25.11.2025
10:41
1015
2026 жылы мұғалімдердің жалақысы өсе ме?

2026 жылы мұғалімдердің жалақысы өсе ме?

Оқу-ағарту министрлігі 2026 жылы педагогтердің жалақысын көтеру мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауларында берген тапсырмалары аясында соңғы жылдары мұғалімдердің жалақысы айтарлықтай өсті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагогтерінің айлықтары төрт жыл бойы жыл сайын 25%-ға артып отырды. Сонымен қатар 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешілері мен педагогтерінің айлығы мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі тапсырмасына сәйкес 30%-ға артты, – деп жауап берді министрлік BAQ.KZ-тің ресми сұрауына.

Министрліктің дерегінше, 2023 жылы педагогтердің жалпы жалақысы 2019 жылмен салыстырғанда 100%-ға көбейген, ал мектепке дейінгі тәрбиешілердің еңбекақысы 130%-ға өскен.

Мұғалімнің жалақысы оның біліміне, категориясына, еңбек өтіліне, жүктеме көлеміне, сондай-ақ өтемақы және ынталандыру төлемдеріне байланысты. 2025 жылы мұғалімнің бір ставка бойынша орташа айлық жалақысы 393 мың теңгені құрайды, – деп толықтырды Оқу-ағарту министрлігі.

Министрлік сондай-ақ азаматтық қызметшілердің еңбекақы төлеу жүйесіне сәйкес квалификациялық санат үшін қосымша төлемдер қарастырылғанын еске салды:

«педагог-мастер» – лауазымдық айлықтың 50%-ы,

«педагог-зерттеуші» – 40%,

«педагог-сарапшы» – 35%,

«педагог-модератор» – 30%.

Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 73-бабына сәйкес, мемлекеттік бюджеттен шығындардың артуын көздейтін нормативтік құқықтық актілердің жобалары міндетті түрде Республикалық бюджеттік комиссияда қаралуы тиіс, – делінген министрлік түсіндірмесінде.

Бұл дегеніміз, 2026 жылы мұғалімдердің жалақысын көтеру мәселесі тек Бюджеттік комиссия қарап, мақұлдағаннан кейін ғана шешімін табады деген сөз.