2024 жылдың екінші жартысында 68 елді мекенді газдандыру жоспарлануда

16 Шілде, 11:45 550

Үкімет отырысында «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов премьер-министр Олжас Бектеновке газдандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Мемлекет басшысының тапсырмаларын ұлттық компания өз қаражатына жүйелі инфрақұрылым жобаларын құра отырып орындағаны атап өтілді. Олардың жалпы сомасы 400 млрд теңгеден асады.

Сонымен қатар республика бойынша әкімдіктер салған газ нысандарын қабылдау бойынша көптеген мәселелер шешілді.

Бір жарым жыл ішінде еліміздің 14 өңірінде газбен жабдықтау жүйесіне 127 елді мекен қосылды, бұл 237 мың адамның газға қол жеткізуін арттырды. Осы жылдың екінші жартысында тағы 68 елді мекенді немесе 276 мың адамды газдандыру жоспарлануда, – деді С.Жаркешов.

Өткен көктемде бұрын-соңды болмаған су тасқыны кезінде ұлттық компания Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарындағы газ тасымалдау жүйесі объектілерінің жұмысын үздіксіз газбен жабдықтауды қамтамасыз еткені баяндалды.

Сонымен қатар компания су тасқыны салдарын жоюға 2,1 млрд теңге өз қаражатын жұмсады, 168 бірлік арнайы техника мен 917 қызметкері жұмылдырылды.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: