Қазақстан мен Малайзия арасында тікелей әуе рейстері ашылады. Бұл туралы El.kz Азаматтық авиация комитетіне сілтеме жасап хабарлайды.
ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев бастаған қазақстандық делегация Малайзияның авиациялық билік өкілдерімен келіссөздер жүргізді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Малайзия арасындағы тікелей әуе қатынасын жаңарту мәселелерін талқылады.
Бұған дейін, 2019 жылы екі ел арасында рейстер ашу бойынша жұмыс жүргізген болатын. Алайда ол карантиндік шектеулерге байланысты тоқтатылған еді. Бұл жұмыс қайта жалғасын тапты.
Комитеттің хабарламасына қарағанда, 2023 жылы Куала-Лумпурдан Қазақстанға одан әрі қарай үшінші елге ұшатын рейстерді іске қосу жоспарлануда (ауа еркіндігінің 5-ші дәрежесі).
Тікелей рейсті іске қосудың техникалық мәселелері алдағы уақытта тағы пысықталмақ.