1 ақпан кинопремьералары

1 Ақпан 2018, 14:11 5640

Қандай фильмдер прокатқа шығады? 

Бүгін «Оскар» бәйгесіне қатысып жатқан екі фильм, сондай-ақ отандық екі кинотуынды, Джерард Батлер, Мэтт Дэймон, Шэрон Стоун, Константин Хабенский секілді жұлдыздардың қатысуымен жасалған басқа да жаңа фильмдер Қазақстан прокатына шықты.

«Тоня против всех» («I, Tonya») – Австралия режиссері Крэйг Гиллеспи түсірген қара комедия элементтері бар өмірбаян-драма. Америкалық мәнерлеп сырғанаушы туралы картинада басты рөлде Марго Робби ойнайды.

Басты кейіпкер Тоня Хардинг - 1990 жылдары басы дауға қалған мәнерлеп сырғанаушы. Оның бұрынғы күйеуі АҚШ чемпионатында Тоняның бәсекелесіне шабуыл жасайды. Осы арқылы Тоняның жеңіске деген мүмкіндігін арттырмақ болады. Осындай оқиғадан кейін Хардингтің есімі әлемге тарайды.

Фильм «Екінші пландағы үздік актриса» номинациясы бойынша «Алтын глобус» жүлдесін, АҚШ Актерлер гильдиясының сыйлығын алды (Эллисон Дженни ). Сондай-ақ «Үздік актриса», «Екінші пландағы үздік актриса», «Үздік монтаж» номинациялары бойынша «Оскардан» үміті бар.

«Оскарға» таласатын тағы бір фильм – «Три билборда на границе Эббинга, Миссури» («Three Billboards Outside Ebbing, Missouri»). Ирланд киномаманы Мартин МакДона («Залечь на дно в Брюгге», «Семь психопатов») түсірген драма жылдың ең титулды кинофильмдерінің бірі. Атап айтқанда «Алтын глобустың» төрт номинациясында, Актерлер гильдиясының үш номинациясында жеңіске жетті. Одан бөлек сценарий жұмысы үшін Венеция кинофестивалінің жүлдесі де бар. Алдағы «Оскарда» жеті аталым бойынша бақ сынайды.

Сюжет Милдред есімді әйелдің төңірегінде өрбиді. Оның қызын әлдекімдер зорлап, өлтіріп кетеді. Арада біраз уақыт өтсе де қылмыскер табылмайды. Әйел осыдан кейін батыл қадамға барады: қалаға кіретін тұстағы үш билбордты жалға алып, соған жергілікті полиция басшысы Уильям Уиллоубиге қарата сөздер жазады. Іске шерифтің орынбасары, өзі зорлық-зомбылыққа бейім, анасының қолында тұратын Диксон араласпақ болады. Милред пен қала билігі арасындағы жағдай шиеленісе түседі.

Басты кейіпкерлерді Фрэнсис МакДорманд, Сэм Рокуэлл, Вуди Харрельсон ойнайды.

«Оазис» - жазушы Смағұл Елубаев пен оның ұлы Бегарыс Елубаев («Аңшы бала») ұсынған арт-хаус. Фильм өндірісіне «Қазақфильм» киностудиясы атсалысқан.

Фильмде өмірге деген көзқарастары бір-біріне ұқсамайтын, мінездері де мүлдем бөлек екі жас жігіттің тағдыры баяндалады. Руслан - ананың мейірімін көрмеген тастанды бала. Полиция қызметкерлерінен қашып жүрген ол өзімен бірге бүкіл әлемді жойып жібермек ойы болады. Алайда шөл далада ол жүрегінде иманы бар, төңірегіндегілерді махаббат пен мейірімділік нұрына бөлендіріп жүрген Абдолла есімді жігітті кездестіреді. Өзіне қол жұмсамақ болған Русланды құтқарып алса да, Абдолланың өміріне қауіп төнеді.

Тағы бір отандық фильм - белгілі вайнер Нұрлан Батыровтың кинодағы алғашқы продюсерлік және сценаришілік жұмысы. "Проявление" - хоррор элементтері бар психологиялық фильм деп таныстырылды.

Батыровтың айтуынша бұл идеяны 5 жылдан бері ойластырып жүріпті. Жобаға режиссерлік еткен Нияз Әбдіғапар. Бұрын актерлігімен көрінген Әбдіғапар былтыр "Любовь по Наследству" деген алғашы режиссерлік жұмысын шығарғаны белгілі.

Сюжетте қала сыртындағы үйге көшіп келген қарапайым отбасы туралы айтылады. Отбасында Карина есімді әйел, оның күйеуі Ренат және Каринаның сіңлісі Алиса бар. Алиса үйде тағы біреудің бар екенін сезеді. Осыдан бастап олардан маза кетеді.

«Проявление» фильміне Марат Әбішев, Лина Сұлтанова, Дина Тасболатова және Жанель Мақажанова түскен.

«Эйфория» («Euphoria») – «Оскарлы» Алисия Викандер мен Ева Грин ойнаған неміс-швед мелодрамасы.

Фильмде көптен бері бір-бірін көрмеген апалы-сіңлілі Эмили мен Инес арасындағы қарым-қатынас сөз болады. Кезінде екеуі келіспей қалған болатын, енді татуласуға бел буады. Эмилия Инесті өзі тұрып жатқан мекенге шақырады. Сөйтсе ол жазылмас дертке шалдыққан екен және бірнеше күннен кейін бұл өмірмен қош айтыспақшы. Алайда Инес бұл жағдайды қабылдағысы келмейді.

«Охота на воров» («Den of Thieves») – қолға түспей жүрген банк тонаушыны ұстауға бел буған полиция сарбазы туралы қылмыстық боевик. Ник есімді басты кейіпкер АҚШ-тың федералдық резерв банкіне шабуыл жасалғалы жатқанын біледі. Тонаушылардың басында аты аңызға айналған, қол түспейтін қылмыскер еді. Ник оларды қалай болғанда да қолға түсіріп, істің түбіне жетпек.

Фильмде Джерард Батлер, рэпер 50 Cent , Кіші О’Ши Джексон, т.б. актерлер ойнайды.

«Короче» («Downsizing») – денесін кішірейтіп, жаңа қоғамда жаңа өмір бастамақ болған ерлі-зайыпты туралы баяндайтын комедия. Режиссері – екі мәрте «Оскар» иегері, қара юмор мен сатираның шебері Александр Пэйн.

Сюжет бойынша норвег ғалымдары адам денесін кішірейтетін технологияны ойлап табады. Осының арқасында өмір сүру анағұрлым арзанға түспек. Бір топ еріктілермен бірге басты кейіпкерлер де кішірею процедурасынан өтеді. Алайда соңғы сәтте басты кейіпкердің әйелі бұл идеядан бас тартады.

Фильмде басты рөлдерде Мэтт Дэймон мен Кристен Уиг ойнайды.

«Селфи» - Ресей жазушысы Сергей Минаевтың шығармасына негізделген психологиялық триллер. Басты рөлдерде - Константин Хабенский мен Фёдор Бондарчук.

Басты кейіпкер - танымал жазушы, тележүргізуші Владимир Богдановты одан аумайтын басқа адаммен алмастырады. Ол енді Богдановтың жұмысына, атағына, әйелі мен көңілдесіне иелік етеді және оның рөлін түпнұсқадан да жақсы атқарады. Оның оралуын Богдановтың қызы ғана қалайды.

Басты рөлде Шэрон Стоун ойнаған романтикалық комедия «Кое-что на день рождения» («A Little Something for Your Birthday») деп аталады.

Жасы келіп қалған модельер Сенна Бергес өз кәсібінен де, жеке өмірінен де жетістіктер күтеді. Бірде ол Адам есімді адвокатпен танысады. Жігіт Сеннаны туған күнінде кездесуге шақырады. Алайда бір түйткіл бар: Сеннаның туған күнінде үнемі бір жағымсыз жағдайлар болады.

«Плюшевый монстр» («Lino: Uma Aventura de Sete Vidas») – Бразилиядан келген отбасылық мультфильм. Анимациялық туынды Лино есімді жас жігіт туралы. Оның өмірін көңілді деуге келмейді: өзі аниматор болып істейді, балалар оған күні бойы тыным бермейді, ал қыздар оған қарамайды. Бұл тығырықтан шығудың жолы сиқыршы көмегіне жүгіну деп түсінеді. Сөйтіп өмірін өзгертем деп уәде берген дуагер шатасып, оны байқаусызды үлкен мысыққа айналдырып жібереді.

Ернар Бекенов
Бөлісу: