1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні

30 Сәуір 2021, 17:48 9900

«Тілі басқа – тілегі бір, жүзі басқа – жүрегі бір» жандар құттықтауы

 

1 мамыр Қазақстан Республикасында бірлік пен татулық мерекесі ретінде тойланады. Мейрам тарихына үңілетін болсақ, биыл жиырма алтыншы рет атап өтілмек. 1995 жылы мамыр айының алғашқы күнінде ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құрған болатын. Көпұлтты мемлекет ретінде түрлі ұлыстардың басын қосқан Елбасы аталған күнді – халықтар достығы мерекесі деп жариялады. Ширек ғасырдан бері тойланып келе жатқан мейрам еліміздегі 100-ден астам ұлт өкілінің бірлік пен ынтымақтастықта өмір сүріп жатқанының айқын дәлелі. Халықтар бірлігі күнінің аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері өз тілектерін жолдап, құттықтауларын жеткізді.

 

Владимир Чепель, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Алматы облысы Ақсу ауданы Қапал ауылдық округі аппаратының бас маманы:

 

– Мен үшін 1 мамыр мерекесінің ең басты мәні – Қазақстан Республикасының түрлі ұлт өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып, татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды насихаттау. Жыл сайын дәстүрлі түрде мереке күні жалпы Қазақстан халқына, достарыма, әріптестеріме құттықтау сөз жіберемін.

Ұлттар достығы мен ынтымақтастығын арттыру барысындағы жұмыстардың бәрі – жаһандық саясаттағы еліміздің рөлін танытады. Осындай жауапты саясатының арқасында ҚХА басқа мемлекеттер үшін үлгіге айналып отыр. Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі өзгешеліктерінің айтар болсақ, ол ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына сайлануы, яғни заң шығару өкілеттігіне иелігінде. Ассамблея Парламент Мәжілісінің тоғыз депутатын сайлайды. Сонымен қатар өзге де құрылымдық институттармен, халықаралық ұйымдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыстар атқарады. ҚХА-да түрлі этномәдени бірлестіктер бір идея аясында қызмет етеді. 1 мамыр бірлік пен ынтымақтың мерекесі ғана емес, бізді бір шаңырақ астында ұйытып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының да туған күні. Биыл аталған құрылымның құрылғанына жиырма алты жыл толып отыр.

Қазақ халқының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде қазақстандық азаматтық бірегейлікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде Қазақстан Республикасында этносаралық келісімді нығайту – Ассамблеяның мақсаты.

Осы орайда барша халқымызды келген бірлік мерекесімен құттықтаймын! Шаңырағымыздан шаттық кетпей, ортақ Отанымыз бейбіт аспан астында өркендей берсін. Бастысы ел бірлігі мен ынтымағы жоғалмасын. Бәріміз қолымыздан келгенше достықты берік бекітіп, бейбітшілігімізді көздің қарашығындай сақтайық дегім келеді.

 

 

 

 

Виктория Трегубова, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, журналист:

 

– Ең бірінші күнінен-ақ береке мен бірлікке негізделген мамыр айы Қазақстанда тұратын барша этнос өкілдері үшін ерекше күн. Аталып өту деңгейі де жоғары екендігін айта кеткен жөн. Бұл мереке еліміздің басты мерекесіне айналдыру идеясын Тұңғыш Президентіміз-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осыдан жиырма алты жыл бұрын көтерген болатын. Міне, осы уақыт ішінде бұл мереке елдің асыға күтетін мерекелерінің біріне айналды. Бұл күннің басқа мерекелерден ерекшелігі – барша халықты ұлт пен ұлысқа бөлмей, тең қарап, олардың бір-біріне бауырластығын арттыруында. Осы күнге дейін Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері 1 мамырда бас қосып, барша ел азаматтарына үндеу тастап келеді. Біз кең құшағын жайған Қазақстанда өмір сүріп жатқандықтан, ынтымақтастық пен бірліктің нығаюы үшін әрдайым еңбек етеміз. Өйткені достық пен татулық еліміздің ажырамас бөлігі. 1 мамыр мерекесі баршамызға құтты болсын!

 

Наргизам Махмудова, Ұйғыр халқы этно-мәдени орталығының өкілі:

 

– Ең алдымен, барлық Қазақстан халқын келіп жеткен Рамазан айымен құттықтаймын Ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын! Биыл қасиетті аймен тұспа-тұс келіп отырған 1 мамыр мерекесі мен үшін өте ерекше. Осы күнге дейін қаншама жыл бойы біз 1 мамыр күнін айрықша көңіл-күйде, кең дастарханымызды жайып, республикалық деңгейде үлкен шара қылып өткізетін едік. Қазіргі таңда індеттің себебінен онлайн түрде атап өтуге тура келіп тұр. Әр жылы айтулы мейрамда барлық достарымызбен бірлікте бас қоссақ, былтыр Ұлыстың ұлы күнінен бері қарай жаңа үрдіс ойлап таптық. Ол – еліміздегі мұқтаж отбасыларға қолдау білдіріп, көмектесу. Әркім шамасы келгенше, аз қамтылған отбасыларға демеу болып, азық-түлік себеттерін, киім-кешек, дәрі-дәрмек апарып жатыр. Ал биыл өздеріңіз білетіндей мектеп бітіруші түлектер тапсыратын ұлттық бірыңғай тестілеу электронды форматқа көшірілді. Осыған байланысты аз қамтылған отбасылардың 11-сынып оқитын балаларына дайындыққа арналған сынақ тестілерін сатып алып бердік. Бұл ісіміз де еліміздің бірлігі мен ынтымақтастығының бір көрсеткіші деп білемін. Қазақстан мемлекетінде қаншама халық достық пен татулықта өмір сүріп келеді. Кейде көп ұлтты мемлекетпіз деп өз ішімізде айтқанмен, сырт жаққа, шетелге шыққанда өзімізді қазақстандықпыз, қазақпыз деп таныстырамыз.

Қазақстандағы ұлтаралық ынтымақтастықтың өзге елдерден, әрине, айырмашылығы бар. 26 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құрған еді. Осының өзі үлкен институттың бастауы екенін және басқа мемлекеттерге үлгі болып тұрғанымызды білдіреді. ҚХА қаншама ұлт пен ұлысты біріктіріп, бір шаңырақ астында тату-тәтті етіп жинап отыр. Шетелдерден түрлі ұлтаралық араздық, қақтығыстар туралы естіп те, көріп те жатырмыз. Аллаға шүкір, біздің елімізде мақтанарлықтай жағдай бар деп ойлаймын. Біздің ерекшелігіміз – қандай көп ұлт болмасын бір ғана еліміздің татулығы үшін аянбай еңбек етіп жатыр. Мен өз өмірімді Қазақстан халқы Ассамблеясынсыз елестете алмаймын. Бірнеше күн бұрын ҚХА-ның XXIX сессиясы болып өтті. Осы күнге дейін Ассамблеяға Төрағалық етіп келген Елбасымыз – ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев барлық жақсы жағдайды жасап берді. 2019 жылы 1 мамыр мерекесін Елбасымыздың жанында атап өту бақыты бұйырған еді. Сол жылы бәрімізге белгілі, наурызда Президенттік өкілеттілігін Қасым-Жомарт Тоқаевқа табыстады. Сол сияқты кешегі күнде де Нұрсұлтан Әбішұлы ҚХА Төрағалығын Президентімізге табыстады. Мұны барлық Ассамблея мүшелері мақұлдады. Алайда, Елбасы қай жағдай да дұрыс шешім қабылдайтынын білсек те, ішімізден өзгеше қимастық, келіспеушілік тұрды. Елбасы Құрметті Төраға атанғаны біз үшін қуантарлық жағдай. Біз Елбасы құрып берген ҚХА басты бағытынан айнымай, ары қарай да ел бірлігі мен ынтымақтастығы жолында аянбай қызмет ете бермекпіз.

Барша халқымызды келіп жеткен 1 мамыр татулық, бірлік, достық күнімен құттықтаймын. Бәріне денсаулық, отбасыларына амандық тілеймін. Ұлт пен ұлысқа бөлмей, бәрімізге тең қарап отырған еліміздің шаңырағына тек қана жақсылықты нәсіп етсін. Басымыз аман, жұртымыз тыныш болып, індет тезірек кетіп, онлайн емес офлайн режимімізге көшіп, мерекеміз мерекеге ұласа берсін!

 

 

 

 

 

Назерке Чакирбаева
Бөлісу: