2024 жыл Қазақстанның мәдениеті мен ғылымы үшін ауыр жыл болды. Ел дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар көрнекті тұлғалар – өнер иелері, ғалымдар, қоғам қайраткерлері өмірден өтті. Олар артында өшпес із, мол мұра қалдырды. Халықтың жүрегінде сақталар бұл тұлғалардың есімдері әрдайым ел тарихында құрметпен аталмақ.
15 қаңтар Қазақ әдебиетінің классигі, ақын, драматург Ілияс Жансүгіровтің қызы Ильфа Ілиясқызы 89 жасқа қараған шағында қайтыс болды.
Ильфа Ілиясқызы 1935 жылы 29-мамырда Алматыда дүниеге келген, бірақ 1937 жылы, небары 2 жасынан бастап, "халық жауы отбасының" мүшесі ретінде астанадан аластатылып, бүкіл Қазақстан даласын аралап, көшіп кетуге мәжбүр болды. Соғыс жылдарында Жамбыл облысының Меркі ауылында тұрақтады. Тек 1950-жылдардың басында ғана Алматыға қайта оралған Ильфа Жансүгірова Шет тілдері институтына оқуға түседі. Оны бітірген соң Қ.Сәтпаев атындағы политехникалық институтта, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институында неміс тілі пәнінің оқытушысы болып, ҚазССР Педагогикалық қоғамының Ғалым хатшысы, сонымен қатар ҚазССР Ғылым академиясының шет тілдер кафедрасының оқытушысы болып жұмыс істеді.
1958 жылы Ильфа Ілиясқызы Санжар Оразұлы Жандосовқа тұрмысқа шығады, екеуі бес баланы өсірді. Ильфа Жандосова тек батыр ана, жоғары білікті ұстаз ғана емес, 34 жыл ғұмырын бірге өткізген өмірлік қосағы, 1992 жылы қайғылы қазаға ұшыраған мемлекет және қоғам қайраткері С.Жандосовтың сенімді серігі де бола білді. 1999 жылы ол Ілияс Жансүгіров қоғамдық қорын құрып, оның жұмысын өзі басқарды. Қор Ілияс пен Фатима Ғабитованың шығармашылық мұрасын жинақтап, зерделеп, аударып, басып шығарды, мектептер мен музейлерге қамқорлық көрсетіп отырды.
И.Жандосова-Жансүгірова «Тағдырымның іздері»атты естеліктер жинағын шығарды. Өмірінің соңғы сағаттарына дейін Ильфа Ілиясқызы Қазақстандағы азаматтық қозғалыстар мен олардың белсенділерін қолдаумен өтті.
12 наурызда белгілі жазушы Жұмабай Шаштайұлы өмірден өтті. Жұмабай Шаштайұлы 1950 жылы Жамбыл ауданы Жамбыл ауылында дүниеге келген.
Ол «Коммунизм жолы» газетінде, 1980-87 жылдары республикалық «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде, 1987-90 жылдары «Жалын» журналында жұмыс істеді.
1990-92 жылдары «Қазақ тілі» қоғамы Алматы облыстық комитеті төрағасының орынбасары, 1992-96 жылдары «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде бөлім меңгерушісі, 1996-2002 жылдары халықаралық «Заман-Қазақстан» газетінің бас редакторы болды.
2002 жылдан Қазақ радиосының бас редакторы қызметін атқарды. 2008-2017 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор болған.
«Таң нұры» атты ұжымдық жинаққа «Қияда» атты алғашқы повесі енді. 1984 жылы шыққан «Қызыл қар» атты тұңғыш жинағы сол кездегі саяси басшылық тарапынан қатал сынға ілікті. «Жала мен нала» (1987 ж), «Жыр жолбарыс» (1996 ж), «Біздің заманның Аяз биі» (1997 ж), «Жаңғырық» романы (2004 ж), таңдамалы 2 томдық жинағы (2010 ж) және «Аяз би» романы «Жазушы» баспасынан қайта басылып шыққан (2013 ж).
3 сәуірде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді өмірден өтті. Өмірбек Байгелді – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының алғашқы Төрағасы болды (1996-1999 ж.ж.).
Өмірбек Байгелді 1939 жылы Жамбыл облысының Қызыл-Октябрь ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын Жамбыл облысы Жамбыл ауданының Қызыл-Октябрь колхозында жұмысшы болып бастаған.
1990 жылдары Жамбыл облыстық атқару комитетінің төрағасы, Жамбыл облысының әкімі, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі болды.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бірінші, екінші, үшінші және төртінші шақырылымдағы депутаты болды. Парламент Сенатында 16 жылдан астам қызмет атқарды.
4 сәуірде танымал журналист Ғаділбек Шалахметов өмірден өтті. Ғаділбек Шалахметов – 300-ден астам ғылыми және публицистикалық мақаланың авторы, Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі.
Ғаділбек Мінәжұлы БАҚ саласындағы еңбек жолын Алматы телестудиясында бастап, Қазақ теледидары бағдарламаларының редакторы, бас редакторы, Қазақ ССР Телевизия мен радио хабарлары жөнiндегi Мемкомитетiнiң төрағасы қызметтерін атқарды.
1991 жылы Президенттің баспасөз хатшысы болып тағайындалып, ҚР Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрiнiң бiрiншi орынбасары – Қазақ ССР Телевизия мен радиохабарлары жөнiндегi Мемкомитетiнiң төрағасы болып жемісті еңбек етті.
Майталман маман мемлекетаралық «Мир» телерадиокомпаниясының негізін қалап, БАҚ саласының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты.
12 сәуірде белгілі күйші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Әбдімомын Желдібаев 90 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Әбдімомын Желдібаев 1934 жылы 15 қазанда Жамбыл облысы Шу ауданында дүниеге келген. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген.
30 жылдан астам уақыт «Шу еркесі» халық аспаптар ансамбліне жетекшілік етті. Композитордың «Арман құс», «Толғау», «Жесір сазы», «Ыдырыс», «Аққу», «Абай арманы», «Жамбыл толғауы», «Тұран елі» сияқты 70-тен астам күйі мен әні бар.
Оның «Ерке сылқым» күйі халыққа кеңінен таралған. Күйшінің атақты туындысы – «Ерке сылқымның» құрметіне 2011 жылы Шу қаласында ескерткіш орнатылған.
«Құрмет», «Парасат» ордендерінің, айрықша белгідегі «Алтын барыс» төсбелгісінің иегері.
27 сәуірде отандық белгілі ғалым Жайлаубай Қыдырбаев 77 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Профессор Жайлаубай Қыдырбайұлы үй құстары мен ауыл шаруашылығы жануарларының қауіпті вирустық ауруларына қарсы вакциналарды, оның ішінде А/H5N1 Kazfluvac және А/Н1N1 Refluvac пандемиялық тұмауына, ҚР денсаулық сақтау саласына арналған Kazfluvir маусымдық тұмауына қарсы вакциналарды дайындау технологияларын әзірлеуге арналған нысаналы республикалық ғылыми-техникалық бағдарламалардың бірқатар жобаларына жетекшілік етті және орындауға тікелей қатысты, аталған вакциналар Қазақстан, Ресей ғылыми орталықтарында клиникаға дейінгі және клиникалық сынақтардан сәтті өтіп, ҚР ДСМ-де тіркеуге алынды.
Соңғы жылдары ірі қара, ұсақ мал және адам бруцеллезіне қарсы векторлық вакциналарды әзірлеуге айтарлықтай үлес қосты. Халықаралық және отандық жобалардың менеджері болып ғылыми жұмыстарды атқара отырып Қазақстан аумағындағы жабайы және үй құстарының инфекциялық патологиясы мен иммундыпрофилактикасына елеулі үлес қосты.
Үкіметі Жайлаубай Қыдырбайұлының сіңірген еңбегін жоғары бағалап, оны 2019 жылы «Құрмет» орденімен, ҚР БҒМ «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытудағы сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, «Еңбек ардагері» медалімен (2016) марапаттап, ҚР БҒМ Ғылым мен техниканың дамуына зор үлес қосқан ғалымдар мен мамандарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендия тағайындады (2013-2014), «Ғылым көшбасшысы» тәуелсіз сыйлығының лауреаты атанды.
25 мамыр белгілі академик Төрегелді Шарманов өмірден өтті.
Төрегелді Шарманұлы 1930 жылы 19 қазанда Қарағанды облысының Ұлытау ауданында дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік медицина институтын және оның аспирантурасын бітірген.
Медицина ғылымының докторы, профессор, Ресей Медицина Ғылым Академиясының және Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ тағамтану академиясының және Профилакториялық медицина академиясының негізін қалаушысы және оның президенті, ДДҰ тағамтану жөніндегі эксперттер комитетінің мүшесі.
Негізгі ғылыми еңбектері тамақтану физиологиясына арналған. Ол тамақтану тәртібінің бұзылу себептерін зерттеп, адам денесінде ақуыз, дәрумен жетіспеу жөнінде тұжырым жасады, мешел ауруының даму механизімін ашты. Төрегелді Шармановтың Қазақстан ғылымына қосқан үлесі зор. Оның басшылығымен емшектегі балаларға арналған "Бөбек", "Аруана", "Антихолестерин" тағам қоспаларын шығарды. Оның бастамасымен 1978 жылы Дүниежүзілік денсаулық ұйымы (ДДҰ) мен ЮНИСЕФ-тің Халықаралық Алматы конференциясы өтіп, онда медицина - санатының алғашқы жәрдемнің ұлттық жүйесін ұйымдастырудың ұстанымдары алғаш рет тұжырымдалған Алматы декларациясы қабылданды.
Оның жетекшілігімен 56 докторлық және 170 кандидатттық диссертациялар қорғалды. "Қазан революциясы", "Халықтар достығы", "Парасат" ордендерімен марапатталған. ДДҰ-ның Л.Бернард атындағы сыйлығын (2005) және "Қазақстан Республикасында тағам туралы ғылымның іргелі де қолданбалы аспектілерін дайындау" еңбектер топтамасы үшін Қазақстан Мемлекеттік сыйлығынның иегері және "Ғылым" номинациясындағы "Платина Тарланы" тәуелсіз сыйлығының иегері.
27 шілдеде белгілі түрколог және ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы өмірден өтті.
Қаржаубай Сартқожаұлы – түркология саласындағы көрнекті ғалым, көне түркі жазба ескерткіштерінің зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор. Ол түркі халықтарының тарихи мұраларын, көне жазбаларын зерттеу арқылы олардың мәдениеті мен рухани құндылықтарын танытуға зор үлес қосқан.
Қаржаубай Сартқожа 1947 жылы 21 наурызда Моңғолияның Баянөлғей өлкесінде дүниеге келген. 1968-1973 жылы Моңғолия мемлекеттік университетін бітірген. 1985-1988 жылдары Ленинградтағы Шығыстану институтының аспирантурасында оқыған. 1973-1975 жж. Баянөлғей аймағындағы №1 орта мектепте ұстаз болды. 1975-1989 жж. Моңғолия ҒА Тарих институтының жетекші ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі, 1990-1993 жж. Моңғолия Республикасының Парламентінің мүшесі болып сайланды. 1993—1996 жж. Түркі-Қазақ ғылыми орталығының аға ғылыми қызметкері, директоры, 1996-1999 жж. Баянөлгей аймақтық мәслихат төрағасы 1999-2001 жж. Моңғолия ҒА-ның Баян-Өлгей аймағындағы Түркі-Қазақ ғылыми орталығының директоры, 2001 жылдан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің "Еуразия" гуманитарлық ғылыми-зерттеулер орталығынң Түркология зертхана меңгерушісі, бас ғылыми қызметкері, 2010 жылдан бастап Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу орталығынң директоры болып қызмет етті.
Тарих ғылымының кандидаты, профессор. «Қош бол, апа!», «Қыранның қазасы», «Сәйгүліктер» атты көркем прозалық кітаптардың, 250-ден астам ғылыми мақалалардың авторы. «Бір автобустағылар» (1986) атты кітабы моңғол тілінде жарық көрген. «Этнокультурный связь древно-тюркского-уйгурского каганата» (Алматы, 1988), «Объединенный каганат тюрков», (Астана, 2001) ғылыми кітаптары шықты. 30-ға жуық ғылыми мақалалары орыс, француз, ағылшын, моңғол, қазақ, қытай тілдерінде ғылыми басылымдарда жарияланды.
18 тамыз Ғалым, профессор Темірғали Көкетаев өмірден өтті.
Тұңғыш қазақ физигі, Оксфордта дәріс оқыған алғашқы қазақ – Темірғали Көкетаев. Ол Халықаралық биографиялық орталықтың шешімімен (Ұлыбритания, Кембридж) дүниежүзік физиктерінің арасында «ХХ ғасырдың ғұлама адамы» атанған. Бұл атақты қазақ ғалымы жапондардың ұсынысымен 1999 жылы алған. Көбіміз бұл атақтың ғылым қауымдастығы төрінде қаншалықты абыройлы екенін ұғынбауымыз мүмкін. Ал анығында, "Ғасыр адамы" атану – 100 жылда бір рет бұйыратын абырой. Сол себепті ХХ ғасырдың Эйнштейні басқа емес, дәл осы Көкетаев десек болады. ХХ ғасырдың аса көрнекті физигіне бұл теңеу әбден лайық. Темірғали Көкетаев 1938 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Жеткіншек ауылында дүниеге келген. 1964 жылы Абай атындағы педагогика институтының физика-математика факультетін тәмамдап, Эстонияның Тарту университетіне жол тартады. Бұл – КСРО-дағы беделді жоғары оқу орындарының бірі еді. Сол уақытта университетте екі жарым мыңнан астам студент оқыған, 92 кафедрасы болған. Темірғали Әбілдаұлының айтуынша, бұл университетте 92 тілді білетін филологты кезіктірген, 18 тіл білетін студентпен бір жатақханада тұрған. 1970 жылы осы жоғары оқу орнында жүріп, докторлық диссертация қорғайды. Физика заңы бойынша, 180 градусқа дейін қыздырылған қандай да болсын қатты дене сыртқа жарық шығармай қоймайды екен. Көкетаев суық жарықты ойлап тапқан. Дене қызбай-ақ сыртқа жарық шығарады. Бұл – физика ғылымында бұрын-соңды болмаған соны жаңалық еді.
21 қыркүйек ғалым, алаштанушы, публицист Ғарифолла Әнес дүниеден өтті. Ғарифолла Қабдолқайырұлы 1957 жылы Құрманғазы ауданы Балқұдық ауылында туған.
ҰҒА-ның А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері. Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің (Жаңалық ауылындағы) меңгерушісі. 1992 жылдан «Репрессияға ұшыраған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қорының және «Арыс» баспасының құрылтайшы-президенті. 2013 жылдан «Қазақстан тарихи-ағарту «Әділет» қоғамының» төрағалығын қоса атқарады. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті, «Ана тілі» газетінің қоғамдық негіздегі кеңесшісі.
«Құрмет» «Парасат» ордендерің иегері. Бірнеше мерекелік медальдармен марапатталған.
18 қазанда белгілі ардагер-геолог, Қаражанбас кен орнының ашылуына себепкер болған Әділ Молдашұлы Нұрманов 90 жасқа қараған шақта өмірден өтті.
Әділ Нұрманов 1934 жылы 5 қарашада Маңғыстау облысы, Таушық ауылында дүниеге келген. 1957 жылы Алматыдағы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін геология саласы бойынша аяқтаған алғашқы түлектердің бірі. Оқуын тәмамдаған соң жолдамамен туған жеріне оралып, «Маңғыстаумұнайгазбарлау» тресі құрылғанда, өңірдегі барлау жұмыстарына қатысып, кейін көптеген барлау экспедицияларына жетекшілік етті. Осы арқылы өлкедегі бірқатар кен орындарының ашылуына себепкер болды.
28 қазанда белгілі ақын Құрманай Бақтиярқызы өмірден өтті.
Құрманай Бақтиярқызы – қазақтың танымал ақыны, әнші-сазгері әрі айтыскер ақын. Ол Түркістан облысы Қазығұрт ауданында дүниеге келген. Әкесі Бахтияр Алшоразов оның өнер жолын қолдап, домбыра тартуға баулыған. Құрманайдың өнерге деген қызығушылығы бала кезінен байқалып, 5-сыныптан бастап өлең жазып, 8-сыныпта айтыстарға қатыса бастаған.
Оның алғашқы танымал шығармаларының бірі – "Толғанай" әні, бұл әнді Асқар Жүнісбеков орындап, хитке айналған. Сондай-ақ, "Вокзалда қауышқан қыз", "Жаяу", "Алматының түндері-ай" сияқты танымал әндері бар. Құрманайдың шығармалары халықтық дәстүрге негізделген, бірақ заманауи тақырыптарды да қамтиды. Оның әндері мен өлеңдері өмірдің мәнін, адамдар арасындағы қарым-қатынасты және табиғаттың сұлулығын суреттейді.
2024 жылдың қазан айында Құрманай Бақтиярқызы дүниеден өтті. Оның өлімі қазақ өнері үшін орны толмас қаза болды. Артында балалары мен немерелері қалды, олардың ішінде үлкен қызы Ханшайым, қызы Толғанай және кенже ұлы Сұңқар бар.
Құрманай Бақтиярқызының шығармашылығы мен өнері қазақ мәдениетінде ерекше орын алады. Оның әндері мен өлеңдері халық жүрегіне жетіп, ұлттық өнердің дамуына үлкен үлес қосты.
27 қаңтар жазушы Жылқыбай Жағыпарұлы өмірден өтті.
Жылқыбай Жағыпарұлы 1954 жылдың 11 қыркүйегінде Қарағанды облысы Қарқаралы топырағында дүниеге келді. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тарих факультетін бітірген соң Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінде 30 жылға жуық жемісті еңбек етті.
Республикалық «Тіл және мәдениет» қоғамының құрылуына мұрындық болып, ұйымдастыру комитетінің төрағасы болды. 2005-2007 жылдары республикалық «Ел» газетінің бас редакторы қызметін абыроймен атқарды. 2007 жылдан бастап, зейнет жасына жеткенге дейін республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінде қызмет атқарды.
Қазақстан Жазушылар және Қазақстан журналистер одағының мүшесі Жылқыбай Жағыпарұлы «Құрмет» орденімен марапатталған.