24.12.2025
14:52
604
2025 жылғы үздік отбасылық көлік анықталды

2025 жылғы үздік отбасылық көлік анықталды

Отбасылы адамдар соңғы жылдары минивэндерден бас тартып, кроссоверлерге бет бұра бастады. Бұған көлік орындықтарының биіктігі, жолда жүру, кең салон мен күнделікті қолданыстағы ыңғайлылық себеп. Қазіргі таңда отбасылық кроссоверлердің таңдауы кең болғанымен, солардың ішінде үздік деп танылған бір модель бар.

Британиялық WhatCar журналының нұсқасы бойынша, 2025 жылдың ең үздік отбасылық автокөлігі – Kia Sportage. Басылым бұл модельді ең алдымен қолжетімді бағасы үшін жоғары бағалайды. Оның құны Mercedes, Range Rover немесе BMW секілді премиум брендтермен салыстырғанда әлдеқайда төмен, ал мүмкіндігі мен әмбебаптығы өте жоғары.

Сарапшылардың пікірінше, Kia Sportage басқаруға жеңіл, жайлылығы жағынан өзіне жақын Hyundai Tucson-нан сәл озық және интерьері де анағұрлым жинақы. Сонымен қатар артқы қатардағы жолаушылар үшін кең орын мен сыйымды жүксалғышы бар, бұл оны отбасы үшін таптырмас көлікке айналдырады.

Әрине, әлсіз тұстары да жоқ емес. Рейтинг авторлары атап өткендей, панорамалық шатыр артқы жолаушылар үшін төбе тұсындағы кеңістікті сәл шектейді. Бұдан бөлек, артқы қатарға арналған смарт-функциялардың жоқтығы және гибридті емес қозғалтқышпен жұптасқан автоматты беріліс қорабының кейде баяу әрекет етуі де минус ретінде көрсетілген. Дегенмен бұл кемшіліктер көлікті пайдалану барысындағы жалпы әсерді айтарлықтай бұзбайды.

Айта кетейік, 2025 жылғы үздік отбасылық автомобильдер тізіміне британиялық сарапшылар сондай-ақ Skoda Elroq, Renault Scenic, Volvo XC40 және Tesla Model Y модельдерін де енгізген.