03.01.2026
12:00
11842
2026 жылы қандай түстер трендке айналады

2026 жылы қандай түстер трендке айналады

Түстер біздің көңіл-күйімізге, образымызға және тіпті күнделікті энергиямызға әсер етеді. Әр жыл өзіне тән реңктерімен ерекшеленеді. Ендеше, 2026 жылдың басты трендтегі түстері қандай, бірге таныс болайық.  

Pantone институты 2026 жылдың басты түсі ретінде 11-4201 нөмірлі ақ реңк – Cloud Dancer («Бұлтты биші») таңдалғанын жариялады.

Фото: әлеуметтік желіден алынды 

Pantone ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, Cloud Dancer – жеңіл, нәзік әрі тыныштық сыйлайтын ақ реңк. Мамандардың айтуынша, ол жаңа бастамаларға ұмтылысты бейнелейді және адамның жан дүниесінде табиғи тыныштық, бейбіт көңіл-күй тудыруға бағытталған.

Бұл реңк ойды тыныштандырып, шынайы босаңсу мен зейін қоюға мүмкіндік береді. Сананы еркін ұстап, шығармашылыққа кең жол ашып, жаңа идеяларға жетелейді.

Pantone атқарушы директоры Леатрис Эйсманның айтуынша, қазіргі өзгерістер дәуірінде адамзат болашағын ойлап, қоғамдағы өз орнын қайта бағамдап жатыр. Ол Cloud Dancer реңкін айқындыққа жетелейтін нейтрал ақ түс деп сипаттады. Қоршаған ортадағы шу ішкі дауысымызды естуге кедергі келтіргенде, бұл түс сананы тазалап, маңызды нәрсеге көңіл бөлуге көмектеседі.

Фото: әлеуметтік желіден алынды 
Фото: әлеуметтік желіден алынды 

Сондай-ақ 2026 жылы табиғи жер реңктері алдыңғы қатарға шығады. Терракот, охра, құм түстес жылы палитралар шөл даланы, табиғаттың бастапқы болмысын еске салады. Бұл түстер көзге жайлылық, тыныштық пен сенімділік береді. Ақшыл сары, қанық охра, шаңды-қызғылт сияқты реңктер бір-бірімен оңай үйлесіп, күнделікті киімге де, әртүрлі образдарға да жақсы жарасады. Дизайнерлер мұндай түсті киім-кешектерді кез келген адамға қажет деп санайды. Себебі ол аз киіммен көп комбинация жасауға мүмкіндік береді.  

2026 жылы металл реңктер де трендте болмақ. Күміс, платина, болат түстері – адамзаттың инновацияға, жаңа мүмкіндіктерге деген ұмтылысын бейнелейді. Күміс түс кешкі көйлектерде, бомберлер мен аксессуарларда ерекше әсер қалдырып, образға заманауи сипат береді. Інжу түстес жылтыр маталар классикалық киімдерді де мүлде басқа деңгейге шығарады. Ал қоладай түстер жылы жер реңктерімен үндесіп, іскерлік стильге де, күнделікті образға да сәтті сәйкес келеді.

Фото: әлеуметтік желіден алынды 

Базалық түстермен қатар, биыл көзге бірден түсетін жарқын түстер де сәнге айналмақ. Электрлік көк – цифрлық дәуірдің, виртуалды кеңістікті білдірсе, неон жасыл экология тақырыбын алға шығарып, табиғатты қорғау идеясын еске салады. Ал ультракүлгін реңктер образға жұмбақтық пен тереңдік қосады. Мұндай батыл түстерді аксессуарларда, бір негізгі элементте немесе колор-блок әдісімен қолдану тиімді. Олар өзіне сенімділікті талап етеді, сондықтан стилистер жарқын реңктерді бейтарап базамен үйлестіруге кеңес береді.

Фото: әлеуметтік желіден алынды 
Фото: әлеуметтік желіден алынды 

Оған қоса нәзік пастель түстер де басты назарда. Лаванда, жалбыз, шабдалы түстес реңктер көктем мен жаз мезгілінде ерекше жарасады. Лаванда тыныштық пен әйелдің нәзіктігін білдірсе, жалбыз сергектік пен жаңаруды сездіреді. Шабдалы түстері образға жылулық беріп, адамның бет-бейнесін жұмсартып көрсетеді. Бұл палитра романтикалық та, ресми де стильге бірдей үйлеседі.

Фото: әлеуметтік желіден алынды 

Классикалық түстер де ешқашан өз маңызын жоғалтпайды. Қара, ақ, сұр, қою көк – кез келген образға үйлеседі. 2026 жылы бұл түстер жаңа материалдар, ерекше текстуралар арқылы жаңаша қырынан көрінеді. Барқыт, экотері маталары классиканы заманауи етіп көрсетеді.

Киім кигенде трендтегі түстерді ғана кию емес, оларды үйлестіру де өте маңызды. Мәселен, бір түске басымдық беріп, қалғандарын қосымша реңк ретінде қолдану – образды айқын әрі сәнді көрсетеді.

Тек бір түске көп көңіл бөлу немесе барлық реңктерді араластыру түсініксіз көрініс туғызуы мүмкін. Сондықтан үйлесімділікті ескеріп, реңктер дұрыс таңдалса, қарапайым киім де ерекше әсер қалдырады.

Түстерді дұрыс қолдану тек киімде ғана емес, жалпы сыртқы көрінісіңізге, көңіл-күйіңізге де әсер етеді. Олар образды толықтырып, жеке стильіңізді көрсетеді және өзіңізді сенімді сезінуге мүмкіндік береді.