2024 жылы болған жантүршігерлік қылмыстар

Кеше, 17:00 296

2024 жылы елімізде бірқатар жантүршігерлік қылмыстар мен қанды оқиғалар болды. Олар қоғамның қызу талқысына түсіп, жұртшылықтың наразылығын тудырды. Бірі ондай қылмыскерлерді ату жазасына кесу керек десе, енді бірі өмір бойына соттау керегін айтты. El.kz ақпарат агенттігі жылды қорытындылай келе, биыл болған аты-шулы қылмыстарға шолу жасады. 

Екі баласын тұншықтырып өлтірген әйел

Түркістанда екі баласын өлтірген әйел 15 жылға сотталды. 2024 жылғы ақпан айында қызылордалық әйел 2 баласын Түркістанға алып келіп, қасақана өлтіреді. Ол 3 және 4 жасар баласын ұйықтатып, кейіннен тұншықтырған. Ал бүлдіршіндер жан тәсілім еткен соң әйел Шымкент қаласына кетіп қалған, артынша мегаполистегі қонақүйлердің бірінде ұсталған. Облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 30 жастағы келіншекті ауыр қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп тауып, 15 жылға бас бостандығынан айырды. Жазасын орташа режимдегі түрмеде өтейтін болды.

Айта кетейік, айыпталушы әйел Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы мектептердің бірінде бастауыш сыныптың мұғалімі болып істеген. Ол ауыр қылмысты күйеуіне ренжігені үшін жасағанын айтқан. Күйеуімен ұрсып қалғаннан кейін Түркістан қаласына барып, жалдамалы пәтерде 3 және 4 жастағы ұлы мен қызын тұншықтырып өлтірген.

Күйеуін қатыгездікпен өлтірген 

2024 жылдың 4 наурызында Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Қапланбек ауылында күйеуін аса қатігездікпен өлтірген 34 жастағы әйел 15 жылға сотталды.

Әйелдің анасының айтуынша, 40 жастағы жолдасы әйеліне әлеуметтік желіге видео түсіруге тыйым салып, жанжал туған. Белгілі болғандай 34 жастағы әйел күйеуін өлтіргесін қылмысын жасырамын деп денесін бөлшектеп тастаған екен. Мәйітті бөшкеге салған қылмыскер өтініш жасап, көршісінің көлігімен мәйітті Келес өзеніне апарған. Қаралы оқиға 2023 жылдың тамызында болған.

Әйелдің түн ішіндегі бұл әрекетінен күдіктенген көрші үшінші күні бөшкені ашып көріпті. Содан Құндыз Молдабекованың қылмысы әшкере болады. Оған дейін әйел мәйіттің бөлшектенген үш бөлігін өзенге ағызып үлгерген.

Жолдасының көлігін 2 миллион 300 мыңға досына сатыпты. Осылайша, Түркістан облысының тұрғыны 99-баптың 2-бөлігі (Адам өлтіру) және 190 баптың 1-бөлігі (Алаяқтық) бойынша айыпталып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

Әйел мен оның екі баласын өлтірген қылмыскер

2024 жылғы 28 қарашада Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында 32 жастағы Оразбек Саясатқа қатысты үкім шықты. Оған екі немесе одан да көп адамды аса қатігездікпен өлтіру, басқа адамдардың өміріне қауіп төндіретін әдіспен әрекет ету, төтенше жағдай кезінде қасақана қылмыс жасау, бөтен мүлікті жою және тұрғын үйге заңсыз кіру айыптары тағылды.

Оқиға 2024 жылғы 25 сәуірге қараған түні Атырау облысы Индер ауданындағы бес қабатты үйдің екінші қабатында болған. Өрт сөндірушілер үйден 10 және 7 жастағы екі баланың денесін тапты. Балалардың анасы мен ер адамды ауыр күйде ауруханаға жеткізген, бірақ әйел келесі күні қайтыс болды.

Сотталушыны кінәлі деп танып, оны өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесіп, келтірілген зиян үшін марқұм Сағынтаеваның анасы мен балалардың әкесіне 15 миллионнан 30 миллион теңге моральдық шығын төлеуге міндеттеді. Сондай-ақ өрттен келген шығын үшін 6 миллион теңгеден астам материалдық өтемақы төлеу міндеттелді.

Дәретханадан табылған 3 жасар қыздың өлімі

Сарыағаш ауданы Сіргелі ауылында үш жасар Асылым 16 мамырда сағат тоғыздар шамасында қақпаның жанында ойнап жүріп, жоғалып кеткен.

Құтқарушылар мен сүңгуірлер каналдар мен ауладағы септиктерді, құдықтарды тексерген. іздестіру шарасына полиция, ТЖМ қызметкерлері, еріктілер мен жергілікті тұрғындар жұмылдырылды. 19 мамыр Асылымның денесі көрші үйдің дәретханасынан өлі күйінде табылады. Осылайша, Асылымды өлтірген көршісінің қызы болып шығады.

Артынша абайсызда болған жағдай сияқты көрінген дәретханаға түсіп, қайтыс болған 3 жасар баланың өлімі қасақана қылмыс екені анықталды. Қайғылы жағдайдан бір ай өткен соң, тағы бір қыз дәл сол дәретханаға түсіп кете жаздаған. Сол кезде ол 16 жастағы көрші қызды көрсеткен. Полиция тергеу жүргізіп, үш жасар Асылымның өлімі қасақана жасалған қылмыс екенін анықтады. Жасөспірім өзінің іс-әрекетін мойындады. Оның шизофрениямен ауыратындығы белгілі болды.

Экс-судьяның өлімі

17 маусымда Германияда қазақстандық экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның зорлық белгілері бар мәйіті табылған еді.

Бұған дейін 40 жастағы А.Сайлыбаева Астананың Сарыарқа ауданында судья болып қызмет атқарса, соңғы уақытта Германияның батысындағы Бенсхайм қаласында күйеуі, қызы және енесімен бірге тұрған.

Немістің BILD басылымының хабарлауынша, әйелдің мәйіті полиэтилен қапта болған, ол өлім алдында зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Ағасының айтуынша, Айгүл ұзақ уақыт бойы күйеуі Александр Донцов пен оның анасы тарапынан тұрмыстық зорлық-зомбылық көріп келген.

14 маусымда ол жоғалып кеткені туралы хабарланды, ал 17 маусымда оның денесі Бенсхайм қаласының маңынан табылды.

21 жастағы әйелін ұрып өлтірген

Қызылордада 21 жастағы Меруерт Жолманды асқан қатыгездікпен ұрып өлтірген күйеуі 12 жылға сотталды. Ерлі-зайыпты арасындағы жанжалға қызғаныш себеп болыпты. Қанды қылмыс Шиелі ауданында биыл жазда болған. Кәсіпкердің малын бағып күнелтіп жүрген 26 жастағы ер адам әйелі Меруерт Жолманды қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған еді.

Қылмыстық іс тергеуінде кешкі уақытта үйіне келген азамат келіншегінің телефон арқылы белгісіз жанмен сөйлесіп отырғанын көргені айтылады. Содан қызғанған күйеуі марқұмды ағаш үстелдің аяғымен аяусыз ұрып, жылқының жүгенімен басынан бірнеше рет соғып жіберген. Қансыраған әйел көп ұзамай көз жұмған делінген айыптау актісінде. Ер адам жедел жәрдем шақырып, өзі үйден қашып кеткен.

16 жастағы оқушы қыз бен анасының өлімі

Түркістан облысында анасы мен 16 жастағы қызын аяусыз өлтірген мұғалім өмір ойына сотталды.

«Аханов Абай Асхатұлына өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын өтеу мерзімі 12 қыркүйек 2024 жылдан бастап есептелсін», – делінген соттың шешімінде.

12 қыркүйекте желіде Түркістан облысы Келес ауданында анасы мен 16 жастағы оқушы қыздың жантүршігерлік өлімі туралы ақпарат тарады. Екі адамның мәйіті өз үйлерінен табылған. Мектепте жұмыс істейтін мұғалім 16 жастағы қызға көз салған. Мұны оқушы қыз мектеп директорына айтқан соң мұғалімді жұмыстан шығарып жіберген.

Жігіт осылайша анасы мен қыздан кек алмақ болған. Ер адам түнде шегіп алып, марқұмдардың үйіне барып анасы мен қызын өлтіріп кеткен. Қыздың анасын кірпішпен ұрып, талдырып, өзін бөлмеге алып кіріп, есікті құлыптап айуандықпен зорлаған. Бетінің сау жер қалмаған, құлақтары мен көкірегін тістеп тастаған.

Осы іске қатысты соттың соңғы отырысы болды. 29 жастағы мектеп мұғалімі өмірінің соңына дейін темір торда болады және 50 миллион теңге материалдық шығын өтейді.

Шерзат Болаттың кісі қолынан қаза табуы

Талғарда қылмыстық топ мүшелері қолынан қайтыс болған 16 жасар Шерзат Болаттың өлімі бүкіл қоғамды дүр сілкіндірді.

Еске салсақ, 2024 жылғы 4 қазанға қараған түні Алматы облысының Талғар қаласында болған төбелес кезінде 16 жасар Шерзат Болат пышақ жарақатынан қайтыс болды.

Шерзат Болат қайтыс болғаннан кейін бір аптадан кейін отбасының үйі өртеніп кетті. Полиция үйді қасақана өртеу туралы нұсқаны жоққа шығармайды. Құқық қорғау органдары бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғады.

Желтоқсан айының басында бұл отбасыны тағы бір қайғылы оқиға дүр сілкіндірді. Жасөспірімнің ағасы Нұрғанат Ғайыпбаев қайтыс болады. 30 жастағы ер адамның денесі 9 желтоқсанда Талғар қаласының шетінен табылды. Полицияның алдын-ала мәліметтері бойынша, ол өзін-өзі өлтірді. Құқық қорғау органдары қайтыс болған адамның денесінде зорлық-зомбылықпен өлімнің іздерін таппады. Осы факті бойынша тергеу жалғасуда.

Нұрғанат Ғайыпбаевты жерлеу күні Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов жүк көлігінің үстіне шығып, өз-өзін өлтіретінін айтып қорқытқан. Облыстық полиция департаменті оның қоғамдық тәртіп пен айналасындағылардың, оның ішінде кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігіне қауіп төндіргенін алға тартып, 15 тәулікке қамауға алады.

Оқушы қызды жезөкшелікке мәжбүрлеген

Қызылордада 10-сынып оқушысын сыныптас құрбылары құлдыққа салып, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Бойжеткеннің басынан өткен жантүршігерлік оқиғаны «НемолчиKz» қоғамдық қоры баяндады.

Бойжеткен сыныптастарының үнемі бақылауында болған. Олар қызды бопсалап, ұрып-соғып, қорлап, есірткі тұтынуға мәжбүрлеп видеоға түсіріп, қорқытуды жалғастыра берген.

Осы факті бойынша қылмыстық істер басталып, 13 қатысушы анықталды. Олардың қатарына әртүрлі баптар бойынша күдіктілер кіреді.

Желтоқсан айында қатысушылардың біріне үкім шығарылды. Сот сотталушы жәбірленуші С.- ның кәмелетке толмағанын біле отырып, бірнеше рет бопсалау арқылы жезөкшелікпен айналысуға мәжбүр еткенін анықтады. Ол 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, болған жағдайға байланысты №7 мектеп–лицейінің директоры, тәрбие жөніндегі орынбасары, психолог, әлеуметтік педагог, сынып жетекшілері өз лауазымдарынан айырылды.

Соққыға жығылған жедел жәрдем жүргізушісі

Қоғамда шу көтерген тағы бір іс – Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісінің соққыға жығылуы. 2024 жылдың 27 қаңтарында едел жәрдем бригадасы түнгі 23:30-да дене қызуы көтерілген және қызылшаға күдігі бар балаға шақыртуға келді. Баланы стационарға тасымалдау үшін үйдің ауласына жедел жәрдем көлігі тұраққа қойылған, онда санитариялық автокөліктің жүргізушісіне өтіп бара жатқан таныс емес адамдар шабуыл жасаған. Арты төбелеске ұласып, жедел жәрдем жүргізушісі соққыға жығылды.

Кейін қаскөйдің үстінен қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Айыпталушы Нұрболат Дакебаев бұзақылық ниетпен денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін кінәлі деп танылды (ҚР ҚК 107-бабы 2-тармағының 5-тармағы) және 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Одан 2 млн теңге мөлшерінде моральдық зиянды өтеу сомасы, жәбірленушінің еміне жұмсалған материалдық залал 12 160 теңге мөлшерінде, сондай-ақ өкілдің қызметтеріне ақы төлеу жөніндегі шығыстар 700 мың теңге мөлшерінде өндірілді.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: