2025 жылдың 20 қазанынан бастап Қазақстанда жеке пайдалану үшін автокөліктерді әкелуге қатысты жаңа шектеулер күшіне енеді. Бұл туралы Uchet.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.
Бұл өзгерістер 2025 жылғы 23 мамырдағы Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің №45 шешіміне сәйкес енгізіліп отыр.
Негізгі өзгеріс – «жеке көлік құралы» ұғымының нақтылануы
Бұған дейін бұл ұғым азаматтарға кейбір көлік түрлерін және тіркемелерді жеке қажеттілігі үшін әкелуге мүмкіндік беретін. Енді мұндай көліктерді әкелу тек ЕЭК Алқасының 2017 жылғы 30 маусымдағы №74 шешімімен бекітілген тізімге енгізілген жағдайда ғана рұқсат етіледі.
Рұқсат етілген көлік санаттары:
жеңіл автомобильдер (медициналық мақсаттағы арнайы көліктерден басқа), код – 8703 ТН ВЭД ЕАЭС;
квадроциклдер, қарда жүретін және жолсыз жерлерге арналған мотовездеходтар;
мотоциклдер, мотороллерлер, мопедтер (8711 позициясы);
сыйымдылығы 12 орынға дейінгі автобустар және толық салмағы 5 тоннаға дейінгі жүк көліктері (жеке кодтар бойынша).
Құжаттық талаптар
Барлық әкелінетін көліктер «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентке сай болуы керек. Негізгі растаушы құжат – көлік құралының құрылымының қауіпсіздігі туралы куәлік.
Ол болмаса, жеке тұлғалар:
кедендік рәсімдеуден өте алмайды;
электронды көлік паспортын ала алмайды;
утилизациялық алымды төлей алмайды;
көлікті тіркеуге қоя алмайды.
Нәтижесінде
Тізімге енбеген көліктерді елге әкелу мүлде мүмкін болмайды – оларды рәсімдеу, кедендік тазарту немесе есепке қою заң жүзінде тыйым салынады.
Мамандардың айтуынша, бұл өзгерістердің мақсаты – ЕАЭО елдері арасындағы техникалық талаптарды біріздендіру және сертификатталмаған көліктердің әкелінуін шектеу.