2024 жылы бюджетке 20,4 трлн теңге түседі - қаржы министрі

1 Қараша 2023, 16:11 2095

Бұл туралы қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

2024 жылға арналған түсімдер 20,4 трлн теңге деңгейінде болжануда. Трансферттерді есепке алмағанда, кірістер 16,1 трлн теңге немесе түсімдердің жалпы сомасының 80% көлемінде жоспарлануда.

Келесі жылы Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге көлемінде трансферт тарту жоспарлануда, оның ішінде нысаналы трансферт - 1,6 трлн теңге, - деді ведомство басшысы.

Министр аталған қаражаттар әлеуметтік маңызы бар және стратегиялық инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталатынын айтты. 

Бұл – автомобиль жолдарын, жылу, газ және сумен жабдықтау, инженерлік желілерді жаңғырту. Сондай-ақ ұлттық жобалар аясында жүздеген әлеуметтік объектіні салу қарастырылған, - деді ол. 

Жалпы, бюджеттің 2024 жылға арналған шығыстары биылмен салыстырғанда 1,5 трлн теңгеге ұлғайып, шамамен 24 трлн теңгені құрады.

Бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге 2,6% деңгейінде болжанады. Ол 2026 жылға қарай біртіндеп 2,3%-ке дейін төмендейді. Жалпы, республикалық бюджеттің басым бөлігі мемлекеттік және әлеуметтік міндеттемелерді толыққанды орындауға, өңірлерді дамытуға бағытталған, - деді ол.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: