2025 жылы декреттік төлем қалай өзгереді?

Бүгiн, 10:10 298

Қазақстанда ана мен балаға қолдау көрсету – мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының бірі. Жүктілік, босану және бала күтімі кезеңдерінде әйелдер мен отбасыларға қолайлы жағдай жасау үшін заңнамада декреттік демалыс және арнайы жәрдемақылар қарастырылған. Бұл аналардың денсаулығын сақтау, балалардың дұрыс күтімін қамтамасыз ету, сондай-ақ ата-аналарға алғашқы жылдары бала тәрбиесіне көңіл бөлуге мүмкіндік беру мақсатында енгізілген.

Бүгін біз  2025 жылдан бастап жүкті және босанған әйелдерге берілетін декреттік төлем, жәрдемақыларда қандай өзгеріс болатыны жайлы тарқатып айтамыз.

Декреттік демалыс қанша күнге созылады?

Қазақстанда декреттік демалыс қалыпты босану жағдайында 126 күн беріледі. Оның ішінде 70 күн (жүктілік кезінде) және 56 күн (босанғаннан кейін). Ауыр босану, кесарь тілігі немесе егіздер мен үшемдер дүниеге келген жағдайда демалыс ұзақтығы 140 күнге дейін ұзартылады. Ядролық сынақтар аймағында тұратын әйелдерге 170 күн (қалыпты жағдайда) немесе 184 күн (ауыр босану кезінде) демалыс тағайындалады. Жаңа туған сәбиді асырап алған жағдайда баланың туған күнінен бастап 56 күн еңбекке жарамсыздық парағы ашылады. Бала күтіміне байланысты демалыс 3 жылға созылады. Бұл уақыт ішінде қызметкердің жұмыс орны сақталады. Демалысты ата-ананың бірі алуына болады (мысалы, әкесі немесе анасы). Олар өз қалауымен демалыс уақытынан ерте жұмысқа орала алады.

Бұл тәртіптер отбасыларға баланың алғашқы жылдарында қамқорлық жасауға қолайлы жағдай туғызады.

Демалыс қалай рәсімделеді?

Декреттік демалысты рәсімдеу үшін алдымен медициналық мекеме берген еңбекке уақытша жарамсыздық парағы қажет. Бұл құжатты алған соң, жұмыс істейтін әйел жұмыс берушінің атына демалыс беру туралы өтініш жазады. Өтініш тапсырылғаннан кейін, мекеме қызметкер үшін декреттік демалыс туралы бұйрық шығарады.

Еңбекке уақытша жарамсыздық парағы босануға дейінгі және кейінгі көрсетілген мерзімдерге (бала туғаннан бастап 56/70 күнге дейін) демалыс алуға мүмкіндік береді. Егер анасы (әкесі, не қамқоршысы) бала туғаннан кейінгі 56/70 күн өткен соң жұмысқа оралуды жоспарламаса, тағы да ақысыз демалыс алу үшін өтініш жазылады. Бұл демалыс бала 3 жасқа толғанға дейін берілуі мүмкін.

Жәрдемақының қандай түрлері бар?

Жүкті және босанған әйелдерге берілетін жәрдемақының үш түрі бар. Оның үш түрі жұмыс істейтін әйелдерге, ал жұмыс істемейтін әйелдерге екі түрі төленеді.

Жұмыс істейтін әйелдер үшін:

  1. Жүктілігі және босануы  бойынша табысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем (босанғанға дейін);
  2. Баланың тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы (босанғаннан кейін);
  3. Баланың бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтімі бойынша әлеуметік жәрдемақы (босанғаннан кейін).

Жұмыс істемейтін әйелдер үшін:

  1. Баланың тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы (босанғаннан кейін);
  2. Баланың бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтімі бойынша әлеуметік жәрдемақы (босанғаннан кейін).

Қазақстанда бұл мемлекеттік жәрдемақы мөлшері басқалар сияқты айлық есептік көрсеткішпен есептеледі. Қаржы министрлігі Ашық НҚА порталында 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын жариялаған еді. Құжатқа сәйкес, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап АЕК мөлшері 3 932 теңгеге (2024 жылғы 1 АЕК – 3692) теңге дейін өседі деп жоспарланған.

Жүктілігі және босануы бойынша табысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем қалай есептеледі?

Табысынан айырылған жағдайда берілетін бір реттік әлеуметтік төлем төмендегі формула бойынша есептеледі:

  1. Орташа айлық табысты анықтау:

Соңғы 12 айдағы жалпы табысыңызды қосып, 12-ге бөліңіз. Бұл сіздің айлық орташа табысыңыз болады.

  1. Еңбекке жарамсыз күндер коэффициентін қолдану:
  • Егер еңбекке жарамсыздық 126 күнге берілсе, коэффициент – 4,2 (126 ÷ 30 = 4,2).
  • Егер 140 күнге берілсе, коэффициент – 4,7 (140 ÷ 30 = 4,7).
  1. Төлемді есептеу:

Орташа айлық табысыңызды еңбекке жарамсыздық коэффициентіне көбейтіңіз. Нәтижеден 10% зейнетақы жарнасын шегеріңіз.

Мысал:

Айталық, сіздің айлық орташа табысыңыз 250 000 теңге. Есептеу былай жүргізіледі:

  • 250 000 × 4,2 = 1 050 000 теңге.
  • 10% зейнетақы жарнасы шегерілген соң, 1 050 000 – 105 000 = 945 000 теңге болады.

Бұл – сіздің қолға алатын декреттік төлем сомасы.

Маңызды ескерту:

Мемлекет 7 ең төменгі жалақы мөлшерінен (ЕТЖ) аспайтын соманы ғана төлейді. Егер табысыңыз осы мөлшерден жоғары болса, төлемдер басқаша есептеледі.

2025 жылғы (2024 жылғыдай) ең төменгі жалақы мөлшері 85 000 теңге, ал 7 ЕТЖ = 595 000 теңге.

Демек, 595 000 × 4,2 = 2 499 000 теңге болады. Одан зейнетақы жарнасын шегерген соң, 2 499 000 – 249 900 = 2 249 100 теңге шығады. 

Бұл – мемлекет төлейтін ең жоғары төлем сомасы.

Егер сіздің жалақыңыз осы шектен асса, жұмыс беруші үстіндегі айырманы еңбек шартына сәйкес төлеп бере алады. Сондықтан еңбек келісіміңізде бұл тармақтың көрсетілгенін тексеру маңызды.

Баланың тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы

Бала тууға байланысты тағайындалатын біржолғы мемлекеттік жәрдемақы – бұл жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін әйелдерге де берілетін әлеуметтік көмек. Жәрдемақы алу үшін өтініш беру үшін ХҚКО немесе eGov порталын пайдалану қажет. Өтініш берушіге келесі құжаттар қажет болады:

  • Жеке басын куәландыратын құжат;
  • Баланың туу туралы куәлігі немесе АХАЖ органдарынан алынған туу туралы актілік жазбаның үзінді көшірмесі, немесе азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтама мәліметтері;
  • Неке қию және бұзу туралы куәлік (қажет болған жағдайда);
  • Балаға қамқоршылық белгіленгенін растайтын құжат немесе бала асырап алу туралы мәліметтер;
  • Тұрғылықты жері бойынша тіркелу туралы мәліметтер.

2025 жылғы жәрдемақының мөлшері төмендегідей болады:

  • Бірінші, екінші және үшінші баланың тууына – 38 АЕК немесе 149 416 теңге;
  • Төртінші және одан да көп балаға – 63 АЕК немесе 247 716 теңге.

Баланың бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтімі бойынша әлеуметік жәрдемақы

Бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы сәби бір жарым жасқа толғанға дейін төленеді. Бұл жәрдемақы балаға қарайтын және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспаған жұмыс істемейтін әйелдер мен ерлерге тағайындалады.

Жәрдемақы мөлшері бала санына байланысты өзгеріп отырады. 2025 жылғы есеп бойынша төленетін жәрдемақы:

  • Бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 22 649 теңге;
  • Екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 26 777 теңге;
  • Үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 30 867 теңге;
  • Төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 34 995 теңге.

Көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақы

Кәмелетке толмаған төрт және одан көп балалары, оның ішінде 18 жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ 23 жасқа толғанға дейін) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және ЖОО-дан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар көпбалалы отбасыларға тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы.

Оның мөлшері бала санына қарай есептеледі. 2025 жылғы есеп бойынша төленетін жәрдемақы:

  • Төрт балаға – 16,03 АЕК немесе 63 030 теңге;
  • Бес балаға – 20,04 АЕК немесе 78 798 теңге;
  • Алты балаға – 24,05 АЕК немесе 94 565 теңге;
  • Жеті балаға – 28,06 АЕК немесе 110 332 теңге;
  • Сегіз және одан көп баланың әрбіріне 28,06 АЕК-ге 4 АЕК (15 728 теңге) қосылып отырады.

Декреттік демалысқа шыққан жұмыс істейтін әйел немесе ер адамға бала 1,5 жасқа толғанға дейін жәрдемақы басқаша төленеді. Бұл төлем соңғы 24 айдағы табыстың негізінде есептеледі.

Есептеу тәсілі:

  1. Соңғы 24 айдағы табысты 24-ке бөлу.
  2. Нәтижені 0,4-ке көбейту, яғни табысының 40%-ы болады.

Мысалы, егер адам 2 жыл бойы айына 250 000 теңге жалақымен жұмыс істесе, онда оны 24-ке бөлгенде 250 000 теңге шығады. Осы соманы 0,4-ке көбейткенде 100 000 теңге болады.

Бұдан басқа, бұл есептеуде сыйақы, еңбек демалыс төлемі сияқты қосымша төлемдер де ескеріледі. Бірақ төлемнің жалпы сомасы 7 еселенген ең төменгі жалақы мөлшерінен аспауы тиіс. 1 ең төменгі жалақы (ЕТЖ) 85 000 теңге болғандықтан, ең жоғарғы төлем сомасы 595 000 теңге болады.

Жалпы, бұл әлеуметтік төлем жұмысшының соңғы 24 айдағы табысының 40%-ын құрайды, бірақ оның мөлшері 595 000 теңгеден аспауы керек.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: