Бүгін Қазақстанның 20 өңірінде «Zhas Project» жобасына қатысуға өтінімдер қабылдау басталды. Жобаға NEET санатындағы 18-34 жас аралығындағы жастар қатыса алады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
«Zhas Project» жас қазақстандықтардың мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Жобаға қатысушылар өз өңірлерінде жергілікті қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған үздік бастамаларды іске асыра алады. Олар сондай-ақ көшбасшылық қасиеттерді дамыта алады, әлеуметтік және кәсіптік бағдарлау бойынша жаңа білім мен дағдыларға ие болады, сонымен қоса бизнесті құру және жүргізу бойынша кәсіби менторлық қолдауға ие болады.
Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы басшылығының мәліметінше, жоба жеңімпаздары әлеуметтік бастамаларды іске асыру үшін 1 миллион теңгеге дейін шағын грант алады.
Мәдениет және ақпарат министрлігі 280 жобаны іске асыруға 280 миллион теңге бөлген. Өтінімдерді қабылдау 24 сәуір сағат 23:59-ға дейін жалғасады. Ұйымдастырушылардың байланыс ақпараты мен өтінім қабылдайтын сайттары cisc.kz сайтының Zhas project бөлімінде орналасқан.