08.02.2026
12:21
843
2026 жыл Қазақстанның қаржы секторы үшін қалай болмақ

2026 жыл Қазақстанның қаржы секторы үшін қалай болмақ

2026 жыл Қазақстандағы банктер, сақтандыру компаниялары және брокерлік ұйымдар үшін өзгерістер мен бейімделу кезеңі болмақ. Нарық қатысушыларына жаһандық экономикалық үрдістермен қатар, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексі де айтарлықтай әсер етеді. Бұл құжат бизнес жүргізу тәсілдерін, қаржылық жоспарлау мен салықтық әкімшілендіруді қайта қарауға итермелейді.

Қаржы институттарының бағалауынша, жаңа Салық кодексі фискалдық тұрақтылықты күшейтіп, ашықтықты арттыруға және түрлі салаға ортақ ережелер қалыптастыруға бағытталған. Соның нәтижесінде компаниялар айналым капиталын басқару, өтімділікті сақтау және цифрлық қаржы құралдарын пайдалану бағытын күшейтеді. Банктер бұл кезеңде клиенттерге бейімделуге көмектесетін өнімдер мен сервистерді кеңейтпек.

Сарапшылар 2026 жылы экономиканың баяу, бірақ тұрақты өсімін күтеді. Оған қызмет көрсету секторы, ішкі тұтыну және инфрақұрылымдық-инвестициялық жобалар серпін береді. Сонымен бірге қаржы ұйымдары ESG қағидаттарын (экология, әлеуметтік жауапкершілік, корпоративтік басқару) кеңінен енгізіп, есептілік стандарттарын күшейтеді.

Инфляциялық қысым мен жоғары базалық мөлшерлеме банктердің несие саясатына әсер етуде. Қаржыландыру құны өсіп, тәуекелі жоғары жобаларға сақтықпен қарау үрдісі жалғасады. Бөлшек несиелеуде сұраныс баяулауы мүмкін, ал шағын және орта бизнес қысқа мерзімді және айналым несиелеріне көбірек жүгінеді. Мемлекеттік жеңілдетілген бағдарламалар мен кепілдік тетіктерінің рөлі артады.

Банктер цифрландыру мен қауіпсіздікке басымдық беруде. Қосымшалар жетілдіріліп, алаяқтыққа қарсы жүйелер мен операцияларды бақылау механизмдері күшейтіледі. Жасанды интеллект элементтері бар антифрод шешімдері белсенді енгізілуде.

Қор нарығында брокерлер үшін басты бағыт — ESG құралдары, цифрлық активтер және инвестициялық сервистерді экожүйелер мен superapp платформаларына біріктіру. Жаңа цифрлық қаржы активтері туралы заңнама криптонарықтағы пилоттық жобаларға жол ашуы мүмкін. Инвесторларға ІТ, жасанды интеллект инфрақұрылымы, деректер орталығы мен жартылай өткізгіштер саласы қызықты болмақ.

Өмірді сақтандыру секторында жинақтаушы және инвестициялық сипаттағы өнімдерге сұраныс өседі. Unit-linked форматындағы бағдарламалар, зейнетақы аннуитеттері және ұзақ мерзімді мақсатты жинақ өнімдері кең тарайды. Сақтандыру полистерін онлайн рәсімдеу мен мобильді сервистер үлесі көбейеді.

Салада тәуекелге негізделген реттеу стандарттары (Solvency II элементтері) кезең-кезеңімен енгізіліп, компаниялардың капитал мен тәуекелді басқару сапасына талап күшейеді. Бұл қаржы ұйымдарының тұрақтылығын арттырмақ.

Жалпы алғанда, 2026 жыл қаржы нарығы үшін қатаң реттеу, технологиялық жаңару және клиентке бағытталған сервистерді дамыту жылы болады. Негізгі міндет — жаңа ережелерге сай жұмыс істеп, тұрақтылық пен сенімділікті сақтау.