2028 жылға қарай шамамен 6,7 ГВт жалпы генерацияны іске қосу жоспарланған

8 Қазан, 12:45 414

Жүктемелердің ең жоғары сағаттарында Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы 2 ГВт-қа жетеді. Тиісті шараларды қолданбаса 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 7 ГВт-қа дейін өсуі мүмкін, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен брифингте премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр осылай деп мәлімдеді.

Сондықтан 2028 жылға қарай жалпы генерацияның шамамен 6,7 ГВт іске қосу жоспарланған, оның 700 МВт биылдың өзінде енгізілетін болады. Сондай-ақ Көкшетау, Семей және Өскеменде жаңа ЖЭО, Ақтөбе, Ақтау, Қызылорда, Түркістан және басқа қалаларда жаңартылатын энергетика объектілері, бу-газ қондырғылары салынады.

Біз 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу бойынша міндеттемелер қабылдадық. Сондықтан ескі көмір қуатынан дәйекті түрде кету сөзсіз екенін түсіну керек, — деп атап өтті Роман Скляр.

Осыған байланысты жеке атом электр стансасын салу жалғыз қолайлы нұсқа болып саналады. Ол үшін барлық қажетті жағдайлар бар.

Референдум өткізілді. Халық дауыс берді. Нәтижелері белгілі. Әлемде 415 ядролық реактор жұмыс істеп тұрғанын атап өткім келеді. Тағы 62-і құрылыс кезеңінде. Ал 2050 жылға қарай атом энергиясын пайдалану үш есе артады деп болжануда. Сондықтан атом стансасын салу туралы шешім тек қажеттіліктен ғана емес, бейбіт атомды пайдаланудың әлемдік үрдістерінен де туындап отыр, — деп атап өтті бірінші вице-премьер.
Мөлдір Қайнар
Бөлісу: