Жақыннан көру (миопия) бүгінде бүкіл әлемде өзекті мәселеге айналып отыр. Болжам бойынша, 2050 жылға қарай Жер халқының тең жартысы — шамамен 4-5 миллиард адам көзілдірік тағуға мәжбүр болады. Бұл туралы «Биринчи радио» эфирінде офтальмолог Азиз Юлдашев мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Маманның айтуынша, ересектерге экранға жақын қашықтықтан күніне екі сағатқа дейін қарауға рұқсат етіледі. Осы уақыттан кейін міндетті түрде үзіліс жасау қажет.
Мүмкіндік болса, таза ауада 5-10 минут серуендеп, содан соң жұмысты жалғастырған жөн. Экранға ұзақ уақыт қарағанда көздің жыпылықтау рефлексі төмендейді. Бұл құрғақ көз синдромына, қызаруға алып келеді. Алдын алу үшін ылғалдандыратын тамшылар тағайындалады, оларды тұрақты түрде қолданып отыру қажет. Егер көру қабілеті нашарлай бастаса, офтальмологпен бірге көзілдірік таңдаңыз, – деді Азиз Юлдашев.
Сонымен қатар ол көзге арналған кеңінен жарнамаланатын биологиялық қоспалардың пайдасына күмәнмен қарайтынын жеткізді.
Олардың емдік әсері жоқ және көру қабілетіндегі бұзылыстарды жоя алмайды. Ең дұрысы – табиғи тағамдарды тұтыну: мысалы, балық (қуырылмаған түрінде), маусымдық жемістер мен көкөністер. Бұдан әлдеқайда көп пайда болады, – деп толықтырды дәрігер.