Желідегі қатаң реттеу, жасанды интеллектінің тереңдей енуі және шынайылыққа деген ұмтылыс барған сайын бөлшектеніп бара жатқан әлемде әлеуметтік желілерді қайта қалыптастыруды жалғастырады.
Бір кездері жақындармен байланыс орнату үшін жасалған әлеуметтік желілер бүгінде жарнамаға толы, ЖИ жасаған сапасыз контент пен бірін-бірі тез алмастыратын трендтердің бейберекет қоспасына айналды. Мұның бәрін тәуелділік тудыратын алгоритмдер басқарып отыр.
ЖИ арқылы реттеуге болады
Соңғы кездері әлеуметтік желідегі сапасыз жарнама тақырыбын көтеріп жүрген қоғам белсенділерінң қарасы көбейді. Мұны біз X платформасында (бұрынғы Twitter) иесі Илон Маск модерация саясатын әлсіреткеннен кейін жеккөрушілік тілінің көбеюінен көрдік. Ал Meta-ның бизнеске шамадан тыс бағдарлануы нысаналы жарнаманың күрт артуына әкеліп, адамдармен еркін араласуды бұрынғыдан да қиындатты.
Мұның бәрі бір бетбұрыс сәтінің жақындап қалғанын көрсетеді: көптеген қолданушылар мен контент жасаушылар мағыналырақ қарым-қатынас іздеп Reddit пен мессенджерлер сияқты баламаларға көшіп жатыр немесе технологиядан мүлде бас тартуға тырысуда.
Жасанды интеллект жеке контентті дәл бейімдеуді күшейтіп, модерация сияқты міндеттерді жеңілдетуі мүмкін болғанымен, оның пайдасы мен зияны арасындағы тепе-теңдік әлі де үлкен алаңдаушылық тудырып отыр.
2026 жыл басталып, бізді жаңа вирустық сәттер күтіп тұрған шақта, біз осы жылы әлеуметтік желілерді қайта айқындайды деп есептейтін негізгі трендтер мен тақырыптарға шолу жасадық.
Жас шектеулері және ЖИ-ді реттеу
2025 жыл әлеуметтік желілерді реттеу тұрғысынан бетбұрыс кезең болды: ЖИ-дің қарқынды дамуы мен зиянды контентке қатысты алаңдаушылық интернетте ашықтық пен қауіпсіздікті күшейтуге шақырды.
Әлемде алғаш болып Австралия 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салғаннан кейін, кәмелетке толмағандарды қорғау мәселесі заңнаманың басты басымдығы болып қала береді. Бұл туралы Meta-ның Ішкі бақылау кеңесінің мүшесі әрі тең төрағасы Паоло Карозза мәлімдеді.
Жас қолданушыларды қорғау мен олардың ақпарат алу және тарату еркіндігі арасындағы тепе-теңдікті табу қажет, бұл өте күрделі қайшылық. Бұл платформалар адамдардың бір-бірімен байланысып, әлем, өз өмірі, білімі және әлеуметтік ортасы туралы негізгі ақпарат алатын маңызды арналар. Әсіресе жастарға қатысты осы қайшылықтарды үйлестіру қазір Бақылау кеңесі мен әлемдегі көптеген құқықтық және реттеуші жүйелер үшін жоғары басымдыққа ие, - деді Карозза Euronews Next-ке берген сұхбатында.
Енді бақылау күшейеді
ЖИ-ді интеграциялауды басқару да негізгі назарда. Бақылау кеңесі Meta компаниясына контентті таңбалау сияқты тетіктер арқылы анықтық пен ашықтықты қамтамасыз етуді талап етіп отыр. Бұл таңбалау өткен жылы дәйексіз деп танылған.
Пайдаланушыларға көбірек контекст пен мәлімет беру олардың қандай контентті тұтыну және бөлісу жөнінде саналы шешім қабылдауына мүмкіндік береді.
Алайда, Кароззаның айтуынша, ЖИ-контенттің осындай ауқымында бір ғана белгі жеткіліксіз; ЖИ құралдары басқа платформаларға жетпей тұрып-ақ қатаң модерациядан өтуі тиіс.
Жасанды интеллектінің тереңдей енуі
Талдаудан бастап контент жасау мен SEO-ға дейін ЖИ әлеуметтік платформалар мен олардың қолданушылары үшін негізгі құралға айналды. Компаниялар бәсекелестерінен озып шығу үшін орасан қаржы құйып жатқандықтан, оның мүмкіндіктері мен ауқымы жылдам кеңеюде.
Жыл басында Meta Сингапурлық Manus атты ЖИ компаниясын сатып алғанын жариялады. Бұл технология жалпы мақсаттағы агенттерді күрделі тапсырмаларды орындай алатын жасанды көмекшілерді дамыту үшін пайдаланылмақ.
Ал X платформасындағы даулы Grok чат-боты жақын арада xAI жасаған ең қуатты модель Grok 5 нұсқасымен жаңартылады. Сыбыстарға қарағанда, оның 6 триллион параметрі бар және ол терең ой қорыту мен нәзік жауап беру қабілеттерін ұсынады.
Алайда ЖИ-ді тиімділік үшін кеңінен қолдану қоғамдық қауіпсіздікті қорғау міндетімен үнемі қайшылықта болады, әсіресе контент модерациясы сияқты салаларда.
ЖИ бізге контентті ауқымды әрі тиімді түрде модерациялауға мүмкіндік береді, бұл жақсы. Бірақ адамды процестен алып тастау аса сақтықты талап етеді, себебі күрделі жағдайларда адамдық пайым қажет, - деді Карозза.
Жуырда Grok мыңдаған әйелдер мен балалардың сексуалдандырылған жалған суреттерін жасағаны жөніндегі жанжал көрсеткендей, ЖИ-дің сөзсіз тәуекелдерінен қорғайтын сенімді тетіктерді құру 2026 жылғы ең қызу талқыланатын тақырыптардың бірі болмақ.
Баламалы әлеуметтік платформалар
Sprout Social компаниясының Pulse 2025 сауалнамасына сәйкес, әлемдегі әлеуметтік желі қолданушыларының шамамен жартысы қауымдастықтар басқаратын баламалы платформаларда көбірек уақыт өткізгісі келеді.
Бұл үрдіс 2022 жылдан бері байқалады. Сол жылы Маск X-ті сатып алғаннан кейін қолданушылар Mastodon, Threads және BlueSky сияқты балама платформаларға жаппай көшті. Содан бері Reddit, Discord және мессенджерлер сияқты қауымдастыққа негізделген сервистер, сондай-ақ авторларға бағытталған Substack пен Patreon айтарлықтай өсім көрсетті.
Шынайылыққа, нишалық тақырыптарға және адами қарым-қатынасқа деген сұраныс бұл кеңістіктерге адамдарға әлеуметтік желілердің не үшін қажет екенін саналы түрде анықтауға мүмкіндік беріп, Instagram, Facebook және X-тегі уытты, жарнамасы көп ленталардан демалуға жол ашады.
Морристің айтуынша, осындай өзгеріс контент жасаушылар арасында да байқалады: алгоритмдердің тоқтаусыз талаптарынан шаршаған олар өз сараптамасына сай, баяуырақ әрі мәнді платформаларға көшуде.