2026 жылы ақшаны қайда құю керек? Қаржыны қандай валютада сақтаған тиімді? Сарапшылар осы сұрақтарға жауап беріп, қаражатты дұрыс басқарудың негізгі жолдарын түсіндірді.
«Жеке қаражатымды бірнеше жерде бөліп сақтаймын»
2026 жыл Қазақстан үшін экономикалық тұрғыдан «бейімделу жылы» болайын деп тұр. Қаржы сарапшысы Айгүл Жұманованың айтуынша, инфляцияның біртіндеп баяулауы күтілгенімен, бағаның толық тұрақтауына әлі ерте. Ол бұл үрдіске халықаралық және ішкі факторлардың қатар әсер ететінін атап өтті.
Баға өсіміне сыртқы факторлар – мұнай бағасы, геосаяси жағдай, импортқа тәуелділік, сондай-ақ ішкі факторлар – тарифтер, жалақы өсімі, бюджет шығындары әсер етеді. Нарықта азық-түлік пен қызмет көрсету бағасы әлі де өсім көрсетуі мүмкін, сондықтан халық үшін қаржыны сауатты басқару өзектілігін жоғалтпайды, – дейді сарапшы.
Оқи отырыңыз:
Осы жағдайда жеке қаржыны басқару бұрынғыдан да маңызды. Айгүл Жұманова ең тиімді тәсіл ретінде табыс пен шығынды нақты бақылауды атайды. Оның сөзінше, міндетті және міндетті емес шығындарды бөліп отыру, табыстың кемінде 10-20 пайызын жинаққа бағыттау және импульсивті сатып алудан бас тарту – инфляция кезеңінде бюджетті сақтаудың негізгі қағидалары.
Қарызды азайту және ұзақ мерзімді жоспармен өмір сүру – тұрақтылықтың кілті, – дейді ол.
Маман қаржылық жоспарлаудың мәні тек үнемдеуде емес, құрылым мен мақсатта екенін де еске салды.
Негізгі қағидалар – мақсаттылық, тұрақтылық және тәртіп. Қысқа, орта және ұзақ мерзімді мақсаттарды айқындап, әр мақсатқа бөлек құрал таңдау керек. Сондай-ақ қаржылық қауіпсіздік жастығын (3-6 айлық шығын көлемінде) қалыптастыру өте маңызды, – дейді сарапшы.
Қаржы сарапшысы бүгінде бір ғана валютаға сенім арту – тәуекелге барумен тең дейді.
Ең тиімдісі – валютаны әртараптандыру. Күнделікті шығындар мен депозиттердің бір бөлігі теңгеде, ал жинақтың бір бөлігі доллар немесе еурода болғаны дұрыс. Бұл валюта бағамының күрт өзгеруінен қорғайды, – дейді ол.
Қаражатты қайда орналастыру да мақсатқа байланысты. Егер қысқа мерзімге керек болса, депозит, жинақ шоты және ақша нарығы құралдары тиімді. Ал ұзақ мерзімге жоспар құратындарға облигация, инвестициялық қорлар, жылжымайтын мүлік және зейнетақы жинақтары ұсынылады.
Депозит – қауіпсіз әрі түсінікті құрал, әсіресе қысқа мерзім мен тұрақтылық үшін қолайлы. Ал инвестициялық құралдар ұзақ мерзімде табыстырақ, бірақ тәуекелі жоғары. Ең дұрыс шешім – депозит пен инвестицияны бірге қолдану, – дейді Айгүл Жұманова.
Осы ретте сарапшы ақшаны жоғалтудан немесе инфляциядан қорғаудың жолдарын атады.
Негізгі әдістер – әртараптандыру, пассив табыс көздерін құру, активтерді инфляциядан қорғайтын құралдарға салу және қаржылық білімді үнемі арттыру. Ақшаны үйде сақтау – ең тиімсіз тәсіл, – деп ескертеді ол.
Қаржы сарапшысы өз қаражатын бірнеше жерде бөліп ұстайтынын айтты.
Жеке қаражатымды бірнеше жерге бөліп сақтаймын: бір бөлігі – депозитте, бір бөлігі – шетел валютасында, бір бөлігі – ұзақ мерзімді активтерде. Негізгі қағида – барлық ақшаны бір жерде ұстамау, – деді ол.
Қаржы мәдениетінің әлсіздігі кейде инфляциядан да қауіпті болуы мүмкін. Айгүл Жұманованың айтуынша, халық ең жиі жіберетін қателіктер – жоспарсыз өмір сүру, табыстың бәрін жұмсау, резервтің болмауы, эмоциямен несие алу және қаржылық білімге мән бермеу.
Ерте бастан бюджет жүргізуді үйрену, жинақ әдетін қалыптастыру, қаржы туралы кітаптар мен курстар оқу, табыстың бірнеше көзін құруға ұмтылу және жеңіл ақшаға сенбеу керек, – деп кеңес береді қаржы сарапшысы.
2026 жылы ақшаны қайда құйған дұрыс?
2026 жыл қазақстандықтар үшін баға өсімі мен салық саясаты тұрғысынан оңай болмайтын секілді. Қаржы сарапшысы Сапаралы Құралдың айтуынша, қосымша құн салығы мөлшерінің ұлғаюы инфляциялық қысымды күшейтеді.
Қосымша құн салығы осы уақытқа дейін 8-12 пайыз аралығында болған, ал 2026 жылы 16 пайызға дейін өсті. Оны қарапайым мысалмен түсіндірейін: осы уақытқа дейін бір АЕК құны 3932 теңге болса, қазір 4325 теңге болды, өсім берді. Осыдан-ақ бізде инфляция құны көтеріліп жатқанын білуге болады, – дейді сарапшы.
Оның сөзінше, инфляция жыл сайын туындайтын дағдарыстарға байланысты қалыптасады және елдегі бағаға тікелей әсер етеді. ҚҚС-ның өсуі тек салық емес, жалпы нарықтық баға жүйесінің өзгеруін білдіреді.
ҚҚС көтерілуі – барлығы қымбаттайды деген сөз. Банктік пайыздық мөлшерлеме өседі, несие беру көбейеді, – дейді ол.
Сапаралы Құрал қарапайым халық үшін биылғы жыл күрделі болуы мүмкін екенін жасырмайды. Оның болжамынша, дәл осы кезең 2016 және 2020 жылдардағыдай «дағдарыс жылы» сипатында өтеді.
Қарапайым халықтың күн көру коэффициенті қиын болатын сияқты. Себебі барлық нәрсе қымбаттап жатыр, ал жалақы сол күйінде тұр, – дейді ол.
ҚҚС өсімінің психологиялық факторы да маңызды. Сапаралы Құралдың айтуынша, халық алғашында жаңа бағаға үйренісе алмайды, кейін барып бейімделеді.
Алғашқы жарты жылдықта 2026 жылы баға өсімі салыстырмалы түрде жоғары болады, бірақ жыл соңына қарай тұрақтала бастайды, – дейді Сапаралы Құрал.
Сарапшы жанармай бағасының да күрт өсуін болжайды. Бұл өз кезегінде барлық басқа бағаға мультипликативті әсер етеді.
Сапаралы Құрал ақшаны валюта күйінде сақтамай, оған баспана сатып алуға кеңес береді.
Қазір доллар бір көтеріліп, бір түсіп жатыр. Бүгінгі бағасы 510 теңге, алдында 498 теңгеге дейін түсті, кезінде 521 теңгеге дейін барды. Оданда қазір ақшаларыңыз болса, баспанаға салыңыздар. Себебі баспана құны ҚҚС-ға байланысты өте қатты өсім береді деген болжам бар. Сол себепті ұзақ мерзімде де, қысқа мерзімде де доллар мен еурода ұстағаннан гөрі ақшаны алғашқы жарна ретінде салып қойып, тиімді несиелік ипотекалық бағдарламамен рәсімдеген дұрыс. Сол кезде сіздер ұтасыздар, – дейді ол.
Сондай-ақ қаржы сарапшысы алтынның да тиімді екенін атап өтті.
Өз басым дәл қазір алтынға көбірек көңіл бөлемін. Бұл мойынға немесе қолға тағатын алтын емес, кәдімгі Ұлттық банктен берілетін алтын. Оның құлдырау коэффициенті өте аз, бірақ өсу коммерциясы жоғары. Қаражатыңызды бастапқы жарнаға, оған жетпей жатса, алтынға салған тиімді, – деп түсіндіреді Сапаралы Құрал.
Айта кетейік, бұған дейін банк қандай жағдайда сіздің картаңызды бұғаттай алатыны жайлы жазған едік.