Белгілі әнші Мұрат Қожа “Ұйқым келмейді” бағдарламасында “Нұрлан мен Мұрат” дуэтінің қайта құрылуына қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Өнер иесі "Нұрлан мен Мұрат" тобын тыңдармандар әлі де іздеп, тойға жиі шақыратынын атады. Сонымен бірге, ол әріптесімен бірге әзірге жаңа ән жазбайтынын жеткізді.
Біз бағдарламаларға, тойларға, кейбір концерттерге, түсірілімдерге бірге барамыз. Дуэт әлі бар, табыс та табамыз. Негізі “Нұрлан мен Мұраттың” бірге болуы бізге де ұтымды. Өйткені ел бізді бірге көрсе толық образды көргендей болады. Сондықтан “Нұрлан мен Мұраттың” ғұмыры бар деп ойлаймын. Бірақ біз жаңа ән жазбаймыз деп шештік. Себебі халық жаңа әнімізді керек етпейді. Өзіміздің 4-5 әніміз бар. Халық “Шашы ұзын қыз”, “Жаулап алды махаббат”, “Ләйлә”, “Жұлдызым” деген әндерімізді сұрайды, – дейді Мұрат Қожа.
Театрға қайта оралған әнші қазіргі уақытта Ақтау қаласында тұрып жатыр. Бұған Алматы мен Астанада ұзақ жылдар бойы тұрған неліктен мұнайшылар қаласына оралуының түпкілікті себебін ашып айтты.
Маңғыстау – өзімнің туған жерім, ата-анам, ағайын-туысым сол жақта. Орта жасқа келген соң жақындарымның жанында болайық, туған жерге де қызмет етейік дедім. Қазір Атаудағы Нұрмұхан Жантөрин атындағы драма театрының актерімін. Бұрыннан 40 жастан кейін ауылға қызмет етемін деп ойлайтынмын. Нақты немен айналысатынымды білмедім. Кейін өзім театр институтын бітірдім. Ақтауда театр ашылғандықтан, үлкен сахнада өнер көрсеткім келді, сөйтіп мүмкіндікті пайдаланып, театрға жұмысқа тұрдым. Спектакльде ойнау – үлкен өнер .20 жылдан кейін театрға оралу қиындау болды. Мұнда ұстазым Нұрқанат Жақыпбаевтың тәрбиесі қатты көмектесті. Кино, сериалдарға пробаға түсіп көрдім, кастингтен өттім, бірақ өзім бас тарттым. Себебі, уақытты көп алады, оның үстіне ақшасы аз, – дейді өнер иесі.