2019 жылғы сән әлеміндегі 10 тенденция

26 Желтоқсан 2018, 10:31 16299

Бамбук сөмке, сопақ көзілдірік, халат-көйлек...

Сәнқойлар интернетте не іздейді? Көбіне сән үлгілеріне қатысты жаңалықтар мен идеялар жарияланатын Pinterest платформасы келер жылы сән әлемінде өзекті болатын 10 тенденцияны атапты. Фотохостинг редакторларының айтуынша, келер жылдың трендтері келесідей.

1. Бамбук сөмке

2018 жылы хитке айналған Cult Gaia бренді ойлап тапқан бамбук сөмкелер келер жылы да үлкен сұранысқа ие болатын сияқты. Жаңа жыл алдында интернеттен бұл сөмкені іздейтіндер саны 2215 %-ға өскен. Сәнқойларды сөмкенің ерекше пішіні ғана емес, экологиялық таза өнімнен жасалуы да баурап алған көрінеді.



 

2. Сәнді кроссовка

Сәнді кроссовкалар сұранысы да азаяр емес. Керісінше, танымал брендтер Balenciaga-ның табыс жолын қайталау үшін дизайны ерекше кроссовкалар шығарудан жарысып жатқандай. Іздеу жүйесінде сәнді кроссовкалар іздейтіндер саны 2211 %-ды құраған.

3. Велоспорт шалбары

Соңғы жылдары спорттық киім сәнді образдардың біріне айналса да, дәл мұндайды күтпеген боларсыз. Велоспортшылар киетін шолақ шалбар нағыз трендке айналатын түрі бар (1323%). Батыс сәнқойлары болса, оны классикамен ұштастырып үлгерді.

4. Халат-көйлек

“Пижама стиль” сәнқойлардың жүрегін қалай жаурап алғаны есіңізде шығар. Ендігі кезек халатқа да келді. Оны іздеушілердің саны 689 %-дан асқан. Сұраныс бар жерде ұсыныстың да көбейері анық. Ендеше осы жылы әрі ыңғайлы, әрі стильді киім іздеп шаршамайсыз.

5. “Тасбақа сырға”

Сән әлемінде “тасбақа сырға” аталып кеткен әшекейге сұраныс артқан көрінеді (679 %). Бұл бижутерияның ерекшелігі ол кез келген киім үлгісімен жараса кетеді.

6. Жылан терісінің принті

Қош бол, қабылан! Иә, ендігі жылы қабылан емес, жылан терісі түстес киімдер мен аксессуарлар сәнде (іздеушілер - 642 %). 2019 жылы бұл принтке басымдық берілерін, жаңа жыл кешіне көйлек іздеп жүріп өзіңіз де байқаған боларсыз.

7. Сопақ көзілдірік

90-жылдары “хит” болған сопақ көзілдіріктер әзір сәннен кетпейтін секілді. Олар тағы да трендте. Сопақ дизайнды күннен қорғайтын көзілдірікті іздейтін сұлулардың саны 591 %-ға асқан.

8. Африкалық принт

Жыл соңында африкалық принті бар киімдерді іздеген интернет (229 %) қолданушылар саны күрт өскен екен. Егер келер жылы сән дүкендерінде африкалық “оюмен” өрнектелген киімдер көбейіп кеткендей көрінсе, таң қалмаңыз!

9. Жиырылған киім

2019 жылы жиырылған көйлек, белдемше мен шалбарлар әр сәнқойдың гардеробынан табылатын сияқты. Себебі, мұндай киім іздейтін қыз-келіншектер саны 108 %-ға өскен.

10. Этика - сәнде!

Тренд қуамыз деп әйелдер киім-кешек пен түрлі аксессуарларға көп қаражат жұмсайды. Бірақ олардың көбі бір рет қана киіліп, босқа қалады. Ал оның планетаға тигізер зияны орасан дейді “тұрақты сән үлгілерін” іздейтін арулар (34 %). Этика үнемі сәнде!

Суреттер: Pinterest

Перизат Кәрімқұл
Бөлісу: