19 жастағы Элина Исмайлова «Тальго» пойызында жолсерік болып жұмыс істейді. Анасының ізін жалғап, теміржолға келген ол үшін бұл жұмыс – тек табыс табу емес, тәжірибе жинап, болашақ армандарына қадам басудың жолы.
Осы ретте El.kz интернет порталының тілшісі жас маманды әңгімеге тартып, білім алуы, жұмыс тәжірибесі, күнделікті міндеттері мен армандары туралы сұрап білді.
Элина 9-сыныпты бітіргеннен кейін Қазақстан халықаралық лингвистикалық колледжінде (KILC) аудармашы мамандығы бойынша білім алады, онда ағылшын және түрік тілдерін меңгереді. Колледжді тәмамдаған соң, ол Ыстамбұлдағы университетке түседі, бірақ денсаулығына байланысты Қазақстанға оралуға мәжбүр болады.
Қазір Элина Астанадағы Туран университетінде бизнес-менеджмент мамандығы бойынша білімін жоғарылатып, сырттай оқып жатыр.
Бұл салаға келуіме анам себеп болды. Ол 2003 жылдан бастап теміржол саласында еңбек етіп келеді. Ол да мансабын жолсерік ретінде бастаған, ал қазір пойыз бастығы қызметін атқарады, – дейді жолсерік қыз.
Элина бала кезінен анасымен бірге пойызбен сапарға шығып, бұл салаға деген қызығушылығы ерте қалыптасқан.
Кішкентай кезімнен анаммен бірге пойызға жиі отыратынмын, бұл маған ерекше қызық болатын. Ыстамбұлдан елге оралған соң анам маған осы жұмысты ұсынды. «Арманың үшін қаражат жинап, әскери тәртіпке ұқсас ұйымнан тәжірибе аласың» деді. Содан бері КТЖ-да жолсерік болып еңбек етіп келемін, – дейді ол.
Алғашқында бірден үйренісе алмағанын айтады.
Жұмыс күнім сәл тосын болды, бірақ жолаушылар жылы қабылдап, қолдау көрсетті. Көпшілігі жылы лебіз білдіріп, мақтау айтты. Сол сәттен бастап бұл жұмысты ұната бастадым, – деді.
Элинаның жұмыс күні пойыз техникалық станциясында басталады. Онда жолсеріктер нұсқаушылардан нұсқаулық алып, жиналыста қауіпсіздік ережелерімен және жаңалықтармен танысады.
Содан кейін кейін жоспарлық жиналысқа қатысамыз. Вагонды қабылдап, төсек-жабдықтарды санаймыз, ішін тазалап, жолаушыларды қабылдауға әзірлейміз. Содан соң форма киіп, жолаушыларды қарсы алып, ережелерді түсіндіреміз. Кезекші жолсерік жолаушылардың жайлы әрі қауіпсіз сапар шегуін қамтамасыз етеді. Ал демалушы жолсерік вагонды ауысымдағы әріптесіне тапсырып, демалысқа шығады, – деді.
Элина үшін жұмыстың ең қиын тұсы – ұзақ жолдың шаршататындығы. Алайда оның ашық мінезі жолаушылармен тез тіл табысуға көмектеседі. Ол жолаушылармен әңгімелесуге тырысады. Олардың оң пікірлері мен қолдауын ұнататындығын және өзі үшін бұл маңызды екенін айтады. Элина кейде жолаушылармен қоштасуға да өкінетінін айтады.
Жұмыстың қиындықтарына қарамастан, Элина оң көзқарасты сақтайды. Ол ауысым арасында ұйқыны қалпына келтіріп, күш жинап, жұмысын жалғастыратынын жеткізді.
Кейіпкеріміз пойызда болған ерекше оқиғасын да бөлісті. Айтуынша, оқиға Қостанай станциясында болған. 45 минуттық аялдамада дүкенге барған Элина балалардың ойын автоматына қызығып тұрғанын көреді. Оны көрген көрші вагонның жолаушысы ойыншық ұтып алып, Элинаға сыйлайды. Бұл оған күтпеген қуаныш сыйлаған.
Әрине, ең қиыны – ұзақ жолдан қатты шаршайсың. Бірақ мен өзім көпшілмін, жолаушылармен тез тіл табысамын. Кейде олармен қоштасу да қиындап кетеді. Бірде Қостанай станциясында қызық жағдай болды. Дүкен жанында балалар ойын автоматының қасында ойыншық алуға тырысып жатқан. Мен қарап тұрғанмын, ал көрші вагонның жолаушысы ұтып алып, маған сыйлады. Бұл күтпеген, ерекше әсер қалдырған сәттердің бірі еді, – деп еске алды.
Айтуынша, олардың жұмыс кестесі ауысыммен болғандықтан, ұйқының бұзылуы, әртүрлі климатқа бейімделу сияқты қиындықтар кездеседі. Соған қарамастан, уақытты тиімді пайдаланып, демалып алуға тырысатынын жеткізді.
Бір сапарда кішкентай қыз вагон ішінде менен бір елі ажырамай, көрпелерді жинауға көмектесіп жүрді. Әке-шешесі кешірім сұрағанымен, маған ол қуаныш сыйлады. Бұл жұмыс маған адамдармен қарым-қатынас жасауды, сабырлы болуды үйретті. Әр жолаушыға дұрыс көзқарас таныту – жолсеріктің басты міндеті, – дейді.
Ол бұл жұмысты уақытша тәжірибе ретінде қарастырады. Оның басты арманы – жеке кәсіп ашып, отбасын құру. Ол Шымкент қаласын өте жақсы көреді, ондағы жылы климат пен мейірімді адамдарды ерекше атап өтті.
Шымкент ыстық болса да, әдемі әрі қонақжай қала. Болашақта өз кәсібімді ашуды, армандарымды жүзеге асыруды жоспарлап отырмын. Әрине, отбасын құрып, бақытты өмір сүру – бала кезден бергі арманым, – дейді.
Элина – мақсатшыл, ашық және еңбекқор қыз. Жолсерік болып жұмыс істеу оған өмірлік тәжірибе мен қаржылық мүмкіндіктер береді. Оның әңгімесі өзі сияқты жастарға армандарына жету үшін еңбектенудің маңыздылығын көрсетеді.