2024 жылдың үздік тіл оқытушылары анықталды

19 Қыркүйек, 11:35 465

Қыркүйек айының басында Семейде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы республикалық байқау ұйымдастырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми практикалық орталығының мәліметінше, жыл сайын еліміздегі Тілдерді оқыту орталқтарының оқытушылары арасында өтетін дәстүрлі байқаудың басты мақсаты – ұлт  ұстазының әдістемелік еңбектерін зерделеу арқылы оның тіл меңгертуге қатысты ұтымды әдіс-тәсілдерін анықтап насихаттау, ересектерге қазақ тілін үйретудің сапасын арттыру, өзара тәжірибе алмасуды көздейді.

Мемлекеттік тілді авторлық бағдарламамен оқытатын шығармашыл әлеуеті бар оқытушылар бұл байқауда үш кезең бойынша бақ сынады.

Байқаудың алғашқы бөлігінде қатысушылар өзін және авторлық бағдарламасын таныстырды. Екінші кезеңде отандық және шетелдік танымал әдіскерлердің төрт дағдысын үйретуге ұсынған тиімді амалдары мен әдістемелері, пікірлері туралы сұрақтар берілді. Қатысушы ұяшықтардан таңдалған қос сұраққа толық жауап беру арқылы бақ сынады. Соңында байқауға қатысушылардың сабақ өткізу шеберлігі анықталды, - делінген мәліметте.

Қазақ ғылымының негізін қалаушы, Алаштың рухани көсемі, ұлт ұстазы атындағы дәстүрлі байқауда білікті педагог-әдіскерлер мен ғалымдардан құралған қазылар алқасы топ жарған жеңімпаздарды анықтады.

Қазылар алқасының шешімі бойынша Атырау облысынан қатысқан Қайырбек Кенжәлиев бас жүлде мен 500 мың теңгені қанжығасына байлады. Шығыс Қазақстан облысының үміткері Ләззат Қайдарова бірінші орынды жеңіп алып, 350 мың теңге сыйлыққа ие болды. Қостанай облысынан Ләззат Утемуратова мен Жамбыл облысынан келген Фарида Кенжебекова екінші орынды еншілеп, 250 мың теңге олжалады.

Жетісу облысынан Олжас Қойшыбеков, Ақмола облысынан Сәулет Төкен және Алматы облысының ұстазы Балжан Төлегенова үшінші орынды еншілеп, әрқайсысы 200 мың теңгеден сыйлыққа ие болды.

Сонымен қатар, ынталандыру сыйлығы 70 мың теңгеден Қызылорда облысынан Жұбатқан Таңжановқа, Солтүстік Қазақстан облысынан Сәуле Макашеваға, Астана қаласынан Нұртай Мәжитке, Абай облысынан Алтынай Тұрсыноваға табысталды.

Бұдан басқа белсене қатысқаны үшін Қарағанды облысынан Әсия Смыковаға, Алматы қаласынан Әлия Тойкенова, Түркістан облысынан Мақпал Әділмұратқа, Шымкент қаласынан Жазира Досмаиловаға, Павлодар облысынан Ақмарал Артықбаеваға арнаулы алғысхаттар мен 30 мың теңге қаржылай сыйлық берілді.

Қатысушылар мен тіл жанашырлары үшін орны бөлек рухани шара тіл меңгерту бойынша ұтымды әдіс-тәсілдерді игеруге ынталандырып, оқытушылардың кәсіби біліктілігін жетілдіруге, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: