Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2019 жыл «Жастар жылы» деп жарияланды. Бұл өте қуанышты және толағай мағынаға ие игі іс. Себебі қазіргі уақыт талабы жаңаша дүниелік көзқарас тұрғысынан жаңаша ойлап, шешім қабылдай алатын, креативті ойлау қабілеті дамыған тұлғаны, өз елі мен жерінің, туған тілінің жанашырын дайындауды міндеттеп отыр.
Мен Қазақстан Республикасының дамуына қандай үлес қосамын?» деген сұраққа келесідей жауап берер едім: «Менің елдің және мемлекеттің дамуына қосар үлесім – ол дені сау, ойы жарқын, мінезі қайсарлы, ынталы да жігерлі болып, азаматтық ұстанымы анық, қояр мақсаттары халық игілігін асқақтату мен әл-ауқатын көтеруге бағытталған азамат болуым».
Заманауи технологиялардың пайда болып, әлемдік трендтердің қарқынды өзгеруі және бәсекелестіктің секунд санап артуы мен дамуы әлемде көшбасшы елдердің қуаты – ең алдымен, білім мен ғылымда болатын уақытқа келіп жеттік.
Осыған орай Елбасы ынтасы, бұқаралық көзқарасы мен салиқалы саясаты арқасында еліміз қажетті бағдарламалар мен реформаларды дер кезінде әзірлеп, халық пен мемлекет арасындағы жоғары түсіністік пен үндестігінің арқасында оларды іске асырып, жоғары табыс пен нәтижеге қол жеткізуде.
Қазақстан Республикасының әлемдік кеңістікте мықты мемлекет болуы – әрбір қазақстандықтың емін-еркін өмір сүруінің кепілі. Ел болу, мемлекет құру – сонау түркі заманынан бастап, желісі үзілмей келе жатқан ұлттық арман-аңсар. Біртұтас ел болу – болашаққа ашылған ұлы жол. Сол жолды ұлттық тәрбие, ұлтаралық келісім, бір-бірімізге деген құрмет пен инабаттылық арқылы жүруді арнаға салсақ, ешкімнен кем болмай, болашаққа бағдар алған халық болатынымыз анық.
Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған Жастарды үйлестіру кеңесінің белсенді мүшесі, «Жаңғыру жолы» республикалық қозғалысының негізін қалаушыларының бірі бола келе, мен Отанымыздың жастарын салауатты өмір салтын ұстанып, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау мен мүмкіндіктерді кеңінен қолданып, оларды тұлғалық дамуға жұмсауға шақырамын. Қоғам – маңызды институттардың бірі. Білікті де білімді, дені сау тұлғаларға толы қоғам – елдің көркі мен болашағының негізі деп есептеймін!
Қымбатты қазақстандықтар, 2019 жыл – Жастар жылы құтты болсын. Осы жыл аясында ұйымдастырылатын іс-шараларға белсенді қатысып, өзіңізді дамытып, халықтың жалпыұлттық дамуы мен ұлағаттылығына үлес қосатындарыңызға кәміл сенімдімін.
Темірлан Саматов,
Қарағанды облысы ҚХА
Жастарды үйлестіру кеңесінің белсенді мүшесі,
«Жаңғыру жолы» республикалық қозғалысы
аймақтық штабының мүшесі