2018 жылдың 7 технологиялық тренді

28 Сәуір 2018, 18:16 5048

Біздің өмірімізді өзгертетін технологиялар

Жасанды эмбриондар, 3D-басып шығару мен жасанды интеллект сияқты дүниелер бүгінгі күні шындыққа айналған. Ал бұл әлемдік трендтер Қазақстанда қолданыста бар ма?

3D-басып шығаруды металда қолдану

3D-баспа – құрылыста да, медицинада да, жобалау жұмыстарында да қарқынды дамып келе жатқан революциялық технология. Ұзақ жылдар бойы 3D-баспасы тек дизайнерлердің ғана қызығушылығында болған еді. Бұған дейін олардың пластиктен бір рет қолдануға арналған прототиптері жасалынып келген. Себебі, басқа металдар қымбат әрі оларды жасау ұзақ уақытты алатын.

Ал қазір 3D-баспасын кез келген материалдан, оның ішінде металдан да жасауға болады. Бұл – кәсіпорындар өз қоймаларында көптеген артық детальдарды сақтамайды деген сөз. Өндірушілер әр қилы қиындықтарға қарамай, артық  жабдықтарсыз 3D-баспаны дайындап беруге қауқарлы. 

Қазақстанда. Бұл технология Қазақстанда да үлкен сұранысқа ие. Ірі қалаларда оларға тапсырыс беріп, аз уақыттың ішінде қол жеткізуіңізге болады. Сталь, алюминий, титан және т.б. материалдан дайындап беретін кәсіпорындар жетерлік.

Жасанды эмбриондар

Кембридж университетінің эмбриологтары бағаналық жасушалардан жасанды түрде тышқан эмбриондарын жасап шықты. Бұл жаңалық ғылымның жаңа бір мүмкіндіктеріне жол ашады. 

Жергілікті университеттің профессоры Магдалена Зерница-Гёцтің айтуынша, бағаналық жасушалардың мүмкіндіктерін білгенімен, осындай жаңа эмбриондар өмірге келеді деп күтпеген. Ғалымның сөзіне сенсек, ендігі қадам адамның бағаналық жасушаларынан жасанды эмбриондар дайындау. Осы бағытта қазірде Рокфеллер мен Мичиган университетінің ғалымдары жұмыс жасап жатыр.

Адамның жасанды эмбриондары өмірді түсінуді үйретеді. Әрине, бұл жерде көптеген сұрақтар туындауы мүмкін. Мәселен, олар кәдімгі эмбриондардан айырымашылығы болмаса не болады? Олар ауырсынуды сезінгенше, қанша уақыт лабораторияда өсуі керек?

Қазақстанда. Кембридж университетінде ашылған жаңалық әлі біздің елге жете қоймады.

«Ақылды қала»

«Ақылды қала» түсінігі әзірге тек біздің қиялымызда жүргенін жасырмаймыз. Ондай қаланың инфрақұрылымы қағазға ғана түсірілген. Бірақ, нью-йорктік Alphab’s Sidewalk Labs компаниясы Quayside жобасы аясында Торонта қаласының бір ауданын толық сандық технологияны пайдалана отырып, «ақылды қалаға» айналдырмақ. Alphab’s Sidewalk Labs компаниясы аудан тұрғындары мен қала жайында ақпарат жинап отыратын құрылғылар орнатпақ. Жобада сол сияқты метрода жұмыс істейтін автоматтандырылған транспорттар мен роботтар жайлы айтылған. Компания қоғамдық өмірді бақылауды негізгі мақсаты санайды. Ал тұрғындар болса, өздерінің жеке мағлұматтарына қауіп төнеді деп уайымдауда. Бірақ, компания адамдардың жеке мағлұматтарының қауіпсіздігіне баса назар аударады. Waterfront Toronto мемлекеттік агенттіктің сөзіне сенсек, Солтүстік Америкадағы басқа да қалалар Quayside жобасында кезекте тұр.

Қазақстанда. Елімізде «Ақылда қала» концепциясы «Сандық Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағдарламасының айырықша бір бөлігі ретінде саналады. Бүгінгі күні Smart City жобасын Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент секілді ірі қалаларға біртіндеп енгізуді қолға алып жатыр. Жақын уақыттары басқа да еліміздегі ірі қалалар осы жобаларға қосылатын болады. Ел Президенті Н.Назарбаев «Ақылды қалалар» өңірлердің дамып, инновацияның кең таралуына, Қазақстанның барлық аймағында тұрмыс сапасын арттырудың локомотивтеріне айналады» деп айтқан болатын.

Барлығына арналған жасанды интеллект

Жасанды интеллектті Amazon, Baidu, Google және Microsoft секілді компаниялар қымбат ойыншықтай көретін. Ал қалғандар үшін ол қол жетімсіз, әрі өте қымбат құрал іспеттес болған. Бірақ та, индустрияның алыптары өздері жасаған дүниелерін барлығына қолжетімді болу үшін бұлтты сервистерге жүктеуде.

Бүгінге дейін бұл инновацияда Amazon-ның AWS компаниясы үстемдік еткен. Google де шет қалмай ашық бастапқы кодпен жасанды интеллект кітапханасы TensorFlow-ды дүниеге әкелген. Оны машиналы оқытумен бағдарламаларды жасау үшін қолданады. Тура осы секілді Gluon деп аталатын ашық бастапқы кодпен машиналы оқытуды Microsoft Amazon компаниясымен бірлесіп жасап шықты. Ол өз кезегінде жасанды интеллекттің маңызды технологиясы нейронды желіні өмірге әкелуге ат салысады. Әзірге бұл салада қандай компанияның көшбасшылыққа шығары белгісіз.

Қазақстанда. Елбасы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауында айтылған цифрлы қызмет көрсету саласын елімізге дендеп кіргізу болашақтың еншісінде деген еді. Соның бірі – жасанды интеллект. Өткен жылдың қазан айында жергілікті ауруханаларда жасанды интеллектті қолданылу қолға алынған. Әрине, біздің елдегі ЖИ жоғарыда айтылған компаниялардың өнімдерінен алшақтау.

Вавилонды балық

Бұл балықтың шығу тарихы Дуглас Адамстың «Автостопом по галактике» атты кітабынан басталады. Ерекше имплантант арқылы оны пайдаланушы кез келген тілді түсіне алады. Балық шынайы уақыт режимінде басқа планеталық тілді түсініп, тікелей миға сигнал береді.

Біздің технологиямызда бұл құрылғы соншалықты жетілмеген болса да, біраз нәрсеге шамасы жетеді. Google ұсынған Pixel Buds құлаққабы өз жұмысынан бөлек, дыбыс көмекшісі арқылы шет тілдерін аудара алады. Әзірге құлаққап көпшілікке ұсыныла қоймады.

Қазақстанда. Тек біздің елімізде емес, әлемнің кез келген тұрғыны өз смартфоны арқылы дыбысты аудармашымен тікелей байланыса алады. Біздің аудармашылар да сондай сервистерге қазақ тілін енгізіп белсенді жұмыс жүргізіп келеді.  

Экологиялық энергетика

Табиғи газ – арзан әрі қолжетімді энергия көзі. Сол арқылы АҚШ-та электроэнергияның 30%-ы, әлемде 22%-ы өндіріледі. Бірақ, бұл өндіріс табиғатқа аса үлкен зиянын тигізіп жатыр.

Америкалық NetPower стартапы Хьюстонда экспериментке арналған электростанция тұрғызды. Олардың мақсаты – газды жағу кезінде бөлінетін диоксид көміртегін өңдеп, басқа компанияларға сату. Бұл технология арқылы тек экологиялық проблеманы шешіп қана қоймай, электроэнергияның құнын да төмендетуге болады.

Интернетте анонимді қалу

Желідегі жеке мәліметтерді, банктердегі өзіңізге тиесілі ақпараттарды құпия сақтауға болады. Бұл 2016 жылы Zcash криптовалютасының шығуымен танымал болып кетті. Өндірушілер тұтынушылардың анонимді транзакция жасай алуы үшін zk-SNARK әдісін іске асырды.  

Банктер осы әдіс арқылы тұтынушылардың жеке мәліметтерін қарамай-ақ, ақша аударымдарын жасай алады. Өткен жылы JPMorgan Chase zk-SNARK блокчейн негізінде өзінің төлем жүйесін енгізген еді. Бұл әдісті қарапайым тұтынушылар да қолдана алады. Мәселен, олар банктық мағлұматтарын аштырмай-ақ, өз карталарында қаражат барын дәлелдеулеріне мүмкіндіктері бар. zk-SNARK – қиын әрі ұзақ уақытты алатын технология екенін естен шығармаған жөн және оған әлі де қосымша баптаулар қажет-ақ.

Болашақта Қазақстан банктері де осы әдіске көшеді деп үміттенеміз.

Сандуғаш Мамышқызы
Бөлісу: