20 миллионыншы қазақстандық нәрестенің есімі қойылды

16 Қараша 2023, 15:26 2845

20 миллионыншы қазақстандық болып туған нәрестенің әкесі Сұңғат Сейітжан жұбайы мен қызын шығарып алу үшін перзентханаға барды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Балалы болған 20 жастағы Сұңғат пен 19 жастағы Әйгерім – Жезқазған қаласының тұрғыны. Әке атанған жас жігіт өзінің бақытты екенін айтады.

Қызымызды 20 миллионыншы қазақстандық болады деп ойламадық. Баламыз бірінші Алланың, екінші дәрігерлердің арқасында аман-есен дүниеге келді. Бақыттымын, қатты толқып жүрмін. Қазір отбасымызбен, туған-туыстарымызбен жарымды, қызымды шығарып алуға перзентханаға келдік. Нәрестенің толық аты-жөні - Томирис Сұңғатқызы болды, – деді Жезқазған қаласының тұрғыны тілшімізге берген сұхбатында.

Сейітжан Сұңғаттың айтуынша, жақындары үйінде арнайы тосын сый дайындап қойған екен. Жас жанұя қыздарын перзентханадан шығарып алған соң бұл қуанышты үйіне барып атап өтуді жоспарлап отыр. 

Айта кетейік, бұған дейін биыл 14 қарашада 20 миллионыншы болып 5 бала дүниеге келгені жайлы айтқан болатынбыз.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: