08.02.2026
14:22
893
2050 жылға қарай әлем жастарының географиясы өзгереді

2050 жылға қарай әлем жастарының географиясы өзгереді

Алдағы онжылдықтарда әлемдегі жастар саны мен олардың географиялық орналасу құрылымы елеулі өзгеріске ұшырайды. БҰҰ бағалауларына сәйкес, 2050 жылға қарай әлем жастарының шамамен үштен бірі Африка құрлығында өмір сүретін болады. Ал ғасыр соңына таман бұл көрсеткіш тағы шамамен 15 пайызға өсіп, 45 пайызға жетеді деп болжанып отыр.

БҰҰ стандарттарына сәйкес, жастар санатына 15-24 жас аралығындағы адамдар кіреді. Осы өлшем бойынша 2022 жылы әлемде 1 млрд 228 млн жас болған, бұл — жер шары халқының 15,5 пайызы. Жастар үлесінің ең жоғары деңгейі 1987 жылы тіркелген - ол кезде олардың үлесі 19,5 пайыз болған. Содан бері бұл көрсеткіш біртіндеп төмендеу үрдісіне түсті және 2100 жылға дейін азая береді деген болжам бар.

БҰҰ болжамына сәйкес, 15–24 жас аралығындағы жастар саны ең жоғары шегіне 2034 жылы жетіп, 1 млрд 343 млн адамды құрайды. Одан кейін 2045 жылы 1 млрд 282 млн-ға дейін азайып, 2063 жылы қайтадан 1 млрд 331 млн-ға өседі. Алайда ұзақ мерзімді перспективада, яғни 2100 жылға қарай бұл сан шамамен 1,2 млрд адамға дейін қысқарады.

Егер кейбір елдердегі сияқты жастардың жоғарғы жас шегі 34 жас деп алынатын болса, онда 2022 жылы әлемдегі жастар саны 2,4 млрд адамға немесе жалпы халықтың 30,6 пайызына тең болған. Бұл үлес те уақыт өте келе төмендейді: 1986–1989 жылдары 34,7 пайыз болса, 2100 жылға қарай 23,6 пайызға дейін түсуі мүмкін.

Аймақтық бөліністе ең үлкен өзгеріс Африкада байқалады. 1950 жылы әлем жастарының небәрі 9 пайызы осы құрлықта тұрса, 2022 жылы бұл үлес 20 пайызға жетті. Сарапшылар 2050 жылға қарай әрбір үшінші жас африкалық болады деп болжап отыр. Бұл — туу деңгейінің жоғары болуы мен халық санының жылдам өсуіне байланысты.

Ал Азияның жастар арасындағы үлесі, керісінше, біртіндеп азаяды. 1950 жылы әлем жастарының 56 пайызы Азияда тұрса, 1988–2006 жылдары бұл көрсеткіш 63 пайызға дейін жеткен. Бірақ 2050 жылдары шамамен 50 пайызға, ал 2100 жылға қарай 41 пайызға дейін төмендейді. Еуропада жастар үлесі одан да жылдам қысқаруда: 1950 жылғы 21 пайыздан 2022 жылы 7 пайызға дейін түсті, ал ғасыр соңында 5 пайыздан да төмен болады деп күтіледі.

Демографиялық үрдістер Қытай мен Үндістанда да әртүрлі бағытта дамып келеді. Қытайда туу көрсеткіші 2012 жылғы мың адамға шаққанда 14,6 деңгейінен 2022 жылы 6,8-ге дейін төмендеген. Ал Үндістанда жастар саны әлі де өсіп келеді: 2029 жылға қарай жастар қатары шамамен 497 млн адамға жетіп, Қытай көрсеткішінен 49 пайызға артық болуы мүмкін.

Жалпы әлем халқы қартаю бағытында өзгеруде. Орташа жас 1960–1980 жылдары 26 жас болса, 2022 жылы 33 жасқа жетті. 2066 жылы 40 жастан асып, ғасыр соңында 43 жасқа жетеді деген болжам бар. Орташа өмір сүру ұзақтығы да өсіп отыр: 1950 жылғы 46,5 жастан 2022 жылы 71,7 жасқа жетті, ал 2050 жылы шамамен 77,2 жас болады.

Аталған деректерге сүйенсек, алдағы кезеңде жастар саны абсолют түрде қатты өспегенімен, олардың географиялық құрылымы түбегейлі өзгереді. Әлемдік жастар орталығы біртіндеп Африкаға ойысады, ал Еуропа мен Шығыс Азияда жастар үлесі азая береді. Бұл еңбек нарығына, білім беру саясатына және көші-қон үрдістеріне тікелей әсер ететін маңызды демографиялық бетбұрыс болмақ.