ҚХА ұйымдастырған жалпықазақстандық диктантқа 180 мың адам қатысты

10 Қыркүйек 2019, 15:44 2916

Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен елімізде латын графикасы негізінде қазақ тілінде «2019 jyl – Jastar jyly» тақырыбында жалпықазақстандық ашық диктант өтті.


Елордада Ұлттық академиялық кітапханада ұйымдастырылған ашық диктантқа еліміздің барлық өңірлеріндегі кітапханалар мен жоғарғы оқу орындары синхронды түрде үн қосты. Бір мезетте республика бойынша барлығы 180 000 адам диктант жазды. Мемлекеттік тілдің этносаралық коммуникация құралы ретінде маңыздылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған шараға ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚХА мүшелері, Ассамблея құрылымы, мемлекеттік органдар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ҚХА жастар қанаты, мемлекеттік және қоғам қайраткерлері қатысты.


Әлбетте, түбі түркі әлемімен тамырлас Қазақ елі үшін латын әліпбиіне көшу уақыттан туған қажеттілік, сондай-ақ, бастысы, бұл әлемдік өркениетке интеграциялануға бағытталған мемлекеттік маңызды стратегия.

Жалпықазақстандық ашық диктант жазуға қатысушыларға сәттілік тілеген Жансейіт Түймебаев Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ел болашағын латын әліпбиімен байланыстыруы - ұлт үшін жасалған маңызды қадам болды деді.

«Мемлекеттік тілде жалпықазақстандық ашық диктант жазу – Қазақстан халқы Ассамблеясының төл жобасы. Оның мақсаты – қоғамымызда халықты ұйыстырушы фактор – мемлекеттік тілді білуге қызығушылықты арттырып, қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру, қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайту» - дей келе, Жансейіт Қансейітұлы кириллицадан латын алфавитіне көшу – кенеттен қабылданған шешім еместігін және оның еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бері дүркін-дүркін көтеріліп келе жатқан мәселе екендігін атап өтті.


Егер қазақ әліпбиінің тарихына үңілер болсақ, латынша жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып келген. Ал 1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданады. Осылайша, қазақ әліпбиі нақты саяси себептерге байланысты өзгеріске ұшырап, тілдік қолданысқа кириллица енеді.


Шынын айту керек, жаһанданған жастар латын әліпбиінде еркін жаза алады. Себебі, қазір күнделікті тұрмыста латын таңбасының пайдалануы кең тараған, өйткені технология латын қарпінде сөйлейді. Мұны келесі болып сөз алған ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, ҚХА депутаттар фракциясының мүшесі Геннадий Шиповских те өз сөзінде растап өтті.


«Кез-келген ұлы дүниелер асығыс жасалмайды. Сондықтан да Елбасы латын әліпбиіне кезең-кезеңмен көшу сатысын белгілеп берген болатын. Латын тілі - инновацияның тілі. Оның біздің тұрмысымызда бұрыннан бар екенін мойындауымыз керек. Мәселен, күнделікті қолданатын электрондық поштамыз, немесе көлігіміздің мемлекеттік нөмірі латын қарпінде таңбаланған. Қазақ тарихын қарап отырсаңыз, бұрынғы мемлекет, әдебиет қайраткерлері латын қарпінде жазған. Сондықтан, біз қазір латын әліпбиіне көшпейміз, керісінше, қайтып ораламыз дегенді айтқым келеді. Оған қоса бұл мемлекеттік тілдің дамуына үлкен дем береді деп сенемін», - дейді бұл туралы өз ойын мемлекеттік тілде жеткізген халық қалаулысы Геннадий Геннадиевич.

«2019 jyl – Jastar jyly» тақырыбындағы диктант мәтінін филология ғылымдарының кандидаты, елге белгілі жазушы, аудармашы Камал Әлпейісова оқыды.


«Мәтінді құрастырған кезде оған қосарланған сөздердің, кірме сөздердің, екі әріптің бірдей қайталануындағы дыбысталуы мен жазылу тәртібінің қатыстырылуын қадағаладым. Мәселен, Ассамблея деген сөзде кириллицада «с» әрпі қатар келсе, латын графикасында «Asambleıa» болып, бір ғана «s» әрпі жазылады. Қатысушылардың арасында өзге ұлт өкілдері бар екенін ескеріп, жазуға берілетін уақытты шектемедік. Қосымша мәтінді де мейлінше баяу, ұғынықты етіп оқуға тырыстым. Жалпы диктант мәтінінде 160 сөз бар», - дейді мәтін авторы Камал Әбілқасымқызы.

Жалпықазақстандық ашық диктант туралы алдын ала ақпараттандыру жұмыстары аймақтарда, ҚХА-ның өңірлік филиалдары арқылы жүргізілген. Оған әлеуметтік желі, ғаламтор, бұқаралық ақпарат құралдарынан құлақтанған барлық еріктілердің де қатысу мүмкіндігі болды. Мәселен, елордалық зейнеткер Зиба Әбілғазина латын әліпбиін меңгеруге дағдылануға немерелері үшін келгенін айтады.


«Ашық диктант өтетінін естіген сәтте оған қатысу туралы шешім қабылдадым. Қиын болмады деп айта алмаймын, алайда мен жас кезімде ағылшын тілінде оқығанмын. Сондықтан, әріптердің таңбалануы таңсық болмады. Өзім бұрынғы ұстазбын, қазір зейнет демалысындамын. Алайда, біз жас болмасақ та, елде болып жатқан мұндай жаңалықтардан тыс қалмауымыз керек. Себебі, мен өзімнің білгенімді немерелеріме үйретіп, түсіндіріп отырамын. Оның үстіне, елдің болашағы, ұрпағымыздың ертеңі латын әліпбиімен байланысты екенін біз жақсы түсінеміз», - дейді қайтадан партаға отырып, диктант жазудан сынақ тапсырған қарт ұстаз.   


Саналы ғұмырын ұрпақ біліміне арнаған қарт ұстаздың сөзінің жаны бар. Себебі, 2022 жылдан бастап, бастауыш мектеп бағдарламасына латын әліпбиі енгізілетін болады. Сондай-ақ, әліпбиді енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар өз нәтижесін берген жағдайда, мектептерде латын әрпін үйрету мерзімінен бұрын басталуы да әбден мүмкін. Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, 2025 жылға дейін барлық іс-қағаздар, оқулықтар, мерзімді баспасөз латын әліпбиінде шығарылуы тиіс.


Ашық диктант жазушылардың қатарында болашағын Қазақ елімен байланыстырған түрлі ұлттар мен этностардың жастар өкілдері де көп болды. Солардың бірі татар қызы Ильнара Шарипова қазақ тілін мектеп жасынан бастап құрбыларымен бірге оқып-үйренгенін айтады. Сондықтан да оған латын қарпіне негізделген мемлекеттік тілде диктант жазу еш қиындық тудырмапты.


«Қазақ тілін еркін меңгерген жандар үшін бұл сынақ оңай болды деп ойлаймын. Латын әліпбиінде ұйымдастырылған мұндай ашық диктантқа алғаш рет қатысуым. Біз жастар мемлекеттік тілге жан-жақты қолдау көрсетуіміз керек. Сондықтан бүгін диктант жазуға қатысу арқылы өз замандастарыма, достарыма үлгі көрсеткім келді», - дейді «Таң» татар-башқұрт мәдени орталығының жастар қанатының көшбасшысы Ильнара Шарипова.   


Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысының басты бағыттарының бірі – барлық этностар өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруіне қолдау көрсету болып табылады. Айта кеткен жөн, 2015 жылдан бері ҚХА қолдауымен жүргізіліп келе жатқан «Мың бала» мәдени-ағарту жобасы аясында 50 мыңға жуық түрлі этнос өкілдерінің балалары мемлекеттік тіл үйрену курстарына қатысқан болатын.


Қазақстан халқы Ассамблеясы «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының төрағасы Максим Споткай осы ретте ашық диктант жазу шарасын дәстүрлі ұйымдастыру Ассамблеяның мемлекеттік тіл деңгейін арттыруға қосатын қомақты үлесі болады дейді.

«Біз қазақ ұлтына қарыздар ұрпақтың ұл-қыздарымыз. Ата-бабамыздың ұрпақ сабақтастығын сақтап қалғаны үшін қазақ халқына білдірер алғысымызды - оның тілі мен ұлттық құндылықтарына құрмет көрсету арқылы білдіруге тиіспіз. Қазақстандық барлық ұлттар мен этностар біртұтас ұлтқа айналуы керек. Бізді біріктіретін негізгі күш бірлік қана емес, Президент атап өткендей, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын мемлекеттік тілді білуіміз. Латын әліпбиіне көшу жәй ғана әріптердің таңбалануын ауыстыру ғана емес, бұл тілбұзар орыс тілі емлесінің ықпалынан құтылу», - деді мемлекеттік тілге құрмет таныту үшін барлық қазақстандық жастарды ұлтаралық бір тілде сөйлеуге үндеген Максим Споткай.


Диктант жазу жарты сағат уақытқа созылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жұмысы қатесіз деп танылған қатысушы Ассамблея атынан марапатталуға ұсынылатын болады.


Сарапшылардың нақты дерегіне сүйенсек, бүгінде әлем бойынша кириллицаны қолданатын 11 мемлекет қана қалған. Ал латын әліпбиін қолданушы елдердің саны 120-дан асады. Әлем елдерінің 80 пайызы латын әліпбиін меңгерген. Сондықтан Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан тілдік реформа – ғылым мен техниканың, интернет пен IT-технологиялардың тіліне икемделген қажеттілік десе де болады. Сондай-ақ, латын әліпбиін қолдану Қазақ елінің түбі бір түркі әлеміне интеграциялануының жүгін жеңілдетіп, күрмеуін шешетіні де анық.


Нұргүл Қалиева

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Нұргүл Қалиева
Бөлісу: