20 вагон жолаушыға жауапты болу оңай жұмыс емес – пойыз басшысы

15 Маусым 2023, 13:00 1947

Жолаушыларды діттеген жеріне аман-есен жеткізу жауапкершілігі темір жол қызметкерлерінің мойынында. Олардың әрқайсысы сол мақсатын орындау үшін аянбай еңбек етеді. Бүгін біз Алматы – Қостанай бағыты бойынша жолға шыққан жолаушылар пойызының басшысы Тазагүл Құсаиновамен сұхбаттасып, қызметімен жақынырақ танысып қайттық.

Тазагүл Тұрғынбайқызы сегіз күн жұмыс істеп, сегіз күн демалады. Әдеттегі жұмыс уақыты таңғы сағат 09:00-де басталады. Алдымен темір жол қызметкерлерінің денсаулығы бастан-аяқ тексеріледі. Содан кейін барып пойыз басшысы Тазагүл Құсаинова өзінің қарамағындағы 35 жолсерікке жол жүру ережесін түсіндіреді.

Сапарға шықпас бұрын вагондардың жолға дайындығын тексереміз. Жарығы жанып тұр ма, жолаушыларға берілетін төсек орындар таза ма, жеткілікті ме, соның барлығына көз жеткізуіміз керек, – деді пойыз басшысы.

Осылайша темір жол қызметкерлері пойыз жүретін уақытқа дейін жолаушыларға алдын ала жағдай жасайды.


©El.kz/Ажар ЛАУБАЕВА

Пойыз темір жол вокзалынан жолға аттанғаннан кейін кейіпкеріміздің вагонына барып, біраз әңгімеге тарттық. Пойыз басшысы вагондарды дайындаудан бөлек, өзіне міндеттелген құжаттарды толтырумен айналысады.


©El.kz/Ажар ЛАУБАЕВА


©El.kz/Ажар ЛАУБАЕВА


©El.kz/Ажар ЛАУБАЕВА

Құжаттарға вагонға құйылатын су мөлшерін, қыстың күні алынатын көмірдің тағы да басқа заттың тізімін жазамын. Себебі, халықтың жағдайын жасауға қажеттінің бәрі есептелуі тиіс. Оған қоса пойыз электромеханигі мен жолсеріктердің үстінен жұмысын тексеріп отырамын. Сондай-ақ қызметшілерден бөлек 20 вагондағы жолаушыларға да жауаптымын. Олардың да тізімін міндетті түрде жазып, тапсырамын, – деді Тазагүл.


©El.kz/Ажар ЛАУБАЕВА

Пойыз басшысы пойыз үлкен станцияларға тоқтағанда 20 вагонды іші-сыртымен айналып шығуға тырысатынын айтты. Сол вагондарға жауапты жолсеріктердің қатарында тәжірибесі аз жас мамандар да қызмет етеді. Көбіне оларға көмектесіп, жоғары деңгейде жұмыс істеуді үйретеді. Сонымен қатар Тазагүл Құсаинова жолға шыққан адамдардың арасында ауырып қалып, өзін нашар сезінетіндері де болатынын айтады. Мұндай жағдайға тап болғанда пойыз басшысы өзінің қолынан келген көмегін ешқашан аяған емес.

Жол жүргеннен кейін пойызда түрлі оқиғалар орын алуы мүмкін. Ондай кезде адамгершілік танытып, қиналған жанға көмек көрсету – біздің міндетіміз. Бір күні пойыз жедел жәрдем жетіп үлгермейтін айдалада келе жатқанда бір әйелдің толғағы қыса бастады. Содан вагонымызда ешқандай дәрігер болмағандықтан, оны өзім босандырып алуға тура келді. Қаншалықты жүрегім дүрсілдеп, қобалжып, қорықсам да бар күшімді жинап, көмек көрсетуге тырыстым. Осылайша жолаушы әйелді өзім босандырып алғанмын, – деді Тазагүл Құсаинова.

Әңгіме барысында кейіпкеріміз пойызда қайғылы жағдайлар да болатынын айттып қалды.

Осыдан бір жыл бұрын вагонның алдында тұрсам, бір әжей екі немересімен бірге жүгіріп келеді. Пойызға үлгеремін десе керек, қатты жүгіргеннен ентігіп кірді. Қан қысымы қатты көтерілген жолаушы менен дәрі сұрайды. Содан дәрісін беріп, көтерілген қан қысымымен жол жүруге болмайтынын айтып, әжені пойыздан түсіп қалуын өтіндім. Алайда әжей: «егер мен келесі пойызға отырсам, немерелерімнің сабағы басталып кетеді. Сосын балам мен келінім ренжиді. Маған дәрі бердіңіз, енді жағдайым жақсарып қалар» деп бастартты. Өкінішке қарай жолда әжейдің жүрегі ұстап, қайтыс болып кетті, – деді пойыз басшысы.

Тазагүл ханым осы оқиғадан кейін өзін нашар сезінгенін айтады. Әжейді түсіп қалуға көндіре алмағынына өкінген. Сондықтан халықпен жұмыс істейтін қызметкерлерге мұндай түрлі жағдайларды еңсеру үшін психологиялық тұрғыдан өте мықты болу қажет.

Пойызда қызмет ететін жолсеріктерді іріктеп алу да пойыз басшысының міндетінде.

Жұмысқа тұруға келген жолсеріктердің қызметке деген қабілеттілігін әбден сынап аламыз. Себебі ол халықпен тікелей қарым-қатынаста болатындықтан, бірінші орында солардың жағдайын жасай білуі тиіс. Ол үшін жолсеріктердің бойында адамгершілік пен жауапкершілік қасиеті болуы қажет. Сондықтан олар 3 ай бойы сынақ мерзімінен өтеді. Жалпы біздің жұмыстың қызығы мен қиыншылығы қатар жүреді. Сондықтан өзіңіздің өміріңізде қандай нашар жағдай орын алып жатса да, оны жолаушыларға білдірмей, адамдарды үнемі көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алу керек. Егер сізге бір күнде кемінде  4 адам рахмет айтса, онда сіз жақсы адамсыз дегенді білдіреді. Ал ешкім алғысын білдірмесе, ол күнді босқа өткіздіңіз деген сөз, – дейді пойыз басшысы.

Кейіпкеріміз кішкентай кезінен халықпен қарым-қатынас орнатқанды жақсы көрген. Сол себепті де ол бірінші таңдаған сәнгер мамандығынан бас тартып, жолсерік ретінде қызмет ету туралы шешім қабылдаған.

Адамдармен сөйлескенді, білгеніммен бөлісіп, білмегенімді олардан үйренгенді ұнатамын. Бұл менің мамандығымды таңдауыма себеп болған бірінші жағдай. Ал екіншіден, әдемі жұмыс формасын кигенді жақсы көремін. Алғаш қызметке тұрған сәттен бастап бұл іспен айналысу қолымнан келетінін түсіндім. Осылайша темір жол саласында жүргеніме 23 жыл өтіпті, – деді ол.

Тазагүл Тұрғынбайқызы алғаш жолсерік ретінде жұмысқа тұрған кезін «жасым небәрі 26-да ғана болған» деп еске алады.

Жолсерік ретінде алғаш жұмысқа тұрғанда 2 балам кішкентай болды. Жолдасым Ерлан сол балаларды қарап, маған үлкен қолдау білдірді. Ол кезде үндемей, тып-тыныш жүріп жұмысымды атқаратын едім. Мен үшін бастапқыда қызметте жүріп адамдардың көңілін табу қиын болды. Себебі пойызға мінездері сан алуан жолаушылар мінеді. Олардың әрбірінің жағдайын ойлап, аман-есен діттеген жеріне жетсе екен деп тұрамын, – деді Тазагүл.

Кейіпкеріміз алғашында қыс мезгілінде вагондардың мұзын ойып, іште от жағуға әбден қиналған. Өзінің кіп-кішкентай денесіне қарамастан,  15 келіге жуық мұз ойғышты көтеріп, ауыр жұмыс істейді. Талай рет жылап, қызметтен кеткісі келген сәттері де болған. Алайда ол жұмысындағы түрлі қиындықты еңсеріп, бүгінде пойыздың басшысы қызметіне дейін көтеріліп отыр. Тазагүл Құсаинова Алматы – Қостанай, Қостанай – Алматы бағытындағы пойызда 7 жыл жолсерік болып жұмыс істесе, 15 жыл бойы пойыз басшысы ретінде қызмет етіп келеді. Тазагүл ханымға бұған дейін қандай түрлі ұсыныс түссе де жұмысынан бастартпаған. Себебі ол өз жұмысын сүйіп істейді әрі әріптестеріне де бауыр басып қалған.

Тазагүл Құсаинова көп балалы отбасынан шыққан. Жанұясында сегіз ағайынды, яғни жеті қыз және бір ұл бар. Ол өзі үйдің бесіншісі. Тазагүл ханым мектепті, жоғарғы оқу орнын орысша бітіргенімен, ата-анасынан қазақи тәрбие алып өскен. 

Кеңес одағы кезінде орыс тілін білгендер нанын тауып жейді деген пікір қалыптасқан еді. Сондықтан ата-анам бізді орыс мектебіне жіберді. Десе де әкем «өздеріңнің тілдеріңді  ұмытпаңдар, қазақша сөйлеңдер» деп үнемі айтып отыратын. Сол себепті болар, қазақилықты жаным жақсы көреді. Жүрген жерімде қазақтың тарихымен, кезіндегі әңгімелерімен бөлісіп жүремін, – деді пойыз басшысы.

Кейіпкерімізбен сөйлесіп болғаннан кейін пойыз басшымен бірге жолаушылардың жағдайын білуге бардық. Астаналық тұрғын Күнімхан Дүйсенова пойыз басшының жұмысына толығымен көңілі толатынын айтты.


©El.kz/Ажар ЛАУБАЕВА

Тазагүл Құсаинованың халықпен тікелей қарым-қатынас орната алатындығын пойызға келген сәттен бастап-ақ байқадық. Тіпті вагонға мінген мүгедек жандарды өзі кіргізіп-шығарып салды. Қариядан бастап, жастарға, балаларға дейін тілін тауып, көңілін көтере біледі, – деді жолаушы.


©El.kz/Ажар ЛАУБАЕВА

Күнімхан Смағұлқызы пойызда халыққа жағдай жасалғанымен,  вагон мен төсек-орын жабдықтарын жаңарту керек деп есептейді. Одан басқа айтарлықтай еш кемшілік жоқ дейді.

Сөз соңында кейіпкеріміз өзінің арманымен бөлісті. Дүниеден жай адам болып өтіп кетпей, атымды халыққа жақсы адам ретінде танытып кетсем екен дейді.  

Арман-мақсатым – Абай Құнанбаев «сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деп айтқандай, дүниеден өз кетігімді табу. Жанымдағы әріптестерім мені мақтан тұтатындай өз дәрежемді, абыройымды сақтау. Болашақта ұлымды үйлендіріп, қызымды құтты ұясына қондырсам деймін. Немерелерімді бағып-қағып отырсам, одан асқан бақыт болмас еді, – деді пойыз басшысы.

Тазагүл Құсаинова алдағы уақытта жұмысын зейнет жасына жеткенге дейін абыроймен атқарып кетуге ниетті.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: