24 тамыз кинопремьералары

24 Тамыз 2017, 12:35 2290

Осы аптада отандық прокатқа кинопремьералар туралы

Осы уикенд  маңызды оқиғасыз емес. Бірінші айтып өтер жаңалық - 1991 жылғы «Терминатор 2» прокатқа шықты. Бұл қалай дерсіз сіз? Аталған фильм бұрын Ресейдің де, Қазақстанның да прокатында болған емес. Ал Джеймс Кэмерон биыл осы туындысын реставрациялап шыққан еді. Өңдеуден өткен нұсқа қайтадан әлемнің бірқатар елдерінде көрсетіле бастады. Бұл жаңалық біздің елді де айналып өткен жоқ. Екінші жаңалық - Ninety one. Атышулы музыкалық ұжымның қалай құрылғаны, қандай кедергілерге тап болғаны баяндалмақ. Осы және өзге де премьералар туралы төменде.

Джеймс Кэмерон конвертация жұмысына бүгін келген жоқ. 2012 жылы ол өзінің қайта өңделген «Титанигін» ре-релиз жасап, әлем бойынша қосымша 350 млн доллар табыс жинап алған еді. Режиссер «Терминатор 2»-мен тоқтап қалмаймын деп отыр. Келешекте оның басқа да жұмыстарын жаңа форматта көріп қаламыз.

Айтпақшы картина 4K кеңейтіліміне цифрланған. Бұл кинодағы соны технология саналады. Бұндай кеңейтіліммен шыққан жаңа фильмдердің өзі саусақпен санарлық. Реставрацияланған «Т2»-ні 2D және 3D форматтарда көре аламыз.

Отандық фильммейкер Асқар Ұзабаев карьерасында алғаш рет байопик жанрында жұмыс істеп көріпті. «91» тобының құрылу тарихына арналған көркем картина көрерменге жол тартты. Басты рөлде ойнау тұрғысында топ мүшелері Қайрат Нұртастың жолын қуыпты – олар экранда өз-өздерін ойнайды. Айтуларынша, сюжеттің 90 пайызы шын оқиғаларға құрылған. Eaglez (топтың фанаттары) бен Ninety one музыкасын ұнататындар бұл кинофильмді назардан тыс қалдырмайтын шығар. Сондықтан кезекті кассалық рекорд күтеміз.

«Тинтиннің басынан кешкендеріне», «Құмырсқа-адамға» сценарийші болған Эдгар Райт жаңа режиссерлік жұмысын ұсынады. «Балақай драйвер» («Малыш на драйве») – жылдамдықты кәсібіне айналдырған жас жігіттің оқиғасын баяндайды. Оның жұмысы - қылмыскерлерге көмектесу. Ол машинамен жылдам жүрудің шебері, бандиттердің ізін жасыру үшін жүргізуші болып күн көреді. Күндердің күнінде ол бұның бәрін тастап, дұрыс жолға түскісі келеді. Алайда ойыннан шыға салу оңай емес.

Басты рөлде – енді танылып келе жатқан Энсел Элгорт, сондай-ақ Кевин Спейси, Джейми Фокс, Джон Бернтал, Лили Джеймс секілді жұлдыздар бар.

17 шілдеде жарық көрген «Валериан және мың ғаламшар шаһары» ертегі-боевигін ұмыта қоймаған шығарсыз? Сонда басты рөлдерде ойнаған Дэйн ДеХаан мен Кара Делевинь тағы да бір фильмге түсіпті. «Қызғалдақ індеті» («Тюльпанная лихорадка») - оқиғасы Голландияда 17 ғасырда өрбитін мелодрама. Осы кезеңде елде қызғалдық бумы жүріп жатыр еді. Жас та сұлу София (Алисия Викандер) өз еркінен тыс - бай, бірақ қартайған бюргер Корнелиуске (Кристоф Вальц) күйеуге шығады. Күйеуі әйелінің келбетін қағазға түсіргісі келіп үйіне Жан есімді (Дэйн ДеХаан) суретшіні шақырады. Жігіт пен жас келіншек бір-біріне ғашық болып қалады. Екеуі Корнелиустан қашып кетудің құйтырқы жоспарын ойлап табады.

«Ол түнде келеді» («Оно приходит ночью») – атмосферасы ерекше үрейлі триллер. Әйтеуір трейлері соны аңғартқандай болды. Сюжетте апокалипсис әлем фонындағы бір топ адамның тіршілігі суреттеледі: Адамзатқа қауіпті індет төнеді, оны жұқтырған адам құбыжыққа айналады. Әлемді үрей басады. Отағасы өз отбасын ормандағы бір үйге апарып жасырады. Бірде үйге бейтаныс адамдар келеді. Осыдан бастап олардың онсыз да әлсіз қауіпсіздігіне қатерге ұрынады. Басты рөлде - Джоэл Эдгертон, ол жобаға атқарушы продюсер міндетін де атқарған.

2014 жылы «Реальная белка» атты мультфильм шыққан болатын. Араға бірнеше жыл салып екінші бөлімі («Реальная белка 2») ұсынылып отыр. Жоба халықаралық статусқа ие, анимациялық картинаны жасауға Канада, Оңтүстік Корея мен АҚШ мамандары атсалысқан. Кейіпкерлерді дыбыстағандар арасында Джеки Чан, Уилл Арнетт, Петер Стормаре секілді киножұлдыздар бар.

Ернар Бекенов
Бөлісу: