02.07.2025
18:31
4829
20 млн теңге: ең қымбат тортқа тапсырыс берген жұлдыздар

20 млн теңге: ең қымбат тортқа тапсырыс берген жұлдыздар

Бірі шоу үшін, бірі шын қуаныш үшін тапсырыс берген. El.kz соңғы жылдары ел назарында болған қымбат торттар мен олардың иелерін тізбектеп шықты.

2 тонна торт

Қазақстанда тойда ұсынылған ең қымбат әрі көлемді торттардың бірі – салмағы 1,5 тоннадан асатын салтанатты десерт. Бұл ерекше торт 2018 жылы Шымкент қаласындағы Rixos Khadisha Shymkent қонақүйінде өткен, ел есінде қалған тойда ұсынылған болатын.

Салтанатты кешті танымал әзілкеш әрі шоумен Тұрсынбек Қабатов жүргізіп, кештің сәнін келтірсе, таңдай қақтырар тортты Ресейдің кондитерлік өнер шебері Ренат Агзамов өзі дайындап, арнайы алып келген. Торттың биіктігі – 4,2 метр, диаметрі – 3 метр, ал салмағы шамамен 1500 килограмм болған.

Желіде торттың құны 179 мың доллар деген ақпарат тарағанымен, шебер бұл деректі жоққа шығарды.

179 мың доллар тұрмайды, олай болуы мүмкін де емес. Ал торттың шын мәнінде қанша тұратыны – құпия, оны тек мен және тапсырыс беруші адам біледі. Сол да жеткілікті, – деді Ренат Агзамов Instagram-дағы тікелей эфирде.

Кейін белгілі болғандай, Қайрат Сатыбалдының қызы Аружан мен шымкенттік олигарх Серікжан Сейітжановтың ұлы Әміржанның үйлену тойы болған.

Қайрат Сатыбалды еліміздегі ірі бизнес өкілдерінің бірі еді, сол кездерде оның аты Kaspi Bank, «Қазақтелеком», «Алатау Капитал Инвест» секілді ірі компаниялармен байланысты болған. Алайда мүлікті талан-таражға салды деген айыппен сотталып, былтыр мерзімінен бұрын босатылды. Ал күйеу баланың әкесі, кәсіпкер Серікжан Сейітжанов – Түркістан облысы, Отырар ауданы, Шілік ауылынан шыққан танымал кәсіпкер.

11 қабатты торт

Танымал блогерлер отбасы Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенова бірнеше жылдан кейін үйлену тойын дүркіретіп өткізді. 12 жыл бұрын некелескен олар алғашқы тойларын өткізбеген екен. Осылайша, көп жылдан кейін шын мәнінде ерекше салтанат ұйымдастырып, армандарын жүзеге асырды.

Эльмира Төлегенова Instagram парақшасында:

Ерболат менің арманымды орындады. Барлық қыз-келіншектің арманы ақ көйлек кию емес пе? Менің арманым 12 жылдан кейін орындалғанына қуаныштымын, – деп жазды.

Салтанатты кеш Алматыдағы люкс санатындағы қонақ үйде өткен. Қуанышты бөлісуге еліміздің танымал блогерлері ғана шақырылған. Кештің көркін ресейлік әнші МОТ, сондай-ақ Қайрат Нұртас, Ninety One, Қазыбек Құрайыш, Әміре және Тұрар сынды отандық өнер иелері келтірген.

Алайда тойдан тараған суреттер мен видеолар желі қолданушылары арасында қызу пікірталас тудырды. Әсіресе 11 қабатты торт жұрттың назарын аударып, сынға ұшырады.

Пікір қалдырғандар арасында:

«11 қабаттан тұратын торт жасау – ысырапшылдық»,«Одан да жетім балаларды тойдырту керек», «30 миллионға торт алғанша коттедж алмаймын ба?! – деген сындар жазылды.

20 миллион теңгелік торт

2024 жылы желі қолданушылары арасында кең талқыланған оқиғалардың бірі – танымал блогер Дархан Жолшыбековтің әйелі, блогер Дариғаға арнаған ерекше туған күні болды. Шара сән-салтанатымен, танымал қонақтарымен және ерекше сыйлықтарымен ел есінде қалды.

Туған күн кешін жүргізген – әзілкеш Нұрлан Сабыров, ал музыкалық кештің шымылдығын Мейрамбек Беспаев бастаған эстрада жұлдыздары ашқан. Танымал әншілердің өнері мен жоғары деңгейде ұйымдастырылған шоу көпшіліктің назарын аударды.

Кештің басты жаңалығы Дархан Жолшыбековтің жарына құны 150 миллион теңге тұратын люкс көлік сыйлауы болды. Сонымен қатар, «DARICON» деп аталатын туған күн кешіне арнайы 20 миллион теңгеге торт дайындалған. Торттың ұзындығы – 2 метрге жуық.  

Дархан Жолшыбеков Instagram парақшасындағы стористе былай деп бөліскен еді:

Ес жиып алайық, содан кейін бәрін саламыз. Бүкіл бренд сыйлыққа келді. 1 миллион теңгедей ақшалай сыйлық жиналыпты. Атсалысқан достарыма мың алғыс! Даридың өзіне де қатты ұнады. Сыйлықтарды кейін көрсетеміз, – деді ол.  

Миллионның торты

2023 жылы танымал қазақстандық блогер, миллиондаған оқырманы бар Анеля Кенжебекова туған күнін Алматы қаласында ерекше сән-салтанатпен атап өтті. Бұл оқиға сол жылы әлеуметтік желілерде кең тарап, көпшіліктің қызығушылығын тудырған болатын.

Анеля 21 жасын жақын достары мен туыстарының ортасында қарсы алып, Instagram парақшасында кештен фото және видеоларды бөлісті. Туған күн кешінің басты назар аударарлық сәті ақ түсті көпқабатты торт болды. Блогер оның құнын да жасырмай айтты.

Менің тортым 1 миллион теңге тұрады, – деп жазды Анеля өз парақшасында.

Бұл туған күн блогер үшін ерекше әрі есте қаларлық сәтке айналды. Анеля әкесімен билеген бейнежазба арқылы көпшіліктің жүрегін елжіретті.

Менің тірегім, қорғаным – әкем. Менің өмірлік мақсатым – әкемнің көзінен мақтаныш көре білу, – деп жазды ол.

Оқырмандар блогерді туған күнімен құттықтап, ақ тілектерін жаудырды.

100 келі торт

2023 жылы әнші Айгүл Иманбаеваның 46 жасқа толған туған күнін сән-салтанатпен атап өткен еді.

15 наурыз күні күндіз Республика сарайында жеке шығармашылық кешін өткізген әнші Алматыдағы люкс санатындағы мейрамханалардың бірінде туған күнін тойлады.

Мерекелік кешке қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары мен мәдениет қайраткерлері жиналды. Роза Рымбаева, Тұңғышбай Жаманқұлов, Азамат Сатыбалды, Мөлдір Әуелбекова, Ақбота Керімбекова, Қайрат Нұртас пен Жұлдыз Әбдікәрімова сынды өнер иелері әншіні арнайы құттықтап келді.

Кештен естелік ретінде әнші Шахизада Instagram парақшасында бейнежазба бөліссе, Айгүл Иманбаева да туған күн сәттерін өз парақшасының сторис бөлімінде жариялап отырды.

Туған күннің басты сыйлығы салмағы 100 келі тартатын алып торт болды. Бұл тосынсыйды әншіге Ақтөбеден арнайы келген құрбысы дайындаған. Әсем безендірілген торт кештің сәнін келтіріп, қонақтар тарапынан да қызу қызығушылық тудырды.

Айта кетейік, әнші сондай-ақ жақында ұлының үйлену тойы мен немересінің тұсаукесерін қатар өткізді. Ол тойға Ақтөбеден арнайы келген кондитер торт дайындаған. 

Эксклюзивті торт

Отандық шоу-бизнес өкілі Нұрлан Еспановтың ұлы Олжастың үйлену тойы әлеуметтік желіде кеңінен таралған кадрлармен ел назарын аударды.

Олжас пен Айнұрдың қуанышына орай өткен тойда түсірілген ерекше видеоларды жас жігіттің өзі Instagram парақшасында бөлісті. Желі қолданушыларының қызығушылығын оятқан басты сәттердің бірі – арнайы әзірленген алып, эксклюзивті торт болды.

Эксклюзивті тортымызды алдырайық. Бұл – тек Олжас пен Айнұрдың тойына әзірленген қайталанбайтын, нағыз ерекше торт. Не деген керемет көрініс! Бәріміз бірге қаттырақ қол соғып қояйық, – деді асаба той барысында.

Салтанатты сәтте жас жұбайлар бір-біріне торттан дәм татқызып, қонақтардың қошеметіне бөленді. Әлеуметтік желіде тараған видеолар мен фотолар желі қолданушыларының түрлі эмоция тудырған пікірлеріне себеп болды.

«Не деген сұмдық, не деген үлкен торт?!», «Керемет!», «Өмірлерің торттай тәтті болсын!» – деп жазды желідегілер.

Айта кетейік, бұған дейін бет-әлпетін өзгерткен қазақстандық жұлдыздар жайлы жазған едік.