18 қазанда Қазақстанда рухани келісім күні аталып өтеді

17 Қазан 2019, 15:12 2547

Түркістан қаласындағы «Парасат» саябағында 18 қазан – Рухани келісім күніне орай мерекелік іс-шара өтті. Түркістан төрінде бой көтерген алты қанатты киіз үйде облыстағы алты діни конфессия басшылары жиналды. 


Киіз үйдің уықтарын қадауға конфессия өкілдері де атсалысқанын айта кеткен жөн. Кездесуді облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов ашып, жүргізіп отырды. Ол діни конфессия жетекшілерімен танысып, дін саласы бойынша пікір алмасты. Ел бірлігі мен дінаралық қарым-қатынастарды нығайту мәселелерін талқылады.

«Қазақ халқы әрдайым бейбітшілікті, татулықты жоғары бағалаған. Өзгелерден көмегін аямаған. Адалдықты, мейірімді жоғары қойған. Осы игі қасиет қазір де ұлтымыздың бойынан өшкен жоқ. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында бейбітшілік пен достықты нығайтудың жарасымды үлгісі қаланды. Қазақстанда әлемдік діндер көшбасшылары съездерінің тұрақты өтуі соның айғағы.


Түркістан облысында да түрлі конфессия өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Кезінде Орта Азияның діни әрі рухани орталығы болған Түркістан қаласы елді бірлікке шақыратын миссиясын жалғастыра береді», – деді С.Қалқаманов.

Кездесу барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Түркістан облысы бойынша өкіл имамы Ақтамберді Мұсабек, «Шымкент епархиясының Түркістан қаласындағы Свято-Никольский приходы» жергілікті діни бірлестігінің жетекшісі Виталий Смольянов және басқа да дін өкілдері сөз сөйледі.


Арнайы киіз үйде қазақтың ұлттық тағамдары мен салт-дәстүрі насихатталып қана қоймай, өңірдегі этнос өкілдерінің де дәмді тағамдары жұртшылыққа ұсынылды. Қабылдау соңында діни конфессия жетекшілеріне мерекеге орай алғыс хаттар мен сыйлықтар тапсырылды.


1992 жылғы 18 қазан күні Алматы қаласында Бүкіләлемдік Рухани келісім конгресінің 1-ші сессиясы өтті. Конгреске қатысушылар қазанның 18-ін рухани келісім күні – қақтығыстар мен жанжалдарға шектеу қою, татулыққа талпыну, жақын адамдарға қайырымдылық пен жәрдем жасау күні деп жариялауға шақырған манифест қабылдады.


Бөлісу: