Тышқан жылы несімен ерекше?

30 Желтоқсан 2019, 12:10 11755

Тарихи шолу. Бұл жылдың айтулы оқиғалары

Тышқан жылы айтулы датаға тұспа-тұс келіп отыр. Ғасырда бір келетін ұқсас сандардан көп үміт, тіпті «темір тышқан» жылы деп одан таңғажайыптарды күтіп жүргендер де бар. Кейбіреулер «жаңа жылды қалай қарсы алсаң, жылды солай өткізесің» деген тәмсілді алға тартады. Осы ретте, El.kz интернет-жобасы жаңа жылды қалай өткізген дұрыс, тышқан жылынан не күтуге болады және тарихта бұл жыл қандай маңызға ие деген сауалдарға жауап іздеп көрді.

Тышқан жылы несімен ерекше?

Тышқан – шығыс күнтізбесіндегі алғашқы белгі. Десе де, бір ғана тышқан жылы күнтізбеде әртүрлі аталады. Мәселен, 1924 жыл ағаш тышқандардың жылы болса, 1936 жыл өрт тышқанының жылы болған. Ал биыл темір тышқандардың жылы болмақ. Тіпті, 2020 жыл – ақ темір тышқандар жылы деп аталады. Сондықтан ақ түске биыл басымдық беріліп отыр. Сонымен, тышқан жылын бірнеше түрге бөлудің қандай артықшылығы бар? Мәселен, «ақ темір» тышқан жылында шыдамдылар мен күрескерлердің, табандылар мен тез шешім қабылдайтындардың айы оңынан тумақ. Сондай-ақ, бұл жыл әділеттілік үшін күресу, бірбеткей мінезді талап етеді. Сондықтан биылғы жыл шапшаңдық пен гиперактивті болуға шақырады.

Қытай жылнамасындағы тышқан түрлері:

Тышқан жылы

Әр түрлі жылдардағы даталар

Түрі

1924

5 ақпан 1924 – 23 қаңтар 1925

Ағаш тышқан

1936

24 қаңтар 1936 – 10 ақпан 1937

Өрт тышқаны

1948

10 ақпан 1948 – 28 қаңтар 1949

Жер тышқаны

1960

28 қаңтар 1960 – 14 ақпан 1961

Алтын (металл) тышқан

1972

15 ақпан 1972 – 2 ақпан 1973

Су тышқаны

1984

2 ақпан 1984 – 19 ақпан 1985

Ағаш тышқаны

1996

19 ақпан 1996 – 6 ақпан 1997

Өрт тышқаны

2008

7 ақпан 2008 – 25 қаңтар 2009

Жер тышқаны

2020

25 қаңтар 2020 – 11 ақпан 2021

Алтын (металл) тышқаны

Кестеден байқап отырғаныңыздай, Қытай күнтізбесі бойынша, жаңа жыл біз үйреніп кеткендей, 1 қаңтардан басталмайды. Жыл басы қаңтар айының 25-не тұспа-тұс келіп отыр. Күн сәрсенбіге келіп тұрғандықтан, бұл күнді де ерекше атап өтуге болады.

2020 жыл серпіліс пен өзгерістерге де толы. Алайда жылнамаға сенім артқан көпшілік серпіліске үрке қарайды. Бұл қайғы мен қатерлі апаттарға, өмірдегі тепе-теңдіктің жоғалуына әкеп соғады деген түсінік қалыптасқан. Дегенмен, бұған сенім артып, қорқуға ешбір негіз жоқ. 2020 жыл – неке құрып, отбасында толығулар болатын қуанышты әрі баршаға қолайлы уақыт деп болжанған. Бір жағынан ақ түс тазалықты, шынайылық пен ізгі ниетті білдіреді. Жыл символы – адал жолмен жүруге, айналасындағы әлемді қорғауға және адамдарды құрметтеуге үйретеді. Бірақ өз мақсаттарына арам пиғылымен қол жеткізуге тырысатындар сәтсіздік пен жайсыздықтарға жиі ұшырайды деген сенім бар.

Әлгінде айтып өткеніміздей, жылдың басында өз-өзіңізге сын көзбен қарап, шешімдерді едел-жедел қабылдасаңыз және оның дұрыстығына көз жеткізсеңіз ештеңеге алаңдамасаңыз да болады. Астрологтардың пайымдауынша, мұндай кезде ақ темір тышқандар көмекке келеді. Сонымен бірге, биыл қаржылық жағынан ең қолайлы жыл. Өйткені, тышқандар жоқшылықты ұнатпайды. Қазақтардың да бұл жылды береке мен байлық жылы деп атайтыны осында болса керек. Қамба астыққа толатын, молшылық жылы болады деп сенім артқандардың шаңырағында ақшалай қиындықтар орын алмайтын көрінеді. Ал жылдың екінші жартысында болатын кейбір келеңсіздіктер үшін ақшаңызды үнемдеп жаратқаныңыз жөн дейді болжам жасаушылар.

Дегенмен, тышқан қарапайым белгі емес. Оның өзіне тән айлакерлігі әрі кекшілдігі басым. Ол әрбір жағдайды өзіне ыңғайлап алуды ұнатады. Сол үшін жыл бойына әрбір дүниені қаперде ұстаған жөн. Өйткені, бұл жыл күтпеген тосынсыйлар мен келеңсіздіктерге де толы. Сондықтан оған әрдайым дайын болған жөн.

Тышқан жылы тарихта қандай жыл?

Ұлт ұғымында тышқан жылын береке мен байлыққа, татулық пен бейбітшілікке толы кезең деп бағалайды. Елдің бұл сенімі дәл келген бе? Тарихқа көз жүгіртсек, ташқан жылында соғыс өрті тұтанбаған. Алайда береке мен байлыққа толы жыл деуге негіз бар ма? Әріге бармай-ақ, 2008 жылы Қазақстан үлкен дағдарысты бастан өткерді. Экономикалық құлдырау қарапайым халықты титықтатып, өмір сүру сапасына айтарлықтай өзгерістер енген болатын. Десе де, үміт үзуге болмайды. Сонымен өткен ғасырдан бастап тышқан жылында қандай оқиғалар орын алды? Шолу жасасақ...

1900 жыл. Қазақстанның ағарту саласында үлкен дүмпу болған кезең. Дәстүрлі оқыту жүйесі біршама жаңаланды. Мұсылман мектептеріне реформа қажеттігі айтылып, қоғамға қажетті арифметика, география, жаратылыстану, тарих сияқты басқа да зайырлы пәндерді меңгерту басталды. Соның негізінде, әдістемелік мектептер көптеп ашыла бастады. Оның басында, тарихта аты қалған, белгілі түркі тілдес халық ағартушыларының бірі, қоғам қайраткері И. Гаспринский тұрды. Еліміздегі ең алғашқы жаңа әдістемелік мектеп 1900 жылы Түркістан қаласында ашылды. Ондай мектептер Ақтөбе, Жаркент, Верный, Қазалы, Қостанай, Перовск, Семей сияқты басқа да қалаларда жұмысын бастады. Қазақтың біртуар азаматтарының көбісі жаңа әдістемелік мектептерде білім алғандар. Уфадағы «Ғалия» медресесінде Б. Майлин, Орынбордағы «Усмания» медресесінде Қ. Болғанбаев және басқалары оқыды. Абай Құнанбаев Семейдегі Ахмет Риза медресесінде жаңа әдістемелік оқыту методикасын жақтаушы ағартушылардан дәріс алғандар болатын.

Дегенмен, жаңа бағытта оқытатын білім ошақтары елге кең көлемде таралмады. Оған патша үкіметінің үздіксіз қарсылық көрсетуі себеп. Сол кездегі билеушілер бұндай әдістеме панисламизм мен пантүркизмді насихаттайды деген түсінікте болды.

1912 жыл. Қазақ тарихында әліпби мәселесі күйіп тұрған жыл еді. Қазақ жазуын (төте-авт.) түрлеп, қолданысқа ұсынады. Осы жылы «Оқу құралы» қазақша әліппесінің бірінші кітабы жарық көреді. Дәл осы мәселе 1924 жыл да маңызын жоймаған еді. Қазақ тілі, соның ішінде араб жазуын латындандыру мәселесі бойынша қазақ қайраткерлері арасында орын алып отырған қайшылықты көзқарастарды жойып, ортақ позиция мен пікірді қалыптастыру мақсатында Қазақ АКСР-нің Ағарту халық комиссариаты 1924 жылы 12-17 маусымда Орынбор қаласында Қазақ білімпаздарының І съезін ұйымдастырды. Бұл съезге Ә. Бөкейханов, М. Дулатов, А. Байтұрсынов, Х. Досмұхамедов, М. Жолдыбаев, Н. Төреқұлов, А. Кенжин, Е. Омаров, Н. Залиев, М. Саматов, М. Мұрзин сынды қазақтың біртуар қайраткерлері қатысты. Отырыстың қорытындысында А.Байтұрсынов құрастырылған әліпбиді – «төте жазуды» қолдануды жалғастыру, оны одан әрі жетілдіру қажет деп ұйғарылды. Дегенмен, латындандыру мәселесі бұрынғысынша күн тәртібінде тұрды.

1924 жылы ел тарихында тағы бір айтулы оқиға орын алды. Қыркүйек айында Қазатком сессиясы елдің бас қаласын Ташкентке ауыстыру, олай болмаған жағдайда шырайлы Шымкент қаласына көшіру туралы қаулы қабылданды. Дегенмен, бұл бұйрық орындалмай, республика астанасы Ақмешітке ауыстырылған болатын. Осылайша ел үшін айтулы жыл ретінде есте қалды.

1936 жыл. Қазақстан үшін бұл жыл өкініш пен қайғыға толы. Сол кездегі солқылдақ саясаттың әсерінен бюрократияға басымдық берілді. Сталиндік КСРО Конституциясы жариялаған беттен орталықтандыру процесі орныға бастады. Бұл «Социализм жолымен ілгерілеген сайын тап күресі шиеленісе түседі» деген пиғылды көксеген идея болатын. Соның әсерінен негізсіз жазалау шаралары көбейіп, органдардың қызметі күшейтілді, ату жазасы, жер аудару, еңбекпен түзеу лагерьлеріне қамау, КСРО-дан тыс жерлерге қудалау сияқты адам төзгісіз қатігездіктер орын алды. Жеке адамдардың құқықтары аяққа тапталды. Ал бұған көнбей, қарсы уәж айтқандар «халық жауы» болып шыға келді.

1948 жыл. Еліміз үшін агробиология саласындағы оң шешімдер мен жаңашылдықтар қабылданған кезең ретінде есте. Дәл осы жылы Қазақ КСР Ғылым Академиясы ҚК(б)П ОК-нің ұйғарымымен күллі биологиялық және медицина ғылымдары институттары мен секторларының ғылыми-зерттеу еңбектері жоспарын қайта қарастыруға пәрмен берілді. 1948 жылы 21 қыркүйекте ҚК(б)П ОК-нің Бюросы республикадағы агробиология ғылымының жағдайын тексеру туралы шешім қабылдады.

1960 жыл. Осы уақыттан бастап мемлекет Кеңестерді дамыту ісіне басты көңіл бөлді. КОКП-ның XXII съезінде Кеңестердің беделін арттыру мәселесі қаралып, қоғамның саяси жүйесінде біршама жаңғыру жасалды. Сонымен бірге, 60-жылдардың алғашқы жартысында тағдырдың жазуымен Қытайда өмір сүріп жатқан отандастарымыз елге оралды. Осы жылдары КСРО-ға ҚХР-нан 35 мың адам көшіп келген. Оның 20 мыңы Қазақстанға қоныс аударған. Олардың басым көпшілігі қазақтармен қатар өзбектер, орыстар, ұйғырлар, дүнгендер болды. Қоныс аудару кезеңі 1963 жылы аяқталғаны тарихтан белгілі.

1972 жыл. Спорт пен мәдениеттің алға ілгерілеген кезеңі. Тіпті, екі сала арқылы Қазақстанды күллі әлем таныды деуге негіз бар. Өйткені, қазақ спортшысы алғаш рет Олимпиада чемпионы атанды. Байрақты бәсекеде олжалы оралған Әлжан Жармұхамедов –  1972 жылы баскетболдан КСРО құрамасымен бірге Мюнхен Олимпиадасының алтынын еншіледі.

Ал «Қазақфильм» киностудиясының ең таңдаулы, шоқтығы биік туындыларының бірі «Қыз жібек» киносы бір жылдың ішінде (1972 жыл) әлемнің 80-ге жуық елінде көрсетілген. Сонымен бірге, дәл осы жылы ҚазКСР мемлекеттік сыйлығын алған. Кеңес кезінде киностудия таспалаған фильмдер арасында тың туынды 8-орында тұр. Оны сол кезеңде 7,8 млн. көрермен тамашалаған деген дерек бар.

1984 жыл. Қазақтың ғасырлар бойғы арманы орындалған жыл болды. Ел билеу ісіне елім деп еміренетін азаматтар келе бастаған кезең. Осы жылы Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхммед Қонаевтың ұсынысымен Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ ССР Министрлер Советінің төрағасы болып сайланды. Елбасы бұл қызметті 1989 жылға дейін атқарғаны белгілі.

1996 жыл. Ел есін жия бастаған уақыт. Халқымыз аңсағанына жетіп, егемендік алып, өз алдына мемлекет болып қалыптасқан жыл. Бұл Тәуелсіздіктің бесінші жылы еді. Жаһан жұрты кеше ғана еңсесін тіктеген мемлекетке күмәнмен қарап, түрлі сәуегейлік тұжырымдар жасап та үлгерген-ді. Десе де, алғашқы бесжылдықта тәуелсіз елдерге қойылатын талаптардың барлығы іске асты. Әлем халқы елімізді тани бастады. Халықаралық ықпалдастық артып, дипломатиялық қатынастар орнықты. Дегенмен, бесжылдықтағы ең басты жетістігіміз қайсы? Ел неден ұтты? Бұл - бейбітшілік пен тұрақтылық. Рас, қазірдің өзінде бұл ең маңызды әрі күн тәртібінен түспей келген мәселе. Кейбір мемлекеттер тыныш ұйықтаудан қалып, соғыстан көз ашпай келеді. Тіпті, үздіксіз халық көтерілістері мен дүмпулер кейбір мемлекеттердің экономикасын тұралатып, әлемде жойылып кеткендері де бар. Дегенмен, еліміз айрандай ұйыған мемлекетте ғана бейбітшілік пен татулықтың болатынын біледі. Әсіресе, «Тәуелсіздік қазаққа қол емес» деген пікірлерді жоққа шығару тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ең басты миссиясы болды.

2008 жыл. Жоғарыда айтып өткеніміздей, еліміз ауыр дағдарысты бастан кешкен уақыт. Бұл әлемдік проблемада Қазақстан алпауыт мемлекеттер экономикасына кіріптар болмаудың тетігін қарастырды. Әсіресе, қаржылық-несиелік құлдыраудың салқыны азық-түлік тапшылығына ұласып кетпеуі күн тәртібінен түспеді. Дегенмен, импорт пен экспортқа иек артқан еліміз аталған мәселені уысында ұстауға шамасы жетпеді. Сарапшылар алдағы жылдар тұрмақ, ертең не болатынын болжай алмаған кезең болатын. Өйткені, мұнай бағасы бірде құлдырап, енді бірде шарықтады. Осылайша, күллі жаһан жұртын тұрақсыздық жайласа, сол тұрақсыздық Қазақстанның да шыдамын тексеріп бақты. Бір сөзбен айтқанда, дағдарыстың салқыны кез келген елге де жеңіл болмады. Тіпті, әлемдік дамудың негізгі ойыншысы Азия мемлекеттері болады деген тұжырымдар да айтылып жатты. Десе де, бұл дағдарыстан іргесі берік, саясаты сауатты, қуаты мығым елдер жайнап шыға келді. Солардың біріне біздің Қазақстанды да жатқызуға әбден болады. Тәуелсіздігінің 17 жылында тап келген жаһандық күйзелістен шығудың аса тиімді жолын қалыптастырған Қазақстанның дағдарысқа қарсы саясаты Орталық Азия өңірі мен ТМД елдерінің ішінде ең тиімді жол болып саналғанын да әлем халықтары бірауыздан мойындайды. Бұл бағытта ең алдымен Америка мен Еуропада күрт белең алғанындай жұмыссыздық деңгейін азайту Үкіметтің күн тәртібінен түспеді. Президенттің тапсырмасы бойынша дағдарысқа «Жол картасы» бағдарламасы қабылданып, жұмыссыздық пен қымбатшылыққа тосқауыл болар тетік қосылды. Билік жұмыссыздар санын уақытша жұмыс орындарын құру арқылы шешіп, индустриялы жобаларды енгізу арқылы жаңа жұмыс орындарын шапшаңдатып ашуға бел буды. Қаржылық саясатты уыста ұстау үшін екінші деңгейлі банктерге көмек жасалды.

Қысқасы, 2008 жыл, Тәуелсіздігіміздің 17-ші жылы, бұрынғы жылдар сияқты, кезек күттірмейтін, қауырт шаруаларға толы өтті. Мемлекеттің ішкі дамуында дағдарысқа қарсы іс-шаралар дамылдамаса, жаһандық маңызы бар бірқатар халықаралық іс-шараларға ел тарапынан бастамалар көтерілді.

Міне, Қазақстанда 1900 жылдан бастап қазірге дейін тышқан жылында болған айтулы оқиғаларды тізбектеп шықтық. Қай жыл болмасын өзінше маңызды әрі сан қилы сипатқа ие. Бірақ халқымыз тышқан жылында болашаққа жоспарлар құрып, күйіп тұрған мәселелерді шешуге барынша тырысқанын байқауға болады. Биыл да мемлекетіміз үшін мазасыз мәселелер шешіліп, тың идеялар жүзеге асатын жыл болады деген сенім бар. 

Тышқан жылында кімнің жолы болады?

Биыл ісіне адал, айналасындағыларға шуақ шашып жүретіндердің жылы екенін айтып өттік. Ал астрологтардың болжамынша, тышқан жылы күнтізбедегі қайсы белгіні қолдайды және оларға қандай болу керек деп кеңес береді? Сонымен...

Тоқты өздеріне сеніп, іскер және мақсатты болуы керек. Ешбір жағдайда бас тартпауға тиіс. Қиын кезеңдердің соңы жақсылықпен аяқталып, соңы қызыққа толы болады. Күнделікті істердің циклінде отбасылық проблемаларды ұмытпау керек. Сынақтардың көбісі неке құру мен отбасылық мәселелерде туындайды. Сондықтан екінші жартыңызды құрметтеуге үйренген жөн.

Торпақ үшін бұл жыл сәттілікке толы. Олардың әрбір ісі сәтті аяқталады. Сүйіспеншілік қарым-қатынаста үйлесімділік те орнайды. Ең бастысы, бұл белгінің өкілдері өздері барлығын құртып алмаса болды. Өмірдің қызықтарына алаңсыз мәз болып, келеңсіздіктердің де орын алып тұратындығын естен шығармаған дұрыс деп болжайды.

Егіздер күтпеген бұрылыстардан қорықпауы керек және кез-келген өзгерістерді қабылдауы керек. Олар пайдалы болады және өмірді жаңа деңгейге көтереді. Сіз қыңырлықты уақытша «өшіріп», ақылды адамдардың кеңесіне құлақ асуыңыз керек. Белгінің кейбір өкілдері өздерінің құмарлықтарын тексергісі келеді. Екінші жартысына қайшылық болмас үшін, мұны жасамағаныңыз жөн. Энергияны конструктивті арнаға бағыттаңыз.

Шаяндар жұмыстағы проблемаларға алдын-ала дайындалуы керек. Табысқа жетудің кілті біреу – шыдамдылық пен табандылық. Отбасылық өмірде екінші бал айы болады. Ең бастысы – қаңқу сөздерге сенбеу және ескі реніштерді еске түсірмеу қажет.

Арыстан өздерінің менмендіктерін емес, сүйікті адамдарын бірінші орынға қою керек. Әйтпесе, жыл өте қиын болады. Мүмкін мансаптық өсу болуы мүмкін, бірақ бұл үшін эмоцияны бақылап, басшылыққа қайшы келмеу керек.

Бикештер өздеріне сеніп, кез-келген жағдайда сабырлы болулары керек. «Ақ темір тышқан» көптеген тосынсыйлар ұсынады, бірақ бәрі бірдей жағымды болмайды. Мүмкін отбасын құрып, бақытты жанұяға айналуыңыз да мүмкін.

Таразы терең дем ала алады, мансаптық және қаржылық жетістіктерден ләззат алады. Жыл тосынсыйларға толы болады, бірақ өзіңіздің денсаулығыңыз туралы ұмытпау керек. Экстремалды спорт түрлерінен аулақ болыңыз – жарақат алу ықтималдығы жоғары.

Сарышаяндарды ауыр сынақтар күтеді. Сондықтан әрбір әрекетті мұқият өлшеу керек. Соған қарамастан, барлық идеялар оңай жүзеге асады. Жақындарыңызбен қарым-қатынас бақыт, қуаныш және жарқын әсермен толтырылады.

Мергендер рухани өсуге, өзін-өзі көрсетуге жол ашады, өмірге деген көзқарасты қайта қарастырады. Осының арқасында тағдыр күрт өзгереді, мансаптық өсу, отбасын құру және толықтыру мүмкін болады.

Тауешкілер кәсіптік және қаржылық салада сәттілікке ие. Бірақ жеке өміріңізге абай болыңыз. Өз ұстанымдарыңыз бен көзқарастарыңызға сүйене отырып, ең бастысы - жақын адамыңызды жоғалтып алмаңыз.

Суқұйғыштар өзін-өзі бақылауы керек. Өйткені, ақ темір тышқан жылы сіздің жүйке жүйеңіздің мықтылығын сынайтын жыл болмақ. Әсіресе, маңызды кездесулер, келіссөздер, әріптестермен жанжалдар, кешке дейін ауыр жұмыс сізді қажытып жіберуі мүмкін. Бірақ жылдың аяғына қарай маңызды серпіліс, сонымен қатар романтикалық қатынастар сізді ерекше шабыттандырады. Сондықтан өмірдің әр сәті мен келеңсіздіктерден де ләззат алуға тырысыңыз.

Балықтар өзіңіздің түйсігіңіз бен жүрек қалауыңызды тыңдауыңыз керек. Биылғы жыл көптеген мүмкіндіктер береді. Оларды кез-келген жағдайда жіберіп алмау керек. Болмашы күмәндардан ада болып, алға ұмтылатын кез жетті.

Тышқан жылын қалай қарсы алу керек? 

Әдеттегідей, жаңа жыл мерекесіне дайындықты тазалықтан бастаған жөн. Тышқандар барлық шаң-тозаңды сыртқы тұрқына жинаса да, қажетсіз заттарды жақтырмайды. Сондықтан гардеробтағы кейбір киімдерді тастап немесе мұқтаж жандарға таратыңыз. Келер жылдан көп үміт күтетіндер тазалықты терезеден бастап жуған жөн деп кеңес айтады. Олардың түсінігінше, үйге бақ пен береке терезе арқылы кіреді. 

Сонымен бірге, 2020 жыл сәттіліктерге толы болсын десеңіз, оны тышқандардың «заңдылығымен» қарсы алған дұрыс көрінеді:

1. Тышқандар жайлылықта өмір сүргенді ұнатады. Сондықтан жаңа жыл кешін отбасыңызбен қарсы алғаныңыз жөн. Алайда бұл белгі жабырқауды және бір сарынды тіршілікті жақтырмайды. Оған у-шуға толы көңілді отырыстар ерекше әсер етеді. Сол үшін шаңырағыңызға бұл күні қонақтарды көп шақырған жөн. 

2. Өзіңізді шектемеңіз. Үйдің іші-сыртын сәндеп қоюға мән беріңіз. Қиялыңызға ерік беріп, жаңа тың туындылар жасауға тырысыңыз.

3. Жайылған дастарханның үйлесімділігіне де аса сақтықпен қараңыз. Биыл ақ түске басымдық берілгендіктен, дастарханның ашық түстес болғаны жөн. Бұл жаңа жыл кешінің керемет өтуіне ерекше әсер етеді екен.

Нұрбай Шәкім
Бөлісу: