс. Сол себепті, ұлттық контент қалыптастыруға стратегиялық деңгейде маңыз беріп, ұлттық кейіпкерлеріміз бен жыр-дастандарымызға негізделген шығармашылық өнімдерді субсидиялау мүмкіндіктерін қарастырған жөн.

Үшінші, театрларға жүйелі қолдау қажет. Бізде бүгінгі таңда балалар театры мен қуыршақ театрлары жоқтың қасы. Бүгінгі таңда республика бойынша бар болғаны 7 балалар мен жасөспірімдер театры, 7 қуыршақ театры бар. Алайда, бұлардың барлығы тек облыс орталықтарында орналасқан. Аудандық деңгейлерде қуыршақ театрлары тіпті жоқ. Сондықтан өңірлерде балалар театрлары мен қуыршақ театрларын ашудың мемлекеттік- жекеменшік әріптестік тәсілдерін қарастыру аса маңызды.

Бүгінгі таңда республика бойынша шамамен 260 мешіттің құрылысы жүріп жатыр екен. Олардың барлығы жеке кәсіптегі азаматтардың, спонсорлардың көмегімен салынуда. Әрине біз мешіт салуға қарсы емеспіз, десек те жергілікті атқарушы органдар кәсіпкерлерді мәдени ағарту нысандарын салуға да үндеуі, оның болашақ ұрпақ үшін маңыздылығын түсіндіруі керек деп ойлаймын.

Төртінші, балалар театрларының, қуыршақ театрларының репертуарында ұлттық фольклорымызға негізделген қазақ тілді қойылымдар жоқтың қасы. Бірен саран қойылымдардың өзі ескірген, тартымдылығы аз. Отандық балалар драматургиясы мүлде кенжелеп қалды. Осы ретте оқу орындарын аяқтап жатқан жас режиссерлар, драматург-қаламгерлер, креативті индустрияның жарқын өкілдері осы салаға баса назар аударғаны жөн болар еді. Біздің әдебиетімізде, фольклорымызда, ертегі жыр дастандарымызда тақырып та, мазмұн да, контент те әбден жеткілікті. Тек оны тартымды заманауи форматқа салып көпшілікке жеткізу ғана қалып отыр.

Бесінші, бүгінгі таңда ең өзекті болып отырған мәселе балалар музейін ашу бастамасын қолдау деп санаймын. Жалпы музей ісі маңызды салалардың бірі. Әлемдегі дамыған елдер Музей индустриясын әлдеқашан құндылықты дәріптеудің кешенді құралына айналдырып үлгерді.

Алтыншы, ұлттық құндылықтарды, фольклорлық тұлғаларды онлайн платформаларда дәріптеу мақсатында, тартымды комикстер, әлеуметтік желілерге арналған позитивті стикерлер, тез таралатын вирусты роликтер әзірлеуді қолға алу қажет. Бұл жұмыстарды іске асыруға, жоғарыда айтып кеткенімдей креативті индустрия өкілдерін кеңінен тарту аса маңызды.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: