2024 – саяси өзгерістер жылы: Қай елдерде сайлау өтеді?

5 Қаңтар, 15:30 7916

2024 жылы әлемнің 60-тан аса елінде президенттік және парламенттік сайлаулар өтеді. Аталған елдер әлемдік экономиканың 54%-ын құрайды және Жер халқының 46%-ы осында тұрады. Яғни, әрбір екінші адам 2024 жылы сайлау учаскелеріне барады деген сөз. Бұл адамзат тарихында бұрын соңды болмаған көрсеткіш. Осы ретте әлем назарын аударып отырған сайлаулар туралы шолу жасадық.

2024 жылы ең көп сайлау науқандары Еуропа құрлығында өтеді. Мұнда 19 ел мемлекет басшылары мен парламент мүшелерін анықтайды. Сонымен қатар Африка құрлығындағы – 18, Азия – 16, Америка – 7, Океанияда орналасқан 4 мемлекет маңызды шешімдерді қабылдамақ.

ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЛАРЫ

Фото: The Telegraph

АҚШ. АҚШ-та президенттік сайлау 5 қарашадағы Конгресс сайлауымен бір уақытта өтеді. Жаңадан сайланған президент 2025 жылдың қаңтарынан бастап елді басқарады. Сайлаудың алдында праймериздер болады, оның барысында демократиялық және республикалық партиялардан ұсынылатын жалғыз кандидаттар айқындалуы тиіс. АҚШ-та жанама сайлау процедурасы қолданылады. Оған сәйкес америкалықтар «сайлаушыларға» дауыс береді. Ал «сайлаушылар» өз кезегінде халық атынан кандидаттарды таңдайды. Бүгінде қазіргі президент Джо Байден (2021 жылдан бастап) және бұрынғы президент Дональд Трамп (2017-2021) жоғары мемлекеттік қызмет үшін күресетінін жариялады. Трамптың жеңіске жетуі әлемдік масштабта саяси, әлеуметтік және экономикалық үлкен өзгерістерді тудыруы мүмкін. Себебі, Трамп осыған дейін президент болған кезінде мигранттардың келуіне шектеулер қойды (әсіресе, оның АҚШ-тың Мексикамен шекарасында алып қабырға тұрғызу бастамасы), америлық өндірушілерді қолдау үшін импортқа баж салығын енгізді (оның ішінде, Еуроодақ елдерінің өнімдеріне салынған салықтар және Қытаймен сауда соғысын бастауын ерекше атап өтуге болады). Ол осы сайлауда жеңіске жетсе, импортқа салынатын салықты 10%-ға дейін көтеретініне уәде берді. Сондай-ақ Трамп және оның партияластары Украинға қаржылай көмек көрсетуді тоқтату керек деген пікірлерді жиі айтатынын ескерсек, украиндықтар үшін Джо Байденнің қайта сайлануы тиімді болмақ. 

Фото: The Hill illustration

Ресей. Солтүстіктегі көршіміз де осы жылдың 15-17 наурызында президент сайлауын өткізеді. Бүгінде РФ Орталық сайлау комиссиясына 13 адам кандидатурасын ұсынып, құжаттарды тапсырған. Оның қатарында 2012 жылы сайланған президент Владимир Путин де бар. Ол бұл қызметті 2000-2008 жылдары да атқарғанын атап өткен жөн. Жалпы РФ тарихында 3 президент болды: Борис Ельцин (1991-1999 жж.), Дмитрий Медведев (2008-2012 жж.) және Владимир Путин (2000-2008; 2012 – бүгінге дейін).

Еуропа елдері. Сайлау қорытындысы бойынша Еуропаның 10 елінде мемлекет басшылары ауысуы мүмкін. 28 қаңтарда Финляндияда сайлау өтеді, онда тоғыз адам жоғары лауазымға үміткер. Көктемде Солтүстік Македония мен Литвада, маусым айында Исландияда, қараша айында Румыния мен Молдовада, желтоқсанда Хорватияда сайлау өтеді. Ал Словакия мен Грузияда сайлау күндері анықталған жоқ.

Мексика. Мексикада сайлау 2 маусымға жоспарланған. Жеңіске үмітті 2 кандидат: біріншісі – 2018-2023 жылдары Мехико үкіметін басқарған Клаудия Шейнбаум, екіншісі – оппозиция өкілі сенатор  Сочитль Галвес. Ал қазіргі президент Андрес Мануэль Лопес Обрадор сайлауға түспейді, өйткені Мексика конституциясында қайта сайлау қарастырылмаған.

Америка құрлығында, АҚШ пен Мексикадан басқа, тағы бес елде президент сайланады: ақпан айында – Сальвадорда, мамырда – Доминикан Республикасы мен Панамада, қазан айында – Уругвайда, жылдың екінші жартысында Венесуэлада (күні нақтылануда) сайлау жоспарланған. Венесуэладан басқа 4 елде президенттік және парламенттік сайлау бір уақытта өтеді.

Фото: klawe rzeczy/getty images

Азия аймағында орналасқан Әзірбайжанда (7 ақпанда мерзімінен бұрын) және Шри-Ланкада (күні анықталмаған) президент сайлауы жоспарланған. Сонымен қатар, 13 қаңтарда әкімшілік басшысын Тайвань тұрғындары таңдайды (ресми атауы Қытай Республикасы). Оны Қытай өзінің аралдық провинциясы деп санайды. Бүгінде билеуші Демократиялық прогрессивті партиясының өкілі, президенттікке үміткер Лай Циндэ (Тайванның тәуелсіздік алуын қолдайды) көп сайлаушылардың қолдауына ие. Ал Индонезиядағы сайлау 14 ақпанда өтеді. Конституцияға сәйкес елдің қазіргі басшысы Джоко Видодо сайлауға түспейді, себебі заң бойынша бір адам екі мерзімнен артық президент бола алмайды. Сайлауға үшінші рет қатысқалы жатқан Қорғаныс министрі Прабово Субианто осы жолы жеңіске жетуі мүмкін.

Африка континентінде де қарқынды саяси маусым күтілуде, онда 13 елде президент сайлауы жоспарланған. Олардың қатарында Алжир, Гана, Гвинея-Бисау, Комор аралдары, Маврикий, Мали, Мозамбик, Намибия, Руанда, Сенегал, Тунис, Чад, Оңтүстік Судан бар.

Океанияда президенттік сайлау Палау мен Кирибатиде өтеді деп жоспарланған.

 

ПАРЛАМЕНТ САЙЛАУЛАРЫ

Фото: The Juggernaut

Үндістан. Осы жылдың ең үлкен парламент сайлауы сәуір-мамыр айларында Үндістанда өтеді, онда Лок Сабханың төменгі палатасының мүшелері сайланады. Елде 900 миллионға жуық сайлаушы тіркелген (халқы 1,42 миллиард). Үндістанның билеуші халықтық партиясы бастаған ұлттық демократиялық альянс көптеген орындарға ие болады деп күтілуде. Нәтижесінде қазіргі Премьер-министр Нарендра Моди үкіметті үшінші рет басқара алады (2014 жылдан бастап). Ал оппозициялық партиялар «I. N. D. I. A.» альянсы ретінде бірікті.

Үндістаннан басқа, парламенттік сайлау Азияның тағы 15 елінде, соның ішінде Шри-Ланка мен Индонезияда өтеді, онда олар президенттік сайлаумен бір күнде ұйымдастырылады. 7 қаңтарда Бангладеште Парламенттің жаңа құрамы анықталуы керек. «Халық лигасы» партиясының жетекшісі Шейх Хасина 2009 жылдан бастап үкіметті басқарып келеді және осы сайлауда да жеңіске жетіп, премьер-министр лауазымын сақтап қалуды жоспарлап отыр. Бангладештің оппозициялық партиялары сайлауға бойкот жариялауға шақырып жатыр. 9 қаңтарда Бутандағы сайлаудың екінші туры, ақпан айында Пәкістан мен Камбоджадағы сайлау өтеді. 10 сәуірде Солтүстік Кореяда (ресми атауы Корей Халық Демократиялық Республикасы) Жоғарғы Халық жиналысына (мемлекеттік және заң шығарушы биліктің жоғарғы органы) дауыс беру жоспарланған. Сол күні сайлау Оңтүстік Кореяда да (ресми атауы Корея Республикасы) өтеді, онда соңғы сауалнамаларға сәйкес, «Тобуро» оппозициялық Демократиялық партиясы халықтың ең көп қолдауына ие. Көктемде Мальдив аралдарында, маусым айында Моңғолияда, қарашада Иорданияда заң шығарушы органдарға сайлау жоспарланған. Ал Иран, Өзбекстан және Сирияда дауыс беру күні әлі анықталған жоқ.

Фото: pubaffairsbruxelles.eu

Еуропада парламент құрамы 11 елде жаңартылады: Австрия, Бельгия, Беларуссия, Ұлыбритания, Грузия, Литва, Португалия, Сан-Марино, Солтүстік Македония, Хорватия, Чехия.

Ал 6-9 маусымда Еуропарламентке сайлау өтеді. Оларға ЕО-ға мүше барлық 27 елден 720 депутат сайлануы керек (әр ел үшін орындар саны халыққа сәйкес анықталады). Болжамдарға сәйкес, осы сайлау нәтижесінде ұлттық консерваторлар, еуроскептиктер мен оңшылдар ЕО-дағы позицияларын күшейтеді.

Африкада парламенттік сайлау 10 елде, соның ішінде Ботсвана, Гана, Мавритания, Мадагаскар, Мозамбик, Намибия, Руанда, Того, Оңтүстік Африка және Оңтүстік Суданда өтеді деп күтілуде. Әсіресе Оңтүстік Африкадағы парламент сайлауы нәтижесінде тек Парламент пен Үкіметтің төменгі палатасының құрамы ғана емес, сонымен бірге елдің президенті анықталады. Өйткені Конституцияға сәйкес жеңіске жеткен партияның жетекшісі елдің президенті болады. Жалпы бұл елде апартеид дәуірі аяқталғаннан бері (1994) сайлаулардада солшыл Африка Ұлттық конгресі үнемі жеңіске жетіп келеді. Алайда осы жолы бұл монополияның тоқтату үшін жеті оппозициялық партия бірігіп, коалиция құрды. Сол себепті сарапшылар алдағы сайлауды соңғы 30 жылдағы ең маңыздысы деп атайды.

Океанияда заң шығарушы органдар Тувалу мен Соломон, сондай-ақ Кирибати мен Палауда жаңартылады.

Фото: censor.net

Шолуымыздың соңында «2024 жылы Украинада президенттік сайлау өте ме?» деген сұраққа жауап бергіміз келеді. Украина заңында соғыс кезінде сайлау өткізуге тыйым салынса да және халықтың 81%-ы сайлау өткізуге қарсы болса да (Киев халықарылық әлеуметтану институты жүргізген сауалнама нәтижесіне сәйкес), батыстағы саясеткерлер тарапынан қандай жағдай болмасын сайлауды өткізу керек деген пікірлер айтылған болатын. Олардың қатарында Еуропа Кеңесі Парламенттік ассамблеясының президенті Тини Кокс пен америкалық сенатор Линдси Грэм бар. Алайда осы жылы Украинда сайлау өткізбеудің бірнеше себебі бар:

Ресми Украина 2023 жылғы қарашада сайлау туралы позициясын айқындады. Жоғарғы Рададағы «Слуга народу» партия фракциясының төрағасы Давид Арахамия 2024 жылы Украинада президенттік те, парламенттік те сайлау өтпейтіндігін және Батыс сайлау өткізу туралы талап қоймайтындығын хабарлады.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: