Қазақстанның Қаржы министрлігі қазақстандықтардың мобильді аударымдарын тексеру талаптарына өзгеріс енгізді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Мемлекеттік кірістер комитеті есепшотына 1 миллион теңгеден (шамамен 1,9 мың доллар) көп қаражат түскен азаматтар туралы ақпаратты алатын болады. Яғни бұған дейінгі талап – үш ай ішінде әртүрлі адамдардан 100-ден астам аударым алу енді нақты сомамен толықтырылды. Енді аударымдардың көлемі 12 АЕК-тен (1 020 000 теңге немесе 1,9 мың доллар) асқанда тексеріс жүргізіледі.
Бұған қоса, банктер азаматтардың банк шоттары, ондағы қалдықтар және қаражат қозғалысы туралы мәліметтерді салық органдарына ұсынуға міндеттеледі. Бұл нормалар жаңа Салық кодексінде қарастырылған.