2500 кітап қоры бар: Астанада жаңа балалар кітапханасы ашылды

18 Қазан, 14:48 555

25 қазан – Республика күні қарсаңында Астанада №6 балалар кітапханасының салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Елорда әкімдігінің мәліметінше, Сығанақ көшесі, 14 мекенжайында орналасқан балалар кітапханасының ашылуына Астана қаласы мәслихатының депутаттары Ғабит Тәжімұратов пен Ерлан Дәкенов, Нұра ауданы әкімінің орынбасары Әлия Әбсеметова, Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Жаңабай Мейірманқұлов, сондай-ақ мәдениет саласының өкілдері мен кітапхана қызметкерлері қатысты.

Ашылу барысында келушілер кітапхана залдарына экскурсия жасап, кітап қорымен танысты.

Осымен елорда бойынша төртінші жаңа кітапханамыз ашылды. Астана қаласындағы балалар кітапханасы қатарына тағы екі кітапхана қосылып, бүгінде барлығы 8 балалар кітапханасы жұмыс істеп тұр. №6 балалар кітапханасының кітап қоры көркем әдебиет, энциклопедия, балалар әдебиеті және шетел әдебиеттерін қосқанда – барлығы 2 500-дей кітаптан құралған. Бұл кітапхана көлемі, қызметкерлер санына да байланысты.

Кітапхана 6-35 жас аралығындағы бала мен ересек оқырмандарды да қамтығанымен, кітапхананы, алдымен, балалар әдебиетімен толықтыруды мақсат тұттық. Бұл жерде қызмет тегін көрсетіледі, интернет желісі жұмыс істейді. Кітапхана сыйымдылығы – жылына 3 мың адам, - деді Астана қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің басшысы Гүлбадан Мәдібаева.

Келушілер кітапханамен танысқан соң Нұра ауданы әкімінің орынбасары Әлия Әбсеметова алғашқы оқырман ретінде кітапханаға жазылып, үйден оқуға бірнеше кітапты жаздырып алды.

Өзім Нұра ауданының тұрғыны ретінде, осы аудан әкімінің орынбасары ретінде оқу залының абономентіне алғашқылардың бірі болып жазылып отырмын. Осы кітапханадан алып оқыған кітаптарымды өзімнің Instagram желісіндегі парақшамда бөлісіп, пікір білдіріп отыратын боламын. Бұдан әрі осы кітапханада кітап оқу, оны талқылау бойынша жобаны қолға алсақ деген ұсынысым бар. Сөйтіп, қазақ әдебиетіне қолдау көрсетсек, қазақ қаламгерлерін насихаттасақ, - деді Әлия Әбсеметова.

Нұра ауданы әкімі орынбасарының бұл ұсынысын көпшілік те құп көрді. Астана қаласы мәслихатының депутаттары Ғабит Тәжімұратов пен Ерлан Дәкенов те осындай кітапханалар елордаға әлі де керек екенін айтып, жаңа кітапхананың жұмысына сәттілік тіледі. Осы орайда Ерлан Дәкенов өзінің жеке шығармашылығынан балаларға арналған бірнеше өлеңін оқып берді.

Айта кетейік, қаланың кітапхана желісі 22 кітапханадан тұрады, олардың арасында зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана да бар. Қалалық желінің кітап қоры 800 мыңға жуық дананы құрайды. Мәселен, қазіргі уақытта кітапхана қорына берілген кітаптар саны өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға артты, бұл оқырмандардың өсуіне де айтарлықтай әсер етті.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: