Әлеуметтік желілерде Дүниежүзілік экономикалық форумның негізін қалаушы Клаус Швабтың сөздері қызу талқыға түсті. Оның сөзінше, автокөліктерге иелік ету дәуірінің аяқталып келеді және 2030 жылға қарай жеке көліктің болуы заңсыз деп танылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
stopfake.kz бұл ақпараттың анық-қанығын зерттеп көрді. Аталмыш жаңалықтың бастапқы дереккөзі – The People’s voice жаңалықтар порталы.
Бұл портал үнемі жалған хабарламалар, үгіт-насихат және қастандық теорияларын жариялайды. Клаус Шваб 2030 жылға қарай автокөлік иелері заңнан тыс деп танылады деп мәлімдегені туралы ақпарат – өтірік. 2014 жылы Дүниежүзілік үкіметтік саммитте, Клаус Шваб болашақта адамдар жеке көлікке иелік етудің орнына автопилоттық электромобильдерді шақыру үшін қосымшаларды қолданады деген идеяны алға тартты. Түпнұсқа видео он жыл бұрын жазылса да, оның сөзінің нақ осы бөлігі бүгінде желіде тарап жатыр.
Сонымен қатар ДЭФ сайтында 2016 жылы жеке автомобильдер дәуірінің аяқталғаны туралы мақала бар, бірақ онда олар заңсыз болады деп айтылмаған. Материал болашақта ірі қалаларда автопилотпен жабдықталған электромобильдері бар автопарктер пайда болған кездегі мүмкіндіктер туралы ойлар жазылған. Мұндай көлікті жалға алу сұраныс жоғары болғандықтан арзан, ал тұжырымдама тұтынушы үшін тиімді болады, ол машинаны күтіп ұстауға, оған салық төлеуге ақша жұмсамайды.
Демек, Клаус Шваб та, оның әріптестері де көлікке иелік ету 2030 жылға қарай қылмысқа айналады деп мәлімдеген жоқ. Ол болашақта автопилоты бар көлікті жалға алу жеке көлікті сатып алғаннан гөрі тиімдірек және ақылға қонымды болады деген ойын айтқан.