23.01.2026
09:00
936
20 тілді меңгердім, әсіресе қазақ тілі жүрегімді жаулап алды – 20 жастағы америкалық полиглот

20 тілді меңгердім, әсіресе қазақ тілі жүрегімді жаулап алды – 20 жастағы америкалық полиглот

20 жасында 20 тілді меңгерген америкалық Камила Фаррдың Қазақстанға, қазақ тіліне деген қызығушылығы ерекше. Ол бүгінде ислам дінін қабылдап, өзін қазақша «Айбала Құдайберген» деп атайды. Осы орайда El.kz интернет порталы арумен жақынырақ тілдескен еді.  

Камила Американың Джорджия штаты Атланта қаласында тұрады. Әкесі Джеффри – жергілікті үндіс, анасы Джули – тегі аустриялық, Америка азаматы. Ол көпұлтты отбасында өсіп, кішкентай кезінен тіл мен мәдениетке  қызыққан. Камиланың Райан есімді бір інісі, иті мен екі мысығы бар.

Камила өзін неліктен «Айбала Құдайберген» деп атайды?

Америкалық ару «Айбала» есімі оның ішкі болмысына жақын, құлаққа жағымды екенін айтады.

«Айбала» деген есім маған өте ұнайды. Әдемі естіледі әрі мағынасы да терең. Ал «Құдайберген» деген қазақы дүниетанымға жақын, сол үшін бұл текті жақсы көремін, – дейді ол.

«Ислам дінін саналы түрде қабылдадым»

Камила 15 жасында ұзақ ізденіс пен зерттеуден кейін ислам дінін қабылдаған. Бұл шешіміне ата-анасы бастапқыда тосырқай қарағанымен, кейін оған қолдау білдірген. Бүгінде намаз оқып, рухани өмірін де қатар дамытып келеді.

Мен ислам дінін өз қалауыммен, саналы түрде қабылдадым. Ата-анам менің таңдауымды құрметтеді, – дейді ол.

20 тілді қалай меңгерді?

Айбала бүгінде 20 тілде еркін сөйлейді. Ағылшын, онейда, испан, неміс, португал, итальян, қазақ, қырғыз, өзбек, ұйғыр, дүнген, хазараги, тәжік, урду, корей, жапон, қытай, вьетнам, индонезия, ачех секілді тілдер оның өмірінің бір бөлігіне айналған.

Мен барлық тілді өз бетімше үйрендім. Кітаптар, YouTube, интернет, онлайн сабақтар – бәрі де мен үшін үлкен мектеп болды. Тіл үйрену – тек сөз жаттау емес, ол – тұтас бір мәдениетті сезіну, – дейді полиглот.

Полиглот қыз тілді  адамдарды бір-бірімен байланыстыратын құрал деп есептейді.

Әр тіл маған әлеммен тереңірек байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Қателесуден қорықпай сөйлеу, күн сайын жаттығу керек, – дейді ол.

«Қазақ тілін 3 жылдың ішінде үйрендім»

Қазақ тіліне деген махаббат Камиланың бойында мектеп қабырғасынан басталған. Қазақстан туралы оқыған бір кітап оны беймәлім елге, жаңа тілге жетелеп әкелген.

Алдымен Қазақстан деген қандай ел екені қызықтырды. Содан кейін қазақ тілін үйренуге бел байладым. Үш жыл бойы күн сайын жаттығып, сөз жаттап, сөйлесіп жүріп, бұл тілді меңгердім, – дейді ол.

Камиланы Орталық Азия мәдениетіне баураған дүние – тарихтың тереңдігі, қонақжайлық, музыка мен отбасылық құндылықтың беріктігі. Бұл аймақтың мәдениеті оған шынайылығымен, табиғилығымен жақын.

«Қазақстан менің жүрегімді толықтай жаулап алды»

Қазақстанға Камила бір-ақ рет 2025 жылдың желтоқсанында келген. Бірақ сол бір сапар оның жүрегінде мәңгі сақталып қалған. Әсіресе, Алматы қаласы ерекше әсер қалдырған.

Қазақстан менің жүрегімді толықтай жаулап алды. Америкаға қайтқым келмеді. Мұнда өзімді үйдегідей сезіндім. Адамдардың мейірімі, қонақжайлығы ұмытылмас әсер сыйлады, – дейді ол.

Оны таңғалдырған жайттың бірі – Қазақстандағы көптеген орыс ұлты өкілінің қазақ тілінде еркін сөйлеуі. Қазақша сөйлесу арқылы адамдармен оңай тіл табысқанын айтады.

Камиланың қазақстандық достары қаланы аралау үшін көлігін берген.  

Алматы көшелерін аралап, алғаш рет қар көрдім. Қазақстанда көлік жүргізу өте қызық екен. Тіпті жолда көлік тоқтатып тұрған әйелді мінгізіп алып, қайда баратынын сұрап, оны 4000 теңгеге жеткізіп тастадым, – деп есіне алды ол.

Қазақстанға сапары барысында полиглот, блогер Мәди Фазылға және тағы да басқа БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп үлгерген. Сондай-ақ, қазақ эстрадасының танымал өкілдері – Сәкен Майғазиев, Мейрамбек Беспаев, Кенжебек Жанәбілов және Айдана Меденовамен жүздескен екен.

Полиглот қыз қазақтың тағамдарын ұнатқанын айтады.

Қазақстандағы тамақтың дәмі тіл үйіреді. Шынымды айтсам, Америкадағы тағамдармен мүлде салыстыруға келмейді, – дейді ол.  

Камила Қазақстанға тағы да келгісі келетінін, Астана, Шымкент, Қызылорда және Сарыағаш қаласын көргісі келетінін айтады.

Камила қазақтың әндерін сүйіп тыңдайды

Америкалық ару қазақ тілін терең сезіну үшін  жиі қазақша ән тыңдайды. Ол Мирас Жүгінісов, RaiM, Qanay, Burkit, Kalifarniya, Қуандық Рахым, Бейбіт Қорған сынды өнерпаздардың әнін ерекше ұнатады.

Қазақ музыкасы тілдің сұлулығын сезінуге, мәдениетті терең түсінуге көмектеседі. Әуені мен сөзінің мағынасы өте бай, – дейді ол.

«Мұқтаж жандарға көмектескім келеді»

Айбаланың арманы асқақ. Ол болашақта байып, қайырымдылықпен айналысқысы келеді.

Мен шамам келгенше мұқтаж жандарға көмектескім келеді, – деді ол.   

Сондай-ақ,  100 елге саяхаттауды мақсат тұтып отыр. 

Айта кетейік, бұған дейін Еуразия университетінің ұранын жазған студент туралы жазған едік.