23 қараша кинопремьералары

23 Қараша 2017, 12:45 5996

Аптаның үздік кино премьералары

Pixar студиясының қазақша дубляждалған «Коко құпиясы» мультфильмі, Майкл Фассбендер түскен «Снеговик» детектив-триллері, алғашқы киносын түсірмек болған жас режиссер туралы отандық комедия, о дүние сырын ашпақ болған студенттер жайында «Коматозники» фантастикалық хорроры, Марк Уолберг пен Уилл Феррелл ойнаған «Здравствуй, папа, Новый год!» комедиясының жалғасы, Антонио Бандерастың қатысуымен түсірілген болгар боевигі, әкелі-балалы Қарпықовтар жасаған «100 минут о любви» отандық мелодрамасы, «Мистер Феличита» итальян комедиясы және «Детки напрокат» ресейлік отбасылық фильмі. Бүгінгі премьералар легі осындай.

Disney/Pixar студиясының 2017 жылғы екінші толықметр жұмысы – «Коко құпиясы» («Coco») деп аталады. Жазда «Көліктер 3» шыққан еді. Бұл жолы өлген адамдар құрметіне өтетін, Латын Америкасының бірқатар елдерінде атап өтілетін «Өліктер күні» («Dia de los Muertos») мейрам мульфильмнің басты тақырыбы ретінде алыныпты.

Сюжетте мексикалық ауылда етікшілер отбасында тұратын және музыкант болуды іштей армандайтын 12 жасар Мигель туралы баяндалады. Арманның құпиялығы сонда - оның отбасында музыка қарғыс болып саналады. Баяғыда оның арғы атасы өз әйелін, яғни басты кейіпкердің арғы әжесін өз арманы үшін тастап кеткен, осының кесірінен Мигельдің отбасында музыка - жабық тақырып. Бірде Мигель өзі мен өзінің кумирі - марқұм болып кеткен әнші Эрнесто де ла Крус арасында тылсым байланыс барын сезеді. Жеткіншек өзінің кумирін табу үшін Өлілер еліне аттанып, сол жақта өзінің ата-бабаларын кездестіреді. Сол жақтан ол Экстор есімді (қаңқа бейнесіндегі) трикстер аруақпен танысады. Екеуі серіктесіп, Эрнесто де ла Крусты іздеуге аттанады.

Бұл анимациялық фильмді үлкен кинода қазақша көруге мүмкіндік бар.

«Снеговик» - Норвег жазушысы Ю Несбёнің шығармасына негізделген үрейлі детектив-триллер. Басты рөлдерде Майкл Фассбендер мен Ребекка Фергюсон. Түсірген – швед режиссері Томас Альфредсон. Оны біз «Шпион, выйди вон!» картинасы арқылы білеміз.

Фильмде балалы әйелдерді өлтіретін маньяк туралы айтылады. Оның өзіндік қолтаңбасы бар – қылмыс орнында қардан аққала соғып кетеді. Фассбендердің кейіпкері - детектив Харри Холе осы істі өз қолына алады.

Қазақстандық режиссер Асқар Бисембин кезекті жұмысын ұсынады. «Больше чем кино» деп аталатын комедияда режиссерлік жолға енді түскен кейіпкер туралы баяндалады. Алғашқы фильміне қаржы таба алмаған соң, балаларға арналған бір тележобаға орналасады. Осы жерде жүріп оған қаржысыз, кәсіби актерлерсіз кино түсіру идеясы келеді. Басты рөлде ойнайтын Данияр Алшынов. Одан бөлек Жания Джуринская, Аружан Жазылбекова, Дәурен Айдарқұлов секілді жергілікті жұлдыздар бар.

Америкалық «Коматозники» фильмі – кәсіби әуестік үшін қауіпті экспериментке барған медик-студенттер туралы. Олар адам өлгенде қандай күйде болатынын білмек болып, бір-бірінің жүрегін аз ғана уақытқа тоқтатып көреді. Өліп-тірілгеннен кейін экспериментке қатысушылардың бойында тылсым өзгеріс байқалады.

1990 жылы дәл осындай атаумен Джоэл Шумахердің картинасы шыққан еді. Биылғы фильм соның сиквелі немесе ремейкі ретінде ұсынылып отыр. Алғашқы фильм мен екінші фильмді Кифер Сазерленд ойнайтын кейіпкер байланыстырады.

2015 жылы «Здравствуй, папа, Новый год» комедиясы шыққан еді. Оқиғасы бір отбасы төңірегінде өрбиді. Марк Уолбергтің кейіпкері – балалардың әкесі, отбасымен ажырасып кеткен. Уилл Феррелл ойнайтын кейіпкер – осы отбасының жаңа отағасы, балалардың өгей әкесі. Екі әке балалар мен әйелдің алдында бәсекелесіп, кімнің лайық екенін дәлелдеу жолында біраз текетіреске барады. Ал бүгін шыққан екінші бөлімде екеуінің де беделіне көлеңке түсіретін тағы бір мықты пайда болады, ол – балалардың атасы. Жаңа кейіпкерді Мэл Гибсон ойнайды.

Антонио Бандераста биыл біраз белсенділік байқалады. Жазда Джонатан Риз Майерспен бірге «Черная бабочка» триллерінде және Бен Кингслимен бірге «Охранник» боевигінде көрінді. Енді Болгария-АҚШ бірлесіп түсірген «Обет молчания» экшн-драмасымен көрініп отыр. Бұл жолғы серігі – Карл Урбан. Фильмде әйелі мен қызынан айырылған заңгерді ойнайды. Отбасын өлтірген қылмыскерлерге қатысты тергеу алға жылжымайды. Енді ол әділетті өз қолымен орнатпақ болады. Кегін қайтармайынша тіс жарып бір сөз де айтпауға серт береді.

Бүгін прокатқа тағы бір отандық картина шығып отыр. Абай Қарпыков («Фара») сценарий авторы және продюсер ретінде қатысқан, оның ұлы Альмири режиссерлік еткен «100 минут о любви» мелодрамасы көрерменге жол тартты. Фильмде экономистік білімі бола тұра музыкамен айналысуды армандайтын Мика есімді ару туралы айтылады. Ол банкир жігітпен танысып, араларында сезім пайда болады. Бір «әттеген-айы» бар – жігіт бастығының қызына үйленбекші.

«Мистер Феличита» - оңай жолмен пайда таппақ болған ержігіт туралы итальян комедиясы. Белгілі психологтың атынан айлакерлікпен оңай олжаға кенелмек болған ол бір қиындыққа тап болады. Кезекті клиенті – мәнерлер сырғанаумен айналысатын бойжеткеннің проблемасын шешуге оның таяз білімі жетпейтін болып шығады. Ал көмектеспесе қулығы ашылып қалмақ. Фильмді түсірген және басты рөлде ойнаушы – итальян комедианты Алессандро Сьяни.

«Детки напрокат» отбасылық комедиясы ата-анасына ұқсамайтын балалар туралы. Венера есімді кішкентай қыз заңгер анасымен тұрады. Анасы аса салмақты, жауапты болғанына қарамастан, қызы өте белсенді, бір орында отырмайтын адам. Тағы бір отбасы бар. Онда Макс есімді бала әкесімен тұрады. Әкесі Костя әлі ақыл тоқтатпаған жан. Сондықтан ұл бала оны өзі күтіп-бағып жүр. Ұқсас проблемасы бар осы екі отбасы бір психологтың көмегіне жүгінеді. Ал психолог екі жаққа балаларымен алмасып көруді ұсынады.

Ернар Бекенов
Бөлісу: