2025 жыл Қазақстан үшін ішкі саяси реформалар мен сыртқы саясаттағы ірі бетбұрыстарға толы болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ, Қытай, Жапония және басқа да елдермен жоғары деңгейдегі кездесулері, халықаралық саммиттер, дінаралық диалог алаңдары, басқару жүйесіндегі батыл шешімдер – мұның бәрі елдің жаңа саяси бағытын айқындады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары мен қабылданған шешімдер Қазақстанның әлемдік аренадағы рөлін күшейтіп, ішкі тұрақтылық пен даму моделін қайта қарауға жол ашты. Осы жылы ел тарихында қалған басты саяси оқиғаларға шолу жасаймыз.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамппен Ақ үйде кездесті.
Көшбасшылар Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестікті тереңдету перспективаларын талқылап, сапар аясында қол қойылған 17 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдерді құптады.
2025 жылғы 14 наурызда Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Бурабайда Ұлттық Құрылтайдың IV отырысы өтті. Екі күнге жалғасқан жиында құрылтай мүшелері ел дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын өзекті мәселелерді талқыға салды.
Мемлекет басшысы қандай маңызды бастамаларды ұсынды?
2025 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын жариялады.
Жолдауда елдің даму стратегиясының жаңа кезеңдері, соның ішінде мемлекеттік басқаруды жетілдіру, цифрландыруды жеделдету және саяси жүйені жаңғырту мәселелері қамтылды.
Президент өз сөзінде экономиканы әртараптандыру, жаңа технологияларды енгізу, әлеуметтік салаларды дамыту және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған басым міндеттерді айқындады.
Астанада 2025 жылдың 17 маусымында «Орталық Азия - Қытай» ІІ саммиті өтті. Оған 5 мемлекеттің, яғни Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстанның басшылары мен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин қатысты.
Форум қорытындысы бойынша мемлекеттер басшылары екінші «Орталық Азия – Қытай» саммитінің Астана декларациясына, сондай-ақ елдер арасында мәңгі тату көршілік, достық пен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойды.
17 қыркүйекте елордадағы Тәуелсіздік сарайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезі өтті.
Форумға әлемнің 60 елінен 700-ден астам қатысушы жиналды. Олардың қатарында ірі әлемдік діндердің өкілдері, халықаралық ұйымдар мен рухани орталықтардың жетекшілері бар.
Алқалы жиын аясында рухани құндылықтарды нығайту, конфессияаралық диалогты дамыту, экстремизм мен радикализмге қарсы іс-қимыл, сондай-ақ қоғамның тұрақты дамуына әйелдердің қосқан үлесі және басқа да мәселелер қарастырылды.
Қытай: 16 маусым күні Қытай президенті Си Цзиньпин Астанаға сапармен келді. Сапар барысында жоғары деңгейдегі екіжақты кездесулер өтіп, екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту мәселелері талқыланды.
Жапония: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияға ресми сапармен барды. Президенттің Жапонияға алғашқы ресми сапары император Нарухитомен кездесуден басталды. Екі елді өзара құрмет пен түрлі саладағы табысты ықпалдастыққа негізделген байырғы достық қатынастар біріктіреді.
Вьетнам: Мамыр айында Қазақстанға мемлекеттік сапармен Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам келді. Жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында екі елдің сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығын дамыту перспективасы талқыланды.
Словения: Наурыз айында Словения Президенті Наташа Пирц-Мусар Қазақстанға ресми сапармен келді. Словенияның Қазақстан экономикасына салған тікелей инвестициясының көлемі 200 миллион долларға жуықтады. Сапар барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
Конго: Қыркүйек айында Конго Демократиялық Республикасының президенті Феликс Чисекеди тұңғыш рет Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді.
Қазақстанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік – яғни, Антикор деген атау тарих қойнауына кетті. Бұдан былай бұл орган жеке ведомство ретінде өмір сүрмейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған жаңа Жарлыққа сәйкес, Антикор Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрамына қосылды.
2025 жылдың 8 қыркүйегінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында саяси жүйенің ауқымды реформасы туралы бастама көтерді. Ең маңызды ұсыныс – қос палаталы Парламенттен (Мәжіліс пен Сенат) бір палаталы жүйеге көшу. Бұл реформа Қазақстанның саяси жаңғыруының келесі кезеңі ретінде қарастырылады және «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын нығайтуға бағытталған.
Жыл бойы ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы жалғасты, бұл саяси партиялардың аймақтардағы жұмысына серпін берді. 1500-ден астам партия өкілі (алты партия мүшелері) және 700-ден астам өзін-өзі ұсынған кандидат әкім болып сайланды. Қарашада Тоқаев ауыл әкімдерінің диалог платформасында сөйлеп, ауылды дамыту міндеттерін айқындады.
Сондай-ақ Семейде өткен қала әкімі сайлауының нәтижесі бойынша 89 441 дауыс жинап, қала басшысы болып Әділет Қожанбаев сайланды.
Қазақстанда алғашқы атом станциясының құрылысы қайда жүргізілетіні ресми түрде анықталды. Атом электр станциясы Алматы облысының Жамбыл ауданында салынады.
Айта кетсек, 2024 жылы 2 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС салу мәселесі бойынша республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Ал референдум 2024 жылы 6 қазанда өтті. Дауыс берген қазақстандықтардың 71,12 пайызы АЭС салуды қолдады.
Қабылданған бастамалар мен жүзеге асқан өзгерістер елдің ұзақмерзімді даму мақсатына бағытталып, қоғам алдында жаңа міндеттер мен жауапкершіліктер жүктеді. Бұл оқиғалар Қазақстанның алдағы жылдардағы саяси және экономикалық келбетін айқындайтын маңызды негізге айналды.