16.01.2026
18:01
648
2025 жылы еріктілер қандай бағытта көмек көрсетті

2025 жылы еріктілер қандай бағытта көмек көрсетті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ 2026 жылды Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялады. Қазақстанда еріктілікке қызығушылық артып, көптеген азаматтар көмек көрсетуге белсенді түрде қатыса бастады. 

Қазақстанда волонтерлер саны 300 мыңға дейін артты

Дүниежүзінде шамамен 1 млрд-қа жуық адам ерікті қызметпен айналысса, елімізде де бұл көрсеткіш жылдан жылға өсіп келеді. 2025 жылы Қазақстандағы белсенді волонтерлар саны 300 мыңға жуықтады. Олардың ішінде 6 мыңнан астамы – «күміс» волонтерлер. Сонымен қатар 800-ден аса волонтерлік ұйым түрлі бағытта жұмыс істеп тұр.

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында еріктілердің қатысуымен 27 мыңнан астам іс-шара өтті. Қоғам тарапынан үлкен қолдауға ие болған «Игі істер марафоны» жобасы аясында қазақстандықтар әлеуметтік, экологиялық, мәдени бағыттарды қамтыған 9 мыңнан аса игі іс атқарды. Бұл бастамаға 40 мың азамат белсенді түрде қатысқан.

Оқи отырыңыз:

Елімізде волонтерлік бастамалар жүйелі түрде дамып келеді. Қоғамға пайдасын тигізуді мақсат еткен белсенділердің қатары жылдан жылға артып жатыр. Бүгінде ел көлемінде Ұлттық фронт-кеңсе мен 20 өңірлік фронт-кеңсе жұмыс істейді, бірыңғай call-орталығы қызмет көрсетеді, сондай-ақ Qazvolunteer.kz ұлттық онлайн-платформасы іске қосылған. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде былтыр 56 волонтерлік жоба жүзеге асып, жергілікті бастамаларды дамыту үшін 60 шағын грант берілді. Биыл да еріктілер қозғалысын күшейту бағытындағы жұмыс жалғасуда.

Астанада волонтерлік ұйымдар көбейе бастады

Астана волонтерлік қозғалысының белсенді орталықтарының біріне айналып келеді. Қалада тұрақты және кезең-кезеңімен жұмыс істейтін ұйымдарды қосқанда шамамен 50-ге жуық волонтерлік қозғалыс бар. Жыл сайын олардың қызметі туралы ақпарат көбейіп, волонтер болуға ниетті жастардың саны артып келеді.

«Астана жастары» жастар ресурстық орталығының волонтерлік қозғалысты дамыту бөлімінің маманы Айзат Әлидің айтуынша, волонтер болуға келгендердің мақсаты әртүрлі. Біреулер қоғамға пайдасын тигізгісі келсе, енді біреулер шетелдік университеттерге түсу үшін портфолиосын толықтыруды көздейді. Тағы бір бөлігі өз өмірін қызықты оқиғалармен әртараптандыру немесе жаңа достар табу мүмкіндігін көреді.

Бұрын қаладағы волонтерлер бір-бірін білмей, ұқсас бағытта жұмыс істейтін жағдайлар жиі болған. Сол себепті 2019 жылы «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы қалалық Волонтерлер штабын құру туралы бастама көтерді. Бұл шешім қозғалыстарды біріктіруге, ресурстық қолдау көрсетуге, ақпарат алмасуға және қаладағы іс-шараларды бір арнадан ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Бүгінде штаб алтыншы жыл жұмыс істеп келеді.

Қалалық Волонтерлер штабы волонтерлік ұйымдар мен қозғалыстарды шоғырландыру, ақпараттық және ресурстық көмек көрсету, бастамаларды дамыту үшін құрылды. Бүгінде біз тұрақты негізде 30 волонтерлік ұйыммен, 20 бастамашыл топпен және 4 үкіметтік емес ұйыммен жұмыс істейміз. Штаб базасында 8000-нан астам белсенді волонтер бар, – деп түсіндіреді Айзат Әли.

Еріктілер әлеуметтік көмектен экожобаларға дейін түрлі салада белсенді

Астанадағы волонтерлер жыл сайын кең көлемде әлеуметтік, экологиялық және гуманитарлық бағыттағы жобаларға қатысады. Қалада «BizBirgemiz», «Қауіпсіз қала», «Қамқорлық мекен-жайлары», «Ардагерлерді ардақтайық», «Taza Alem», «Taza Qazaqstan», «Stop Vandal», «Марафон добрых дел», «Есірткісіз елорда» сияқты бастамалар аясында 1310 акция өтті. Еріктілер азық-түлік, киім-кешек, жиһаз таратудан бастап адамдарды іздеуге, білім беру жобаларына қатысуға дейін кең көлемде қолдау көрсетіп келеді. Қыс мезгілінде қалалық кәсіпорындармен бірге жалғызбасты зейнеткерлердің аулаларын қардан тазалау жұмыстары да ұйымдастырылады.

Қалада іс-шаралар 6-дан астам бағыт бойынша өтеді. Әсіресе экология, әлеуметтік көмек, адамдарды іздеу және event-жобаларға қатысу танымал. Мысалы, біздің қозғалыста волонтерлердің орташа жасы 15-16 жас болса, Қалалық Волонтерлер штабына 30+ жастағы саналы көмек көрсететін азаматтар келеді. Яғни әр жас тобы өзіне тән мотивациямен келеді, – дейді бөлім маманы.

Волонтерлердің еңбегі материалдық тұрғыда бағаланбайды, алайда ұйымдар атқарылған қызметті ынталандыруға тырысады.

Волонтерлер ешқашан төлем алмайды. Әрине, барлығы төлем алғысы келеді, бірақ біз жабдықтар беруге, концерттерге билеттермен ынталандыруға тырысамыз. Волонтерлікті еңбек өтілі ретінде тану туралы мәселе бірнеше рет көтерілді, бірақ ол әзірге заң жүзінде реттелген жоқ, – дейді Айзат Әли.

Қалада волонтерлік мәдениет те қалыптасып келеді. Жыл сайын Астанада бір рет 70 мыңнан астам адам волонтерлікке қатысады. Еріксіз қатыстыру жоқ, бәрі ерікті түрде. Бұл қоғамның әлеуметтік сезімталдығы артқанын көрсетеді.

Қазір ешқандай оқиға немесе төтенше жағдай шетте қалмайды. Волонтерлер міндетті түрде көмекке келеді. Жақын болашақта волонтерлік ұйымдар қаржылық жағынан тәуелсіз әрі тұрақты болатынына сенеміз. Өйткені көпшілігі ресурстарсыз, бастамашыл түрде құрылған. Демеушілер көбіне тек көмекке мұқтаж адамдарға қолдау көрсеткісі келеді. Болашақта ұйымдардың өзара бәсекелесетін кезеңі де келеді деп ойлаймыз, – дейді ол.

Астана волонтерлері өткен жылы қандай жұмыстар атқарды? 

2025 жылы Астана волонтерлері халықаралық және республикалық деңгейдегі 130-дан астам іс-шараға қатысты. Солардың ішінде Дженнифер Лопес пен Backstreet Boys концерттері ерекше атап өтілді. Бұл шараларға ағылшын, қазақ, орыс және өзге де тілдерде сөйлейтін 140 ерікті тартылған. Волонтерлер сонымен қатар Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына арналған шеруге, халықаралық спорттық жарыстарға, футбол матчтарына, форумы мен жәрмеңкелерге қатысты.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Экологиялық бағыттағы «Taza Alem» жобасы бойынша 55 эко-сенбілік өткізілді. Есіл өзенінің жағалауын тазалауға арналған 25 акция өтті. Бұл жұмыстарға 10 мыңнан астам волонтер мен 4 мың қала тұрғыны тартылды. Сондай-ақ, қала әкімдіктерімен бірлесіп 800 ағаш отырғызылды, оның екеуіне ел президенті де қатысты.

«Қамқорлық мекен-жайлары» жобасы аясында жалғызбасты зейнеткерлердің 70 үй ауласына көмек көрсетілді. Сонымен қатар кәсіпорындармен бірлесіп қар тазалау бойынша 40 акция ұйымдастырылып, 3 мыңнан астам адам жұмылдырылды. Құрбан Айт кезінде 1000 азық-түлік жиынтығын тасымалдау түрінде тұрақты көмек көрсетілді.

«Волонтер болу – қоғамды жақсы жаққа өзгертуге қосылған үлес»

Айзат Әлидің пікірінше, еріктілік тек көмек көрсету ғана емес, азаматтық жауапкершілікті күшейтетін фактор.

Волонтерлік қозғалыс Қазақстан қоғамының ажырамас бөлігіне айналып келеді. Бұл үрдіс қоғамның бірлігін нығайтып, адамдар арасындағы мейірімділік пен өзара түсіністікті арттырады. Волонтер болу – азаматтық борыш қана емес, сонымен бірге қоғамды жақсы жаққа өзгертуге қосылған үлес, – дейді ол.

«Жастарды қоғамдық жұмыстарға ерте жастан тарту маңызды»

Тараз қаласында еріктілік қозғалысы белсенді дамып келеді. Бұл жолда аянбай қызмет етіп жүрген жастардың бірі – «Жастар Рухы» ЖҚ Тараз қалалық бөлімшесінің жетекшісі Шынар Тоқтамыс. Ол волонтерлік қызметке студент кезінен араласып, төрт жыл ішінде бұл істің оның өмірлік ұстанымына айналғанын айтады.

Еріктілік жолында жүргеніме шамамен төрт жыл болды. Осы уақыт ішінде ерікті болу мен үшін жай ғана қоғамдық жұмыс емес, өмірлік ұстанымым мен азаматтық көзқарасымның маңызды бөлігіне айналды, – дейді Шынар. 

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Шынардың айтуынша, еріктілікке қызығушылығы оқу орнында жүргізілген ақпараттық жұмыстардан бастау алған.

Еріктілікке оқу орнымызда жүргізілген агитациялық жұмыстар арқылы келдім. Жаңа орта, жаңа мүмкіндіктер және студенттік өмірімді мазмұнды өткізуге деген ұмтылыс мені осы бағытқа жетеледі. Осы жолда өзімді дамытып, қоғамға пайдалы болудың шынайы мәнін түсіндім, – дейді ол.

Бүгінде «Жастар Рухы» белсендісі ретінде бірнеше бағытта қызмет атқарып келеді. Қарттар мен ардагерлерге көмек көрсету, мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау, табиғатты қорғауға атсалысу – жастардың күнделікті атқарып жүрген жұмыстарының бір бөлігі.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Біз ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі үлкен ата-апалардың үйіне барып, үйлерін тазалап, өздігінен жасай алмайтын жұмыстарын істеп береміз. Сонымен қатар табиғатты қорғау бағытындағы акцияларда құстарға үй салып, жем беріп, иттерді тамақтандырамыз. Мүмкіндігі шектеулі отбасылар мен балалар үйіне барып, мереке күндері көңілдерін көтеруге тырысамыз. Бір апта бойы орталықтарға барып концерт қойып, ойын ұйымдастырған күндеріміз де болды, – дейді ол.

Шынардың пікірінше, еріктілердің қоғамдағы рөлі жыл санап артып келеді.

Бүгінде еріктілік азаматтық белсенділік пен әлеуметтік жауапкершіліктің айқын көрінісі ретінде бағаланып, жастар арасында кең қолдау табуда. Оны дамыту үшін еріктілер еңбегін дәріптеп, жастарды қоғамдық жұмыстарға ерте жастан тарту маңызды деп санаймын, – дейді ерікті.

Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаттары Павлодар белсенділерімен волонтерлікті дамыту мәселесін көтергені жайлы жазған едік.