232 мың қазақстандық тұрғын үй кезегінен шығарылады

22 Қараша 2023, 10:51 818

232 мың қазақстандық әкімдіктердің тұрғын үй алу кезегінен шығарылады. Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бүгінде тұрғын үй кезегінде 646 мың қазақстандық тұр. Сонымен қатар кейінгі жылдары олардың қатары ұлғайып келеді. Айталық, кейінгі 10 жылда кезек 6 есеге артты.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, аталған тізімнің заң талаптарының сәйкестігіне талдау жүргізілді. Оның нәтижесінде кезекте тұрған 96,1 мың азаматтың кейінгі 5 жылда жеке баспанасы болғаны, 533 адамның Қазақстанның азаматтығы жоқ екені, 91,4 мыңдай адамның тұрғылықты жері кезекке тіркелген өңірмен сәйкес келмейтіні, сондай-ақ 29 мың адамның тіркелмегені және 15,6 мың адамның қайтыс болғаны анықталып отыр, - деді Шарлапаев.

Министр үй кезегінде тұрған 232 мыңға жуық азаматтың жеке деректері заң талаптарына сай болмағандықтан оларды тізімнен шығаруға тура келетінін айтты.

Биылғы жылдың 1 тамызынан осы күнге дейін 21 607 кезекте тұрған адам кезектен шығарылған. (ҰОС ардагерлері – 5, жетім балалар – 1045, көпбалалы отбасылар – 3539, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары – 7936, мемлекеттік қызметшілер мен бюджет қызметкерлері – 9002, авариялық тұрғын үйі бар азаматтар – 80).

Миражан Махан
Бөлісу: