16 жастағы жеткіншектер шыршаны жарып, теракт жасамақ болды

28 Желтоқсан 2023, 12:07 1038

Қырғызстанда 16 жастағы «Ислам мемлекеті – Вилаят Хорасан» лаңкестік ұйымының мүшелері теракт жасамақ болған, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Екі жеткіншек Жалал-Абад қаласында жаңа жылдық шыршаны жармақ болған. Олар «Ислам мемлекеті – Вилаят Хорасан» халықаралық лаңкестік ұйымының (Қазақстанда тыйым салынған «Ислам мемлекеті» лаңкестік-исламистік тобының бөлімшесі) мүшелері болып шықты.

Аталған 16 жастағы жасөспірімдер интернет арналары арқылы қабылданған. Шетелдік эмиссарлардың нұсқауымен олар Жалал-Абад қаласының орталық алаңындағы бас шыршаның жанына қолдан жасалған жарылғыш зат қоймақ болған. Бұған қоса, олар шіркеуге лаңкестік әрекет пен қарулы шабуыл жасауды жоспарлаған, - дейді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері.

Эмиссарлармен хат алмасу, іс-шаралар жоспары, қолдан жасалған жарылғыш құрылғыларды жасау бойынша нұсқаулық және топ жетекшісіне берген антының бейнежазбасы сияқты бұлтартпас айғақтар тәркіленді.

Құқық қорғау органдары лаңкестік бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: