1,6 қазақстандық банктегі берешегін өтей алмай жүр

26 Желтоқсан 2023, 12:10 1591

Елімізде 1,6 миллионнан астам адам 90 күн ішінде банктегі берешегін жаба алмай отыр. Бұл туралы Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Мәди Тәкиев айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжілісменнің сөзінше, бұл экономикалық белсенді халықтың төрттен бірін құрайды. Сондықтан бүгінгі таңда қолданыстағы заңнаманы одан әрі жетілдіру қажеттілігі туып отыр. Ол бойынша 7 бағыт ұсынылған.

Бірінші, қарыз алушы қарыздарының өсуіне жол бермеу. Проблемалық несиелері бар азаматтардың борыштық жүктемесінің артуына жол бермеу үшін несиені төлеу мерзімі 90 күннен асатын болса, кепілсіз тұтынушылық несиелер беруге тыйым салуды енгізу ұсынылады. Қарапайым сөзбен айтқанда, егер сіздің кредит бойынша төлемдеріңіз 90 күннен артық кешіктірілсе, онда сіз жаңа тұтынушылық несие ала алмайсыз. Алайда бұл тыйым жеке тұлғаның несиесін жақсарту шарттарында өтеу үшін банктік қарыз беру жағдайларына қолданылмайды, - деді Мәжіліс депутаты.

Мәди Тәкиевтің айтуынша, екіншіден, мерзімі 90 күннен асқан берешегі бар азаматтарға қарыздары бойынша сыйақы есептеуге тыйым салу ұсынылады. Өйткені мұндай азаматтардың қарыздарын өтей алмауы, қиын өмірлік жағдайға тап болғандығын білдіреді.

Үшіншіден, проблемалық несиелерді шешу рәсімдерін жүзеге асыру. Соңғы жылдары банктер мен микроқаржы ұйымдары өз баланстарын тазарту үшін жеке тұлғалардың проблемалық несиелерін үлкен жеңілдікпен коллекторлық агенттіктерге беру тәжірибесі қалыптасты. Сондықтан мерзімі өткен берешекті өтеу кезінде қарыз алушылардың құқықтарын қорғау үшін коллекторлық агенттіктерге жеке несиелерді сатуға шектеу енгізілуде. Шектеулер өсімпұлдар (айыппұлдар, өсімпұлдар), комиссиялар және басқа төлемдер жойылмаған, проблемалық берешекті шешу рәсімдері аяқталмаған және мерзімі өткен күннен бастап 24 ай өтпеген үй шаруашылықтары несиелеріне қолданылады, - деді ол.

Төртіншіден, маңызды бағыттардың бірі – тұтынушылық несиенің көлемін шектеу.

Тәкиев бүгінгі таңда банктер тұтынушылық несиелерді ірі сомаларға (ондаған миллион теңгеге дейін және одан да көп) және ұзақ мерзімге (10 жыл және одан да көп) береді, өйткені заң тұтынушылық несиелер бойынша берешектің шекті деңгейін белгілемейтініне тоқталды.

Нәтижесінде бүгінде банктер мен микроқаржы ұйымдарының мұндай несиелері бойынша қарыздың орташа деңгейі шамамен 1,5 миллион теңгені құрайды. Осыған байланысты тұтынушылық несие тұжырымдамасын енгізіп, алдағы уақытта нормативтік деңгейде оның шекті мәнін (банктер үшін – 5 млн теңге, микроқаржы ұйымдары үшін – 2) шектеу ұсынылады, - деді мәжілісмен.

Сонымен қатар ол енді банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін несие беру кезінде ай сайынғы несие төлемі қарыз алушының ресми кірісінің жартысынан аспауы керек деген талапты орындау міндетті болатынын атап өтті. Сөзінше, бұл шара кепілсіз тұтынушылық несиелерді беруді шектейді және несиелік міндеттемелермен «шамадан тыс жүктелген» қарыз алушыларға несие беруге мүмкіндік бермейді.

Миражан Махан
Бөлісу: