2030 жылға дейін 3,8 млн жаңа жұмыс орны құрылады

14 Қазан, 10:44 427

Мәжілісте «Қазақстанның еңбек нарығын дамыту және кадрлық әлеуетін нығайту» тақырыбында Үкімет сағаты өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы жолдауында кадрлық әлеуетті арттыру мәселелерінде бірқатар басым бағыттарды белгілеп, Үкіметке нақты тапсырмалар берді. Айталық, 2025 жыл Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды. Сарапшылардың ойынша, бүгінгі таңда кәсіптік-техникалық білімі бар мамандарға деген сұраныс жоғары білімді түлектерге деген қажеттіліктен 70%-ға артық. Осыған байланысты техникалық және кәсіптік білім беруді реформалау арқылы жұмысшы кәсіптердің беделін арттыру қажет. Сонымен қатар еңбек адамының мәртебесін арттыру үшін ынталандыру шаралары керек, - деді Мәжіліс депутаты Дания Еспаева.

Депутаттың сөзінше, еңбек нарығын дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасында оны дамытудың негізгі тәсілдері белгіленген. Атап айтқанда, жаңа сапалы жұмыс орындарын құрудың сипаттамалары айқындалған, сондай-ақ 2030 жылға қарай 3,8 млн жаңа жұмыс орнын құру бойынша батыл мақсат қойылды.

Сонымен қатар мемлекеттік жұмыспен қамту бағдарламасы аудитінің қорытындысы бойынша Жоғары аудиторлық палатаның бағалауына сәйкес, түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында құрылатын жұмыс орындарының көбісі уақытша болып табылатыны анықталды. Мысалы, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында ашылған 1,5 мың жұмыс орнының 90 пайызы уақытша, ал «2021-2025 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамыту» / жобасы бойынша 67 мың жұмыс орнының 81 пайызы маусымдық болып табылады. Тұтастай алғанда, жаңа жұмыс орындарының 87%-ы негізінен төмен және орташа өнім беретін секторларда құрылады әрі олар да уақытша сипатқа ие, - деді мәжілісмен.

Сонымен бірге Дания Еспаева Қазақстанда бейресми экономиканың жоғары үлесі және халықтың мемлекеттік қолдауға тәуелділігінің өсуі сақталғанын атап өтті. Ерекше алаңдаушылық тудыратын – жастардың жұмыссыздығы. Бұл проблема еңбек нарығына жастардың жыл сайынғы 300 мыңнан астам болжамды ағыны есебінен қиындайтын болады.

Проблемалар білім беру жүйесінен еңбек нарығына көшу сатысында басталады, мұнда жастар білім беру арқылы не өз дағдыларын жетілдіре алмайды, не жұмысқа орналасу арқылы тәжірибе де жинай алмайды. Еліміздің кадрлық әлеуетін арттыру үшін мемлекет жыл сайын жоғары оқу орындары мен колледждерде тегін оқу үшін гранттар береді. Биыл жоғары оқу орындары – шамамен 74 мың, ал колледждер 143 мың жаңа студентті қабылдады, - деп түсіндірді Еспаева.

Депутат алайда оқуды аяқтағандардың барлығын жұмысқа орналастыру үлкен алаңдаушылық туғызатынын жеткізді. Айталық, 2023 жылы мамандығы бойынша колледж түлектерінің 40%-ы жұмысқа орналастырылды.

Бұл ретте, өкінішке қарай, мемлекеттік органдар жоғары оқу орындарының барлық түлегінің жұмысқа орналасуының нақты жағдайымен таныс емес. Бұл түлектердің жұмыссыздар қатарын толықтыруына немесе кез келген жерде жұмыс істей беруіне алып келеді. Олардың бір бөлігі мемлекеттік қолдауға қайта жүгінуге мәжбүр, оған тағы да бюджет қаражаты жұмсалады. Осыған орай бүгін біз аталған проблемаларды жан-жақты талқылап, нақты ұсыныс-пікірлерді ортаға салатын боламыз, - деді депутат.

Миражан Махан
Бөлісу: