09.04.2026
16:00
150
Жаңалықтар

«20 жерден пышақ сұққан»: Жәйрем кентіндегі жантүршігерлік оқиға

Ұлытау облысы Жәйрем кентінде 42 жастағы әйелді азаматтық некедегі күйеуі пышақтап өлтірді. Марқұмның артында төрт баласы қалды. Жергілікті полиция департаментінің хабарлауынша, 33 жастағы күдікті ауруханада жатыр.

Құқыққорқау қызметкерлерінің хабарлауынша, сотқа дейінгі тергеу жұмысы жүріп жатыр.33 жастағы күдікті қылмыс жасағанын түсінген соң өзіне қол жұмсаған. 

«Қазір күдікті дәрігерлердің бақылауында жатыр. Оны күзетшілер күні-түні көзден таса қылмайды. Сот оған қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолданады», – еді хабарлады Ұлытау облысындағы полция департаменті. 

Ведомство өкілдері ер адам емделгеннен кейін бірден тергеу изоляторына қамалатынын айтты. 

Туыстарының айтуынша, қаза тапқан әйелдің аты – Әйгерім. Ол 42 жаста болған, өзін де, балаларын да өзі қамтамасыз еткен: кәсіппен айналысып, жылжымайтын мүлік сатып алып, оны жалға берген.

Әпкесі Дана БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында марқұм сіңлісінің тынымсыз еңбек еткенін, барлық жауапкершілікті мойнына алғанын айтты. Әйгерімнің төрт баласы бар.  Үлкен ұлы жоғары оқу орнында оқиды, екіншісі – мектеп оқушысы, ал кенжелері – ұл мен қыз. Қызы – 5 жаста, инсульттан кейін мүгедектігі бар. Жақындарының айтуынша, Әйгерім өте мейірімді, жанашыр адам болған.

«Ол бәріне көмектесетін. Адамдарға жаны ашитын, тіпті жануарларды да паналататын. Мен оған «тым мейірімдісің» деп айтатынмын», – деп еске алады әпкесі.

Туыстарының сөзінше, күдікті бұдан бұрын да марқұмға  зорлық-зомбылық көрсеткен. Бастапқыда қамқор болғанымен, кейін қызғаныш пен агрессияның арты қол көтеруге әкелген. Оның үстіне Әйгерімнің азаматтық некедегі күйеуі жұмыс істемеген, ішімдікке салынған. Үйдің бар шығыны марқұмның мойнында болған. Үнемі отбасын сақтап қалуға тырысып, дер кезінде полицияға жүгінбегені тағы бар. 

Жақындары бірнеше рет полицияға жүгінгендерін, алайда бұл қайғылы жағдайдың алдын алуға көмектеспегенін айтады. Туыстарының айтуынша, оқиға болған күні ер адам Әйгерім жұмыс істеп жүрген дүкенге келіп, оған 20 рет пышақ сұққан. Салдарынан мақұм оқиға орнында көз жұмған. Артынша ер адам өзіне қол салғанымен, оны аман алып қалған. 

Іс «ерекше қатыгездікпен жасалған адам өлтіру» бабы бойынша тергеліп жатыр. Марқұмның туыстары күдіктіге әділ жаза талап етіп, балаларды асырап алуды жоспарлап отыр. Өйткені марқұмның балалары жағдайды ауыр қабылдаған. Әпкесі жиенінің жылап, анасының неге келмей, хабарласпай жатқанын бірнеше рет сұрағанын айтады.