2024 жылы Toyota 52 елде көшбасшылық орнын сақтап қалды. Алайда Андоррада ең көп сатылған көлік Porsche 911 болып, бұл әлемдік рейтингтегі бірегей жағдай ретінде тіркелді. Бұл туралы Finratings.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.
Toyota – жаһандық нарықтың көшбасшысы
Сарапшы Фелипе Муньос елдер бойынша автокөлік сату статистикасын ұсынды. 52 нарықта алдыңғы орынды сақтап қалған Toyota жылдың көшбасшысы атанды. Таңғаларлығы, 31 елде ең көп сатылғаны RAV4 не Corolla емес, Hilux пикапы болды.
Дегенмен абсолютті сандар бойынша RAV4 тек Toyota-ның ғана емес, әлемдегі ең көп сатылған модельге айналды. Эфиопия мен Иорданияда әлі де Land Cruiser 70-ке сұраныс жоғары болса, заманауи Land Cruiser 300 Катар, Кувейт, Оман, Бахрейн және тіпті Грузияда алға шыққан.
Басқа брендтер және аймақтар
Ал Dacia маркасы Duster, Sandero және Logan модельдерінің арқасында он елде бірінші орынға шықты. Nissan, Škoda және Tesla сегіз елде, Renault жеті мемлекетте көш бастады.
Chevrolet мен Kia бес елде алдыңғы орынға жайғасса, Hyundai тек төрт елде ғана үздік шықты.
Қазақстанда 2024 жылы ең көп сатылған көлік Chevrolet Cobalt седаны болды. Бұл модель сондай-ақ Өзбекстан мен Әзербайжанда да көшбасшылықты сақтады. Қырғызстанда ең көп сатылған көлік – Chevrolet Tracker кроссовері.
Қытай брендтері және Porsche-дің тосын жеңісі
Қытайлық маркалар ішінде BYD ерекшеленді. Оның көліктері Қытай, Израиль, Тәжікстан және Сингапурда ең көп сатылған автомобильдер қатарына енді.
Рейтингтегі ең тосын нәтиже Андоррадан шықты: мұнда Porsche 911 спорткары ең көп сатылған көлік болды. Елдің халық саны небәрі 82 мың болса да, 83 дана Porsche 911 сатылып, абсолютті көшбасшыға айналды.